"Қасіретті Қаңтардан" кейін Қазақстанда не өзгерді?

2074

Дүйім жұртты дүр сілкіндіріп, қаралы күндерімен есте қалған Қаңтар оқиғаларына 2 жыл. 

"Қасіретті Қаңтардан" кейін Қазақстанда не өзгерді? Фото: www.washingtonpost.com

Қаңтар оқиғаларына не түрткі болды? Оған әділ құқықтық баға берілді ме? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайты шолу жасады.

2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзендегі шеруге сұйытылған газдың күрт қымбаттауы себеп болды. Көп ұзамай наразылық шаралары елдің өзге өңірлеріне де таралды. Биліктің бағалауына сәйкес, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан санкцияланбаған митингтерге қатысқандардың қарасы қалың болған. Сол жылы елдің бірқатар өңірінде 5-19 қаңтар аралығында төтенше жағдай режимі енгізілді. Қаңтар оқиғалары кезінде елімізде 238 адам қаза тапты. Тағы 5149 мың адам жарақат алды.

Қаңтар оқиғасынан кейін бірқатар шенділер істі болды. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталды. Мәсімов пен оның орынбасарларына "мемлекетке опасыздық жасады" және тағы да басқа баптар бойынша айып тағылды. Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға, Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің ісі әлі тергеліп жатыр. Ол Қаңтар кезінде лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

Президент Қаңтар оқиғасының себептерін атады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар түрткі болған.

"Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсы­нысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыс­тарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды. Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің "ерекше мәртебесіне" төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады", - деді ол "Egemen Qazaqstan" жалпыұлттық газетіне берген сұхбатында.

Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігенін көруге болады, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, сол аласапыран күндердегі ең басты міндет мемлекетті сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру болды.

Қаңтар оқиғаларына әділ құқықтық баға берілді ме?

"Сұрақ өте ауқымды мәселені қамтиды. Сондықтан бір ауыз сөзбен жауап беру мүмкін емес. Мұнда біз мына нәрсені ескеруіміз қажет. Осы кезге дейін Қаңтар оқиғаларына қатысты тергеу органдарымен жалпы 5300 қылмыстық іс тіркелген болса, күні бүгін соның тек қана 511-і ғана тергеумен аяқталды. Яғни істің шамамен он пайызы ғана сотқа жолданды деген сөз. Бұл бағытта тергеу әлі де жалғасатын болады. Қазіргі таңда жалпы әділ баға берілді ме, жоқ па деп айту ертерек. Салыстырмалы түрде айтайын, 2021 жылы 6 қаңтар күні АҚШ-та Капитолийге шабуыл жасау фактісі бойынша мыңның үстінде адам қамауға алынып, әлі күнге дейін сот процестері жалғасып жатыр. Яғни сол жағдайға "мемлекетке төңкеріске әрекет" деп баға берілді және ол ұзаққа созылуда.

Осыдан екі жыл бұрын ең алғашқы баспасөз конференциясында таяу арада бұл істің (ред. – Қаңтар оқиғасы) нүктесін қою мүмкін емес деп айтқан болатынмын. Өйткені өте ауқымды іс. Бір ғана Алматы қаласында мыңдаған адам митингке шықты, оның ішінде бейбіт шерушілердің арасында қаншама қылмыскер жасырынып кетті. Одан бөлек 2960 қару-жарақ қолды болды. Оның ішінде қауіпті қарулар да бар. Соның шамамен үштен екі бөлігі әлі табылған жоқ. Бұл сандарды айтқан себебім әлі алда қаншама тергеу жұмыстары күтіп отырғанын түсінуіміз керек", - деді Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Спикердің сөзінше, жекелеген қылмыстық істерді тергеу барысында азаматтарға қатысты әділетсіздік орын алды.

"Бұны ашық айтуымыз керек. Мәселен, Қазақстан бойынша 238 адам қаза тапты деп есептейтін болса, соның ішінде 6 адам азаптаудың салдарынан қаза тапты", - деді Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.

Абзал Құспаннан Қаңтар оқиғаларынан қандай сабақ алуымыз керек екенін сұрадық.

"Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы оқиға. Бұған қазақстандық сарапшылар ғана емес, жалпы шетелдік сарапшылар да "мемлекеттік төңкерістің сәтсіз әрекеті" деп баға берілген болатын. (...) Болашақта мұндай оқиғалардың қайталануын болдырмау үшін бұл мәселені талқылай беруіміз керек. Қаңтар оқиғасының негізгі шарықтау шегіне жеткен күндер 4-6 қаңтар аралығы болды. Ал енді жаппай сипат алуы 4 қаңтар еді. 2-3 қаңтар күндері тек Маңғыстау облысында ғана болса, 4 қаңтарда жаппай сипат алды. Бір-екі күннің ішінде Қазақстанның ірі ондаған қаласына жайылды. Яғни біз осының себебін зерттеп, анықтауымыз қажет", - деді депутат.

 - Қаңтар қасіретінен кейін елдің саяси жүйесі қалай өзгерді?

"2022 жылдың қаңтарынан алып қарайтын болсақ, өзгерістер жоқ емес бар. Оларға революциялық емес, эволюциялық тұрғыда болып жатыр деп баға берер едім. Бірден пікірімді айта кетейін. Көпшіліктің қалауындағыдай жылдам болып жатпаған шығар, бірақ қалай болғанда да осы бағытта талпыныстар көрініп жатыр. Мысал ретінде Конституциялық өзгерістерді айтсақ болады. Оған сәйкес президенттік өкілеттік мерзімнің 7 жыл болуы, Конституциялық Соттың құрылуы. Одан кейін заңсыз активтерді қайтару туралы заңды да айтуға болады. Мұндай заң Қазақстанның тарихында бұрын-соңды болмаған. 18 жасқа толмаған қазақстандықтардың Ұлттық қордан белгілі бір үлесін алып бастайтынын да мысалға келтіруге болады. Сонымен қатар еліміздің заң шығарушылық билігіне берілген көптеген мүмкіндік те бар. Соның ішінде бірмандаттық жүйемен сайлауға түсуге мүмкіндіктің берілуін айтар едім", - деді депутат Абзал Құспан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу