"Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәнінің оң және осал тұстары

9696

Биыл ұлттық кәсіпкерлер палатасында "Өзгеріс" атты жаңа жоба жүзеге аспақ.  

"Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәнінің оң және осал тұстары

Atameken Business телеарнасының тікелей эфирінде мұғалімдер, сарапшылар және оқушылар бас қосып, Білім және ғылым министрлігі мен "Атамекен" ҰКП бірлесіп әзірлеген "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәнін оқытудың жай-күйін талқылады. 

"Бүгінгі күні кәсіпкерлікпен айналысу қиын емес. Мәселен тапсырысқа тәтті торт пісіріп, Instagram арқылы сататындар көп. Тауарды жеткізуде мәселе жоқ. Кәсіпкерлер жарнама жасау үшін әлеуметтік желілер мен басқа да ресурстарды қолданады. Сондай-ақ балалар қазір фрилансер болып та табыс тауып жүр. Бірі ағылшын тілін үйретумен айналысса, енді бірі математика пәнінен репетиторлық қызмет көрсетеді", – дейді Atameken Academy жоба менеджері Әлішер Өмірбаев.

"Атамекен" ҰКП "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" жобалық офисінің жетекшісі Нұғман Жұлдызбаевтың пікірінше, баланы кәсіпкерлікке мектеп жасынан бастап баулу қажет. Ол үшін мектеп бағдарламасына ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2019 жылы жоғары сынып оқушыларына арналған "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәні енгізілген.

"Пәннің негізгі мақсаты балалардың барлығын бизнесмен ету емес. Дегенмен оқушылардың кәсіпкер тәрізді ойлай білу қабілетін дамытып, өмірде қажет болатын маңызды дағдыларын жетілдіру керек. Бұл баланың үлкен өмірге дайындалуына және мамандық таңдауына септігін тигізеді. Кәсіпкерлік – адамның туа біткен қабілеті емес, сол себепті оны оқып-үйренген абзал. Бизнестің басты қағидаларына сүйене отырып, осы пән аясында кәсіпкерліктің негізгі мәселелерін оқытып жатырмыз", – деп айтып өтті ҰКП өкілі.

Түркістандық мұғалім Айнұр Медетбекова әдетте жоғары сынып оқушылары болашақ мамандығын таңдап қоятындықтан, барлық оқушы пәнге қызыға бермейтінін жеткізді. 

"Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруы үшін өте керек. Алайда бұл – міндетті емес, элективті пән. Әдетте жоғары сынып оқушысы болашақ мамандығын, өзінің баратын саласын таңдап қояды. Сондықтан, менің ойымша, бұл пәнді төменгі сыныптан бастап оқытқан жөн", – деген мұғалім сыныптағы оқушылардың тек жартысы кәсіпкерлікке қызығатынын айтты. 

Ал Қызылорда қаласында тұратын 11-сынып оқушысы Ақниет Мәулен ҰКП өкілдерінен кәсіпкерлік сабақтарын бұдан да қызықтырақ өткізіп, оқушыларды ынталандыратын жобаларды көбірек ұйымдастыруды сұрады.

Нұғман Жұлдызбаевтың айтуынша, жаңадан қарқын алып келе жатқан осы пәнді қызықты ете түсу үшін тегін лагерьлер мен олимпиадалар ұйымдастырылып жатыр.

"Сауалнама нәтижесіне қарасақ оқушылар мен мұғалімдер арасында бұл пәнге қызығушылық жоғары. Келесі жылы кәсіпкерлік және бизнес негіздерін оқытуға мың жарымнан астам мектептен ұсыныс келіп түсті. Зерттеулерге көз жүгіртсек, шетелдерде осы пән негізінде мектеп базасында шағын кәсіпорындар құрылып, өздерін қаржыландырып отыр. Америкада ірі корпорациялар оқушылар арасында сайыстар ұйымдастырып, арнайы жобаларын әзірлетеді. Біз де осындай іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алып жатырмыз. Пандемияға дейін сынақ ретінде Арыс қаласында тегін кәсіпкерлік лагерь ұйымдастырдық. Биыл да жоспарда болып еді, алайда қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл шара келесі жылға қалып отыр. Оқушылардың халықаралық олимпиадаларға қатысуы да оларды ынталандырады. Ал шәкірті олимпиадаға қатысқан ұстаздарға көптеген сыйлықтар береміз", – деді жобалық офистің жетекшісі.

"Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" жобалық офисінің әдіскері Болат Мырзақұловтың мәліметінше, биыл республикалық "Atameken Stars" стартаптар конкурсынан бөлек, "Өзгеріс" атты жаңа жоба жүзеге аспақ.

"Atameken Academy платформасының негізінде "Өзгеріс" деп аталатын жоба басталады. Алдымен бұл жобаға қатысатын 11-сынып оқушылары мен колледж студенттері онлайн курс өту арқылы біліктілігін арттырады. Содан кейін алған білімі негізінде бизнес жоспарын ұсынады. Ал біз сайтқа жүктеген жобалардың арасынан ең мықтысын таңдап алып, қолдау көрсетеміз. Тіпті, ең үздіктеріне инвестор іздеп, қаржылай көмек көрсетуді де мақсат тұтып отырмыз. Үздік жобалардың жүзеге асуына барынша атсалысуға тырысамыз", – деді Болат Мырзақұлов.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің сөзінше, кәсіпкерлік пен бизнес негіздерін оқытатын  пәнді мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орнына дейін енгізу қажет. Өйткені кәсіпкерлік жөнінде жеткілікті білім жинап, сауатын арттырған бала 18 жастан асқан кезде әр түрлі мемлекеттік гранттарға қатысуға мүмкіндік алады.

Нұржан Көшкін


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу