Кәсіпкерлер рейдерліктен қорғалады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4749

Мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлердің бизнесіне нұқсан келтіретін қателікке жол берсе және оны шығынға ұшыратса, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс. Кәсіпкер мәселені өз бетінше шешуге мәжбүр болмауы керек. 

Кәсіпкерлер рейдерліктен қорғалады

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің пікірінше, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргені үшін жауапкершілікке тартудың қылмыстық бабы іс жүзінде жұмыс істемейді. "Бизнеске ауқымды шығын келтіргені үшін мемлекеттік қызметкерлер жауапты болмайды. Статистика бойынша оларға қарсы қылмыстық,  әкімшілік ықпал ету шаралары өте сирек қолданылады", – деді Рустам  Жүрсінов.

Бизнес-омбудсменнің айтуынша, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргендер қылмыстық кодекстің 365-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс.   

"Жоғарыдағы баптың талабын орындау үшін субъектінің пайдакүнемдік мақсаты мен қоғамға қауіп төндіретінін дәлелдеу қажет. Ал бұл қиын шаруа.

Рейдерліктің нысаны мен нұсқасы үнемі өзгеріп отырады. Салдарынан заңмен жазалау мүмкін болмайды. 2016 жылы 365-бап бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Оның бесеуі сотқа жолданып, 3 адам сотталды. 2017 жылы 5 құқық бұзушылық бойынша іс қаралып, бір адам бас бостандығынан айрылды. 2018 жылы мұндай статистика тіркелген жоқ. Ал былтыр 3 құқық бұзушылыққа қатысты іс қаралып, біреуі сотқа жолданды. Нәтижесінде соңғы 3 жылда жоғарыдағы бап бойынша 1-ақ адам қылмыстық жауапқа тартылды, – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Рустам Жүрсінов былтыр Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді рейдерліктен және құқық қорғау мен бақылаушы органдардың заңсыз әрекетінен қорғауды күшейтуді тапсырғанын тілге тиек етіп, осы үшін бас прокуратура мемлекеттік органдармен бірлесіп, қылмыстық кодекс пен әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне заңнамалық түзету әзірлегенін айтты.

"Атап айтқанда, қылмыстық кодекстің 249-бабының қолдану аясын кеңейту үшін басқа біреудің бизнесін басып алудың кез келген заңсыз тәсілін рейдерлікке жатқызу ұсынылды. Қылмыстық кодекстің 365-бабы бойынша пайдакүнемдік мақсат түріндегі міндетті белгіні алып тастау, сондай-ақ лауазымды адамдардың заңсыз іс-әрекетін немесе әрекетсіздігін нақтылау бастамасы көтерілді. Бұған қоса кәсіпкерлерді қорғаудың қосымша кепілдігін құру үшін қылмыстық кодекстің 412-бабының 2-бөлігін жеке кәсіпкерлік субъектісіне ірі немесе аса ірі залал келтіру деген тармақпен толықтыру ұсынылды", – деді бизнес-омбудсмен.

Бұл мәселеге қатысты сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та пікір білдірді. Ол бизнеске заңсыз араласу әрекетіне жауапкершілікті күшейту мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді.

"Бизнестің қызметіне заңсыз араласуға, тексеру тәртібін бұзуға, кәсіпкерлікке қарсы рейдерлікке жол берілмейді. Президент атап өткендей, кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі келтіру мемлекетке қарсы өте ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек", – деді сенат төрағасы.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу