Оған "Дружба" құбырының жабылуы тікелей әсер етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
BILD басылымы Германия билігі Ормуз бұғазының бұғатталуы жағдайында мұнай, бензин және авиациялық керосин қорын бақылауға алғанын жазады. Осы мақсатта Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жанынан Экономика министрлігінің мемлекеттік хатшысы Франк Ветцель жетекшілік ететін дағдарыс штабы құрылған. Қазір елде авиаотын қорының көлемі де талқыланып жатыр.
Германияда жыл сайын 4,5 млн тонна керосин өндіріледі. Бұған қоса ел сырттан 6,1 млн тонна импорттайды, ал 1,4 млн тоннасын экспортқа шығарады. Сондай-ақ, ақпан айының соңына қарай өнеркәсіптік қоймаларда 300 мың тонна керосин сақталған. Мұнай қорын сақтау одағы басқаратын мемлекеттік резерв көлемі шамамен 1,1 млн тонна деп бағаланады. Жалпы есепте бұл 10,6 млн тоннаны құрайды. Ал елдің жылдық тұтынуы 9,2 млн тонна болғандықтан, қағаз жүзінде шамамен 1,4 млн тонналық қор бар.
Десе де, басты қауіп 1 мамырдан бастап Қазақстан мұнайының "Дружба" құбыры арқылы жеткізілуі тоқтауы мүмкін деген ақпараттан туындайды. Бұл ең алдымен Берлин мен Бранденбург жерін, сондай-ақ Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытын қамтиды. Аталған кәсіпорында мұнай өңделіп, оның бір бөлігі Берлин әуежайына арналған керосинге айналдырылады.
– Құбырдың жабылуы қазіргі энергетикалық дағдарысты одан әрі ушықтырады. Жауапты тұлғалар бұл сценарийді алдын ала қарастырып, Шведтке мұнайды басқа көздерден жеткізу жоспарын әзірлеп қойған шығар деп күтуге болады, – деді ifo институтының президенті, профессор Клеменс Фюст BILD-ке берген пікірінде.
Бұған дейін "Немістер қазақ мұнайын сатып ала алмайтын болды" деген тақырыпта мақала жариялаған едік.