Кәсіпкерлерді қолдау үшін қандай шаралар қарастырылып жатыр

3035

Мемлекеттік комиссия кәсіпкерлерді қолдау бойынша шұғыл шаралар топтамасын мақұлдады. 

Кәсіпкерлерді қолдау үшін қандай  шаралар қарастырылып жатыр

Премьер-министр Асқар Мамин ҚР Президенті жанындағы Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізіп, жаңа экономикалық шынайылық жағдайында іскерлік белсенділікті ынталандыру мәселелері қаралды.

Отырыста Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндама жасады, деп primeminister.kz-ке сілтеме жасап inbusiness.kz  хабарлайды.

2020 жылдан бастап ұлттық экономикадағы қалпына келтіру серпінін қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді, кәсіпкерлік қызметті жандандыруды, цифрландыруды, АӨК әлеуетін ашуды, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық, көлік, әлеуметтік және сауда инфрақұрылымын дамытуды көздейтін дағдарысқа қарсы шаралардың бірнеше топтамасы қабылданды.

2020 жылы COVID-19 пандемиясының салдарынан экономиканың ең көп зардап шеккен секторларының бірі шағын және орта бизнес болды. Осыған байланысты, биыл "Атамекен" ҰКП 50 мыңнан астам кәсіпкерге қосымша қолдау шараларына қажеттілік тұрғысынан сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижелерінің негізінде 4 бағыт: бизнеске жүктемені азайту, қаржыландыруға, сұраныс нарықтарына және сапалы адам ресурстарына қолжетімділікті кеңейту бойынша 24 шарадан тұратын қосымша пакет әзірленді. Жаңа шаралар топтамасы  26 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес аясында  қаралды. 

Шаралар кешені экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ субъектілерінің ЭҚЖЖ тізбесін 2021 жылғы 1 маусымға дейін жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыру үшін 29-дан 174-ке дейін кеңейтуді, мемлекеттік мүлік объектілері және квазимемлекеттік сектор мүлкі бойынша жалдау төлемдерін есептеуден 2021 жылғы 1 шілдеге дейін ШОБ зардап шеккен субъектілерін босатуды ұзартуды, ағымдағы жылдың соңына дейін мүлік салығын төлеуден босатуды ұзартуды, жұмыс берушіден алған қорғау қаражаты түрінде кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің табыстарын ЖТС-дан босатуды, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бастамасы бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығына мораторийді 2021 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартуды, отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қолжетімділігін арттыруды, "Даму" КДҚ" АҚ кепілдік беру құралын Ұлттық Банктің жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасына таратуды қамтиды.

Қосымша шаралар пакеті озық қалпына келтіру серпінін және жаңа экономикалық шынайылық жағдайында іскерлік белсенділікті ынталандыратын экожүйені қалыптастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тікелей іс-қимыл шаралары ағымдағы жылы ЖІӨ-нің 3%-ға өсуіне қол жеткізуге ықпал ететін болады, 3,3 млн-нан аса адам жұмыс істейтін 1,2 млн-нан астам кәсіпкерлік субъектілерін қолдауды қамтамасыз етеді.

Премьер-Министр Парламент Мәжілісіне 25 наурызға дейін енгізу үшін Ұлттық экономика министрлігіне қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер топтамасын ағымдағы жылдың 12 наурызына дейін Үкіметке енгізуді тапсырды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу