Қазақ елі енді ұлы империяның мұрагері атануға күш салады

2868

"Жошы Ұлысының ғылыми-зерттеу институты" қазақтың тегі мен генеалогиясын терең зерттеумен айналыспақ. 

Қазақ елі енді ұлы империяның мұрагері атануға күш салады

Білім және ғылым министрлігі жаңа квазимемлекеттік сектор кәсіпорнын құру жоспарын жариялады. Осы орайда "Жошы Ұлысының ғылыми-зерттеу институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы" Үкімет қаулысының жобасы жарияланды. Құжат 17 маусымға дейін қоғамдық талқылауда болады, деп жазады Inbusiness.kz.

Жаңа институт Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті жанынан құрылады. ҒЗИ-ге қанша қаражат бөлінетіні беймәлім: тек ол №217 "Ғылымды дамыту" бюджеттік бағдарламасында көзделген қаражат шегінде қаржыландырылады. Бұл бағдарлама аясында 2020 жылы 43,2 млрд теңге бөлінген. Биыл ол сома 48,5 миллиардқа, ал келесі 2022 жылы 68,8 миллиард теңгеге дейін арттырылмақ. Бұл қаржының қаншасы жаңа институтқа бағытталатыны жария етілмеді.

Аталған институтты құру жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 2020 жылғы 18 тамызда (№20-32-30.172) тапсырма беріпті.

Содан кейін ел Үкіметі "Жошы Ұлысын зерттеу ғылым институты" ЖШС-ын құру туралы ұсыныс әзірледі. Осы мәртебесіне байланысты 2021 жылғы қаңтар айында жоба кәсіпкерлердің талқылауына шығарылды. Себебі, егер мемлекет қатысуымен заңды тұлға құрылса, бұл биліктің бизнеске араласуы болып саналады және оған Үкімет "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының оң қорытындысын алуы шарт.

Бертінде БҒМ бұл институтты "жауапкершілігі шектеулі серіктестік" түрінде емес, "шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК" мәртебесінде құру туралы өзгеше шешім қабылдады. Әйтпесе, ЖШС мәртебесі оған өз бетінше жаңа құрылымдар ашуына мүмкіндік беретін еді. 

Бір қызығы, бұл институт тарихпен шектелмей, заманауи Қазақстанды зерттеумен айналысуы да ықтимал.

"Жошы Ұлысының ғылыми-зерттеу институты Алтын Орда мұрасын зерттеу бағытында мамандырылады. Институт орта ғасырлық кезеңдегі және жаңа замандағы Қазақстанның (Жошы Ұлысы – Қазақ хандығы) саяси, этномәдени, әлеуметтік және әскери тарихының басты проблемаларына кешенді зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Оның қызметі бүкіл Қазақстан аумағын қамтиды. Құрылтайшысы – Қазақстан Үкіметі", – деп хабарлады ұлттық палата.

Жаңа республикалық кәсіпорын қызметтің бірнеше түрімен айналыспақ. Атап айтқанда, біріншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласында зерттеулер мен эксперименттік әзірлемелермен шұғылданады деп жоспарланды. Екіншіден, осы және басқа да ғылыми бағыттарда пәнаралық зерттеулер жүргізеді деп күтілуде.

Үшіншіден, тарихи орындар мен нысандарға, туристік көрнекті орындарға қатысты қызметті жүзеге асырады деп ұсынылған. Төртіншіден, тарихи және мәдени ескерткіштерді, тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарихи орындарды қорғау, олардың жұмысын жүргізу бағдарын да осы институт қамтуы ықтимал.

Бесіншіден және ең маңыздысы, жаңа ҒЗИ қазақ генеалогиясын зерттеу қызметімен айналыспақ.

"Егер "Жошы Ұлысы институты" ұлтымыздың үрім-тұтағын түгендеумен айналысса, өте ауқымды, тарихи маңызды істі еңсермек. Мысалы, үзілген "бұтақтарды" тіркеу арқылы ХХ ғасырдың зұлматтарынан, ашаршылықтан, кеңестік саяси репрессиялардан нақты қанша қазақ қаза тапқанын анықтауға болар еді. Бүгінге дейін әр ру, әр аталас төл "генеалогиялық ағашын" өз бетінше түзуге тырысып жүр. Соған қарамастан, ең құрығанда жеті атасын білмейтін қазақстандықтар көбейіп барады. Дегенмен, институт жеті ата мәселесіне мойын бұрады дегенге сене қоймаймын. Бұл жалпыұлттық ғылыми зерттеу деңгейіне шықпай, сол бұрынғыдай азаматтардың өз бастамасы деңгейінде қалатын шығар. Әйтпесе, осы істің бәрі бір жүйеге келтірілсе, Жаңа Зеландиядағыдай әрбір қазақтың қайдан шыққаны, генеалогиясы бір порталда тұрса, әрбір адам үйленер алдында соған бір қарап қояр еді. Қалыңдық жақын ағайынның қызы болып шығып, масқара болмас еді", – дейді тарихшы Бағдат Телғозиев.

Оның байламынша, бұл институт мемлекеттілікті нығайту үшін керек.

"Көрші Ресейдің саясаткерлері мен ақпарат құралдары: "Ұлы дала бос жатқан, қазақтар оңтүстікте, Қырғызстан жақта отырған" деген сияқты сандырақты сан қайталап, соны шындыққа айналдыруға, ресейліктердің құлағына күн сайын құюға тырысуда. Ресей тіпті осыған арнап, көркем фильм және сериал ("Тобол") түсіріп, Қытайдың сұрауымен Ұлы даладан жоңғарларды орыс әскері ығыстырғандай етіп көрсетті. Қарап тұрсаңыз, бұл енді солтүстік алпауыттың идеологиясы. Біз оған қарсы тұруымыз керек", – деді ол. Қалайша?

"Қазақтың үндістер сияқты басы бірікпей, бір-бірімен шайқасқан ұсақ тайпалар немесе ұшарын жел білген қаңбақтай кезіп жүрген қаңғыбастар еместігін, Ұлы империяның тікелей мұрагері екенін, Қазақ  хандығы секілді қаншама ұлт пен ұлыстың басын қосқан ірі мемлекеті болғанын ғылыми дәлелдеп, халықаралық деңгейде насихаттауға тиіспіз. Империя тек империяны сыйлайды. Егер пиары жақсы жүрсе, миллион рет қайталанып, әр жерден айтылса, Ресей жұртшылығы Жошы мен Алтын орданың тікелей мұрагері – Қазақстан екенін мойындауға барады. Әзірге олар бұл идеямызға тек күле қарап, әжуалауда. Оны түзетуге болады. Ендеше Жошы Ұлысы институтын құру – қазақ халқының империялық мұраға қол жеткізуіне бастайтын жол. Тек жаңа институттың осы ірі істі қаншалықты абыроймен атқара алатыны белгісіз. Бастаманың жарияланғанына жақында бір жыл болады, қоғам ол институтқа кімдер кіретінін де білмейді", – дейді тарихшы.

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Жошы Ұлысының мұрасын зерттейтін тұтас институттың қажеттілігіне тоқталды.

"Алтын Орда – біздің мемлекеттілігіміздің бесігі десек, артық айтқандық болмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, 2019–2020 жылдары Алтын орданың 750 жылдығы аталып өтті. Біз бүкіл әлемге өзімізді ұлы империяның мұрагері ретінде көрсеттік. Осы арқылы тарихи әділдікті қалпына келтіру ісінің негізі қаланды. Бұл ретте Президент айтқан маңызды тоқтам естен шықпауы керек: "Тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуға тиіс". Тарихты аңыздармен араластыру, төл ұлылығыңмен паңдану, өткенді романтизмге бөлеу – тұйыққа тірейтін, пайдасыз жол. Оның орнына біз тарихымызды конъюнктураға тәуелсіз мұқият зерттеуіміз, тарихи ақтаңдақтарды жабуымыз, тағдыршешті оқиғаларды жан-жақты деконструкциялауымыз қажет", – дейді Д.Абаев.

Оның байламынша, осы мақсатта Қ.Тоқаевтың бастамасымен "Жошы Ұлысының ғылыми-зерттеу институты" құрылып отыр. Институт ұлы империяның іргетасын қалаған 1269 жылғы Талас құрылтайынан бастап, отаршылдықпен күрескен Кенесарының қаза табуына дейінгі тарихи кезеңдерді өзара байланыстырып, бір-бірінен бөлінбестей етіп, біртұтас тарихымызды түзуі керек.

Жанат Ардақ     


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу