Қазақ әліпбиі: диграфтан – дәйекшіге

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8075

Қазақстан түркі тілдес халықтар арасында жетінші болып латын таңбалы жаңа әліпбиге көшпек.

Қазақ әліпбиі: диграфтан – дәйекшіге

Жуырда ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақ әліпбиінің латын таңбасындағы жаңа нұсқасы таныстырылды. Егер елбасы оны мақұлдаса, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиге көшудің іс-шаралар жоспары бекітілмек. Осы орайда, келер жылдан латын таңбалы әліпби бойынша арнайы мамандар даярлау жоспарлануда. Ал 2022 жылы мектеп табалдырығын аттайтын қазақ балалары латын таңбалы әліпбимен сауат ашпақ. Сондай-ақ жаңа әліпбиді енгізуге қолдау көрсету мақсатында жоғары оқу орындарында мемлекеттік тіл кафедарасын ашу көзделіп отыр. Қолданушыларға көмекші құрал ретінде арнайы сайт ашу да жоспарда тұр. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан тіл мамандары мәлімдеді. 

Жаңа әліпбиді әзірлеумен айналысқан Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтің сөзінше, қазақ әліпбиін латын таңбасына көшіру туралы елбасының атына 300-ге жуық хат келіп түскен. Жалпы 1,5 млн адам талқылауға қатысып, 20 мыңнан астам пікір айтылған.

"Пікірлерді үш топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – жалпы әліпбиге байланысты, екіншісі – жекелеген дыбыстарға байланысты, үшінші – әліпбиді енгізуге байланысты пікірлер", – деді Ербол Тілешов.

Орталық директорының айтуынша, латын таңбаларынан ұлттық әліпби шығарудың негізгі үш жолы бар. Біріншісі – диграф арқылы, екіншісі – апостроф (дәйекші) арқылы, үшіншісі – умлаут арқылы.


"Біз әуелде диграфты таңдаған болатынбыз. Бірақ сөз дағды мен көз дағдыға байланысты көп мәселе туындады. Сондықтан біз бұдан бас тарттық та, апострофты таңдадық. Бұл әліпби оқылымға да, қолдануға да әлдеқайда оңай. Оның үстіне апостроф көп халықтың тілінде кездеседі. Бірқатар ел диграфтан бас тартып, апострофқа ауысты", – деді Ербол Тілешов.

Оның сөзінше, ұсынылып отырған жаңа әліпбиде дәйекші арқылы таңбалаған 9 дыбыс бар. Жалпы таңбаның саны – 32.

Елбасының алдында жаңа әліпбиді таныстырған ғалымдардың бірі А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек латын әліпбиіне көшуді бір таңбаны екінші таңбаға ауыстыру деп түсінбеген абзал дейді.

"Қайта бұл қадамды қазақ жазуына іргелі, күрделі, жан-жақты реформа жасау деп ұғыну керек. Кез келген мемлекет белгілі бір уақытта өз жазуын пысықтап, жетілдіріп отырады. Қазіргі кезде көпшілік бұл бастаманы кирилл таңбасын латынға көшіру деп қана түсініп жүр. Бұл дұрыс емес. Біздің мақсат – өз тіліміздегі төл дыбыстардың басын ашып алу. Қазір кез келген адамнан "Қазақ тілінде қанша дыбыс бар?" деп сұрасаңыз, "42 дыбыс" деп жауап береді. Әлбетте, олай емес. Шындығында қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Біз осы 28 дыбысқа латын әліпбиінің таңбаларын қабылдауымыз керек. Мақсат – осы", – деді Әлімхан Жүнісбек.

Ғалымның айтуынша, әліпби қазақ тілінің үндесім әуезін, буын құрамын бұзбауға тиіс. Тасымалға, сөйлеу ырғағына зияны тимеуі керек.

"Ешбір тілде басы бүтін, кемшіліксіз әліпби жоқ. Кез келген әліпбидің арнайы түсініктемен, ережемен жетілдіріп отыратын тұстары болады. Оның үстіне әліпбидің оңайы болмайды", – деп толықтырды сөзін Әлімхан Жүнісбек.

Әліпби ауысқан соң, интернет контенттің жайы не болмақ? Бұл сұраққа брифингке қатысқан ғалымдар жауап бере алмады. Тек ІТ мамандары бұл бағытта жұмыс жасап жатқанын тілге тиек етті. "Жаңа әліпбиді енгізу қанша қаржыны талап етеді?" деген сұрақ та жауапсыз қалды. Есесіне, олар латын таңбалы әліпбиді әзірлеуге бюджеттен бір тиын да қарастырылмағанын жеткізді.

"Әу баста дауысты дыбыстарды дәйекшілермен, ал дауыссыз дыбыстарды диграфпен беру ұсынылған еді. Алайда бұлай жасайтын болсақ, әліпбидің жүйелілігі бұзылар еді. Сондықтан біз басқа жолды таңдадық. Жазу реформасын қолға алғандағы мақсат – орыс тілінен енген кірме таңбаларды қазақша таратып жазу. Яғни, әдістеме, оқулық арқылы "я", "ю" секілді дыбыстарды тарату. Сонда қазақ тілінің буын құрамы, үндесім әуезі бұзылмайды", – деді Әлімхан Жүнісбек.

Қазақстан түркі тілдес халықтар ішінде жетінші болып латын таңбалы жаңа әліпбиге көшпек. Бұған дейін мұндай әліпбиді Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттері, сондай-ақ Молдаваның құрамындағы Ғағауыз автономиялық округі және Кипрдегі этникалық түріктер енгізген болатын.

"Бізге дейін латын таңбасына көшкен елдердің әліпбиі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Өзбекстан мен Әзербайжанның ортақ әліпби жасау қадамы да нәтижесіз аяқталды. Себебі әр тілдің өз ерекшелігі бар. Сондықтан өзге елдің әліпбиіне телміре берудің қажеті жоқ", – деп түйіндеді брифингті тіл мамандары.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу