Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорғандағы "Бизнеске арналған үкімет" жобасымен танысты

3283

Президентке өңірлік кәсіпкерлер палатасының жұмысы таныстырылды.      

Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорғандағы "Бизнеске арналған үкімет" жобасымен танысты

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Президентке  облыстық кәсіпкерлер палатасы базасында құрылған "Бизнеске арналған Үкімет" жобасын таныстырды. Жобаның арқасында кәсіпкерлер бизнесті қолдау мен дамытудың барлық шараларын бір орталықтан - "бір терезе" қағидаты бойынша ала алады.

"Кәсіпкерлерге енді әртүрлі мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ, өйткені "Бизнеске арналған Үкіметте" барлық қажетті қызмет пен кеңес беріліп, бизнес-жобаларға қолдау көрсетіледі. Бастысы – бәрі айқын, ашық және қолжетімді. Палата, мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдарының өкілдері кең көлемді қызмет түрлерін ұсынады. Қызметтерді онлайн режимде де алуға болады", – деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Мемлекет басшысына өңірлік кәсіпкерлер палатасының атқарып жатқан басқа да жұмыстары таныстырылды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нарым Әбілшайықов палата бизнесмендер үшін тек көмек қана көрсетіп қоймай, іскери форумдар, В2В-кездесулер, арнайы көрме ұйымдастыратынын айтты.   

"Бастау" оқыту жобасы ауыл тұрғындары үшін таптырмас демеу болды. Қазіргі таңда оқу Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларында өткізілуде. Өткен жылы жобаға 3361 азамат қатысты. Жалпы құны 2,5 млрд теңгеге 955 жоба қаржыландырылды. Биыл кем дегенде 1500 адамды оқыту мен шамамен 900 бизнес-жобаны қаржыландыру жоспарланған.

Соңғы бес жылда кәсіпкерлер палатасына құқықтық қолдауға қатысты 2678 өтініш келіп түскен (2018 жылы 365 шағым тіркелген), 95 әкімшілік кедергі жойылған. Қолға алынған жұмыс барысында кәсіпкерлер 3,2 млрд теңге үнемдеген.

Тап осы уақыт ішінде палатаның аудандық және қалалық филиалдарында 102 600 кәсіпкер ақысыз сервистік қызмет пен кеңес алған. Жұмыссыз жүрген және кәсіпті жаңадан бастаған 7200 азамат кәсіпкерлік негіздерін оқып, 5 мыңнан астам адам өз бизнесін ашқан.

Еске сала кетейік, ҰКП "Бизнеске арналған Үкімет" жобасын еліміздің барлық өңірлерінде іске қосуды көздеп отыр. Бұл жоба арнайы бес аймақтан тұрады. Оларды бір терезе қағидасы бойынша алуға болады.

"Өткізу" аймағында бизнеске арналған маркетинг, бухгалтер қызметі, мемлекеттік сатып алу бойынша кеңес, CT KZ сертификатын беру, сондай-ақ,  "ҚазТрансГазАймақ" АҚ, "ТАТЭК" АҚ, "Жетісу Су құбыры" ШЖҚ МКК, "Талдықорған жылу сервис" ҚМКК тарапынан қызмет көрсетіледі.

"Қаржыландыру" аймағында "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ, "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қоры" АҚ, "Қазақстан Халық банкі" АҚ және "Жетісу" ӘКК ӨДИ" АҚ сияқты қаржы ұйымдары мен даму институттарының  қызметтері ұсынылған.

"Құқықтық сүйемелдеу" аймағында кәсіпкерлердің құқығын және заңды мүдделерін қорғау қызметі, дауларды сотқа дейін реттеу ұсынылады. Сонымен қатар әділет департаменті, мемлекеттік кірістер басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, жер қатынастары басқармасының өкілдері кәсіпкерлерге кеңес береді.

"Біліктілік" аймағында өңір тұрғындары мен кәсіпкерлікке ынтасы бар азаматтар қысқа мерзімді оқытуға, "Бизнес Мектеп" пен "Бастау Бизнес" жобалары аясында кәсіпкерлік негіздерінің курсына жазыла алады. Жұмыспен қамту орталығының да қызметі көрсетіледі.

"Цифрлық қызмет көрсету" аймағында кәсіпкерлер онлайн режимде  мемлекеттік қызметтер мен "Atameken Services" порталы арқылы қажетті бизнес-қызмет түрлерін қолдана алады.

Жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Атамекен" ҰКП мен кәсіпкер әйелдерді қолдау қорының бірлесе ұйымдастырып жатқан "ALTYN OIMAQ" қазақстандық киім дизайнерлерінің жобасы таныстырылды. Байқау мақсаты - отандық сән индустриясын дамыту және ұлттық мәдени дәстүрлерді сақтау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу