Каспий құбыр желісі мұнай тасымалдауда ең негізгі бағыттың бірі болып отыр

1661

Еуразиялық KAZENERGY форумындағы "Мүмкіндер энергетикасы: белгісіздіктен тұрақтылыққа дейін" пленарлық отырысында энергетикалық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. 

Каспий құбыр желісі мұнай тасымалдауда ең негізгі бағыттың бірі болып отыр Фото: 24.kz

Еліміздің шикі мұнайының 80%-дан астамы Каспий құбыр консорциумы бағыты арқылы тасымалданады. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ төрағасы Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев Қазақстанның өңірдегі энергетикалық көшбасшы мәртебесін нығайтуға ұмтылып жатқанын мәлімдеді.

"Қазақстан – мұнай мен газдың ірі өндірушілердің әрі экспорттаушыларының бірі. Халықаралық энергетикалық жүйенің ажырамас буыны бола отырып, сындарлы жаһандық және өңірлік энергетикалық ынтымақтастыққа жәрдемдесуге міндеттіміз. Еліміз қазіргі әлемнің маңызды саяси және экономикалық орталықтарының бірі бола отырып, өңірдегі энергетикалық көшбасшы мәртебесін нығайтуға ұмтылып жатыр. Бұл үшін Қазақстанда барлық мүмкіндік бар. Сондай-ақ, біз энергетиканы дамытудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілері арасындағы тепе-теңдіктің маңыздылығын түсінеміз", - деді ведомство басшысы.

Пленарлық отырыста геосаяси жағдайларға байланысты тасымалдау тізбегінің бұзылуы да сөз болды. "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Каспий құбыр консорциумы бағытының бүгінгі ахуалына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан бүгінгі таңда бұл бағыт бойынша балама мүмкіндіктерді зерттеп жатыр. 

"Бүгінгі таңда бізде бар үш бағыттың ішіндегі негізгісіне Каспий құбыр консорциумы жатады. Еліміздің шикі мұнайының 80%-дан астамы бұл бағыт арқылы тасымалданады. Біз Қытайдың батысына мұнай жеткізілетін қазақстандық-қытайлық бағыт бойынша CNPC компаниясымен ынтымақтастық орнаттық. Биыл Баку-Тбилиси-Джейхан жаңа бағытын іске қостық. Десек те, әзірге тасымалдау көлемі жылына небары 1,5 миллион тоннаны құрап отыр. Бұл шикі мұнайды Жерорта теңізіне жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Ол Қазақстанның Каспий құбыр консорциумы бағытын одан әрі қарай пайдалануын жалғастыратынын айтты. 

CNPC компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулян мұнай-газ саласында Қазақстан және Қытай арасында ынтымақтастық орнағанын атап өтті.

"CNPC Қазақстанда ынтымақтастықты жүргізіп келеді. Мұнай-газ өндіру, мұнай-газ құбырларын тартумен айналысады. Осында жұмыс жүргізіп келе жатқанымызға 26 жыл болды. Біз 5 млрд доллар құйған болатынбыз. Мұнай мен газды Қазақстанда өндіру CNPC жалпылама өндірген өнімінің 8,1 пайызын құрап отыр. Қазақстанмен ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімді тұрақты бағытта екенін айтқымыз келеді. Қазақстандық әріптестерімізбен бірге жаңартылатын энергия көздеріне байланысты да тығыз ынтымақтастықты жүргізіп отырмыз. Екіжақты қарым-қатынасымыз әрі қарай жалғаса береді деген сенімдеміз", - деді CNPC компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулян.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда баламалы экспорттық маршруттар мен көліктік логистикалық инфрақұрылым белсенді дамып жатқанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу