Қазақ кәсіпкерлерінің ұсақтығы экономика министрлігін таңғалдырды

3408

Ел экономикасының қарқынды өспеуінің себептері белгілі болды. 

Қазақ кәсіпкерлерінің ұсақтығы экономика министрлігін таңғалдырды

Тұнжыратар төрт тұжырым

Республикада бизнестің өркен жайып жатқаны Үкіметтің көп жылғы мақтанышы болатын. Статистика сүйсіндіреді. Шағын және орта кәсіпкерліктің (ШОК) ЖІӨ-дегі үлесі 31,7%-ға жеткен. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылғы қазанда ШОК субъектілерінің саны 1 млн 666 мың 730-ға жетті. Бұл былтырғыдан 103,4%-ға көп. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер саны – 1 020 860, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 412 841, шаруа-фермер қожалықтары – 230 358.

Осылайша, ШОК жалпы санында жеке кәсіпкерлердің үлесі – 63%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 21%, шаруа, фермер қожалықтары – 15,8%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 0,2%.

Алайда Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысымен салаға мұқият талдау жүргізген сарапшылар көңілге қаяу түсіретін сырды ашты.

Біріншіден, қарасы тым басым жеке кәсіпкерлік пен шаруа-фермерлік шаруашылықтар қызметі айқын емес, онда көлеңкелі экономика басым. Мысалы, біраз фермер өзінде істейтін жұмысшылармен келісімшартқа отырмайды, тиісінше, әлеуметтік аударымдары мен зейнетақы жарналарын аудармайды.

2015 жылдан біртіндеп қысқарғанына қарамастан, көлеңкелі экономиканың ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 23,7% деп бағаланады. Көлеңкелі сектордың төрттен үш бөлігі – саудада (34%), көлік пен қоймалауда (16%), ауылшаруашылығында (9%), құрылыс, қызмет түрлерінде (7%-дан) шоғырланған. Дәл осы салаларда шағын, ұсақ кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер көп құрылған (75%-ға дейін барады).

Екіншіден, оларға құйылған инвестицияның қайтарымы аздау. Экономика ведомствосы анықтағандай, шағын кәсіпорындарға салынған инвестициялардың 1 теңгесі 3,5 теңге жалпы қосылған құн әкеледі, ал орта кәсіпорындарға салынған 1 теңге инвестиция 6,9 теңге, яғни 2 есе артық ЖҚҚ береді. Бұл ретте, шағын кәсіпорындарда аталған көрсеткіш 5 жыл ішінде тек 20%-ға, орташа кәсіпорындарда – 130%-дан астамға артқан.

Үшіншіден, шағын және орта бизнестегі орта кәсіпорын-компаниялардың үлесі 2019 жылғы 1%-дан 0,2%-ға дейін құлдыраған.

Көп жылдан бері сөз қылғанымен билік микробизнестің ресми есебін жүргізбейді. Ал бұл өте маңызды. Өйткені экономикаға негіз болады деп үміт артылған кәсіпкерлер тым ұсақ болып шықса, оның қауқары ел түгіл, өз отбасын асырауға әзер жетуі ықтимал.  

Осы орайда экономика ведомствосының сарапшылары ұсақ бизнесті есептеуге талаптанды.

"Ресми статистика ШОК бойынша деректерді дұрыс көрсетпейді, себебі ол субъектілердің есебін тек олардың қызметкерлерінің орташа жылдық саны бойынша ғана жүргізеді және олардың орташа жылдық айналымы критерийлерін ескермейді. Микрокәсіпорындар бойынша жеке статистикалық есеп мүлдем жүргізілмейді. Сондықтан екі өлшемшартты да – жұмыскерлерінің орташа жылдық санын және орташа жылдық айналымын ескеріле отырып, ШОК кәсіпорындары санаттарға топтастырылды. Нәтижесінде Қазақстанда шағын және орта бизнес кәсіпорындарының мынадай құрылымы айқындалды: микробизнес – 76%, шағын бизнес – 19%, орта бизнес – 5%", – делінген министрліктің талдауында.

Сарапшылардың байламынша, "ел экономикасының әртараптандырылуына және елдің экономикалық орнықты өсіміне тек орта бизнес қана ықпал етеді". Ал оның үлесі әлгіндей, ауыз толтырып айтуға тұрмайтын мардымсыз көлемде.

Осыдан көңіл жабырқататын төртінші тұжырым шығады.

"Тұтастай алғанда, талдау нәтижесінде келесі қорытынды жасалды. Елде жалпы сандық көрсеткіштерінің қарқынды өскеніне қарамастан, ШОК-та сапалы өзгерістер байқалмайды! Соның салдарынан шағын және орта бизнестің сан жағынан өсуі экономиканы әртараптандыруға, экспорттық әлеуетті іске асыруға және елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсуінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге тым шектеулі дәрежеде ғана әсер етеді", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Кәсіпкерлер қос мегаполисті айналшықтайды

Мемлекет үшін 20 микро не шағын кәсіпорыннан гөрі 1 орта кәсіпкер құнды екен. Себебі 1 орта кәсіпорын орта есеппен 146 адамды жұмыспен қамтиды, бұл көрсеткіші 20%-ға артты. Ал 1 шағын кәсіпорын бүгінде – 5,5 адамды ғана жұмысқа ала алады, жұмыспен қамту 19%-ға қысқарған.

Жалпы алғанда, республикада шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында 3 408 985 адам жұмыс істейді.

Министрліктің пайымдауынша, ұсақ және шағын бизнес нысандары құрған жұмыс орындары негізінен сапалы жұмыс орындары болып есептелмейді. Себебі шағын кәсіпорындардағы орташа айлық жалақы 141 379 теңгені құраған, ал Қазақстан бойынша 2021 жылғы ІІ тоқсандағы орташа айлық номиналды жалақы 251 508 теңгеден асты. Рас, орта және ірі кәсіпорындардағы орташа айлық жалақы да бұдан төмен – 207 317 теңге.

Тағы бір проблема анықталды: ауылға тіпті микробизнес те барғысы келмейді. Бизнестің барлық түрі көбіне ірі қалаларда шоғырланған. Халық саны аз ауылдар мен шағын қалалардың ШОК-ты дамыту әлеуеті тым шектеулі күйде қалды. Ал моноқалалардағы ШОК-тың әлеуеті қала құрушы кәсіпорындардың жай-күйі мен даму әлеуетіне тікелей байланысты болып келеді. Моноқалада ірі компаниялар саны неғұрлым көп болса, онда ШОК кәсіпорындары соғұрлым көп болады. Бір ірі кәсіпорын айналасында 60-қа жуық шағын кәсіпорын ашылады.

Қорыта айтқанда барлық санаттағы ШОК ең көп шоғырланған жер – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары болып отыр. ШОК-та жұмыс істейтіндердің үштен бір бөлігі де қос мегаполиске тиесілі.

ШОК өндірген жалпы өнім көлемінің де ең көп үлесін республикалық маңыздағы осы екі қала еншіледі. Шағын және орта бизнес өнімінің 26%-ы Алматыда, 20%-ы Нұр-Сұлтанда шығарылады. Бұл екеуінің экономикасындағы ШОК үлесі аса жоғары: Нұр-Сұлтанда – 55%, Алматыда – 45%. Ал республика көлемінде бұл көрсеткіш ұзақ жылдан бері 30 пайыздан көп аса алмай жүргені (31,7%) мәлім.

Жалпы еліміздегі ірі қалаларда микрокәсіпорындардың – 86%-ы, шағын кәсіпорындардың – 85%-ы және орта кәсіпорындардың – 90%-ы орналасқан. Олардың тиісінше 47%-ы, 40%-ы және 54%-ы мегаполистер еншісінде. Моноқалаларда барлық санаттағы ШОК кәсіпорындарының тек 5%-ы орын тепкен.

Қалай болғанда, Үкіметке кәсіпкерлік саласында сан қуаламай, сапаға мән беретін кез жеткендей. Әйтпесе, орта бизнес дамымаған соң Қазақстанның мұнайға және ірі кәсіпорындарға тәуелділігі сақталып, экономикалық дағдарыстар шетсіз-шексіз жалғаса бермек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу