Қазақ тілі "И" әрпінен айырылып қалды

7337

Жаңа әліпби: "AIAQ KIIM" парадоксы қалай шешілгені белгілі болды.

Қазақ тілі "И" әрпінен айырылып қалды Фото: liter.kz

Естеріңізде болса, биылғы 9 қарашада ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша кеңес өткізіп, қазақ тілінің латын графикасындағы жазуының түпкі нұсқасын мақұлдады. Содан бері үш аптадай уақыт өтті. Осы салаға жауапты орган – Мәдениет және спорт министрлігі тым-тырыс жатыр.

Сонда халықтың талқылауына тағы бір салу қайда? Қ.Тоқаев Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне жаңа әліпбиді халыққа жан-жақты түсіндіруге бағытталған кешенді ақпараттық жұмыс жүргізуді тапсырған еді. Осы үш министрліктің бірде-бірі бұл тапсырманы орындамай отыр. Яғни, алфавиттің түпкілікті бекітілгелі тұрған нұсқасы жарияланбады.

Кейбір дерек бойынша алдыңғы қателікті қайталамау үшін бұл жолы Үкімет жалғыз әліпбиді емес, оны қазақ тілінің жаңа емлесімен қатар жариялауды жоспарлап отыр. Емле болса, пысықталуда. Онда мысалы, ми деген "мый", сияны "сиа" деп жазу ұсынылатын көрінеді.

Әліпбиінде Й жоқ тіл – кемшін тіл

Бұл іске ай-ти мамандары да тартылды. Өйткені әліпби ауыстыру қиындығымен алғаш болып ұшырасатын да солар. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігі жаңа әліпбидің UNICODE-қа сәйкестігін, ал Қаржылық реттеу агенттігі оның банк жүйесінде қолданысқа ыңғайлылығын тексеріпті.

Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент-мүшесі Ғалия Сапарғалиева шенеуніктердің жобаны ел назарына ұсынбай, іркіп отырғанына наразы.

"Шыны керек, қазақша жаңа алфавитке көшу мәселесі қарапайым халықпен мүлдем талқыланып жатқан жоқ. Президентке қандай ақырғы вариантты ұсынғанынан да бейхабармыз. Шешім қабылданып та қойылған болар. Бірақ осы тұрғыда бірқатар пікірімді білдіре кеткім келеді. Мысалы, "й" әрпі үшін жеке таңба қалдырмағаны дұрыс болмады. "И" мен "Й"-ді қалайша бір таңбамен беруге болады? "Й" дауыссыз, ал "И" дауысты ғой. Таңба жетпей жатса, кейбір елдердегі сияқты "j"-ді "й" ретінде алуға болады. Көптеген тілде, мысалы, неміс, итальян тілдерінде солай: Johanson – Йохансон. Ал "ж" әрпін zh қосарлама әрпімен беруге мүмкіндік бар. Солай үйреншікті түрде жазып та жүрміз", – дейді зерттеуші.

Ол қазақ мұсылман болғалы, қазақ тілінің араб тілімен байланысы ежелден қуатты екенін еске салды.

"Біздің ата-бабамыз да бертінге дейін арабша жазды. Араб тілінде "й" – жеке дауысты дыбыс. Оның "йа", "йу", "йы" деген мақамдары бар. Қазақшада да солай. Мысалы, қайырлы – qajyrly, Айым – Аjym, аялау – ajalau, аю – aju, кейін – kejin. Қалай болғанда, "й" бәрібір жеке таңбамен берілуге тиісті. Өйткені ол дауыссыз дыбыс ретінде дауысты дыбыстармен қосылып, көптеген қазақы мақамдар мен дыбыстарды қалыптастырады", – деген сенімде сарапшы.

Ол қазақтың жаңа алфавитінен "ю", "я" әріптерінің алып тасталғанын қолдайды. Демек, шағындалған әліпбиде "й"-ге орын табуға болады.

"Барлық байыпты, салмақты тілдердің әліпбиінде "й" таңбасы бар, олай болса, қазақ тілінде де осындай жеке әріп болуы керек. Мысалы, кейін (keiin) сөзін алайық, егер оны маңдайшаларда, жарнамада және басқасында бас әріптермен жазса, KEIIN болып шығады. Мен әрине, лингвист емеспін, бірақ ана тілімнің болашағына бей-жай қарай алмаймын. Осыны ілгерілетіп отырған ғалымдар қазақ тілінің қадірін кетіріп, тілді күрделендіруді қалайтын сияқты. Сонда орыстілді қазақстандықтар, жас ұрпақ үшін мемлекеттік тіл қолжетімсіз, түсініксіз, үйренуге күрделі болып кетеді, сөйтіп, тіл түбінде жойылмасына кім кепіл. Немесе латыншаға көшу идеясына саботаж жасап жатыр. Қаптаған тіл маманы отырып, бұған қалай жол бергеніне таңмын!" – дейді Ғалия Сапарғалиева.

И, Я, Ю және басқасынан бас тарттық!

Осы мәселеге түсініктеме берген Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба "й" таңбасы жаңа әліпбиде болатынына сендірді. Оның орнына "и" жойылмақ.

"Сарапшылардың байламынша, кириллицаға негізделген қазақ жазуында "и" әрпі кезінде орыс тілінен енген сөздерді белгілеу үшін ғана енгізілген. Мысалы, Ирина. Ал қазақ тілінде "и" деген дауысты дыбыс жоқ. Яғни, ол дифтонг түрінде болып келеді және ы+й/і+й деген дауысты және дауыссыз әріптердің үндестігін білдіреді. Айталық, ине деп жазылады, ійне болып оқылады. Сондай-ақ: жиын – жыйын. Оған қарағанда, "й" әрпі – қазақ тіліне тән және ол дауысты дыбыстан кейін тұрады: ай, құйын, көйлек және басқасы. Сонымен қатар, мамандар и/й әріптерін бір таңбамен бергеннен сөздердің айтылу нормасы бұзылмайтынын атап көрсетті", – деді Әділбек Күнесханұлы.

Ол үйреншікті zh дифтонгінен ғалымдардың бас тартқанын жеткізді: себебі, Мемлекет басшысы "бір дыбыс – бір таңба" деген қағидатты ұстануды тапсырыпты. Нәтижесінде, "ж" – j, ал, "ш" – ş болуы керек.

"Ж дыбысын zh деп берсек, қазақ әліпбиіне тән "бір дыбыс – бір әріп" ұстанымы бұзылады. Оның үстіне қазіргі жұрт латынның j таңбасын "й" деп емес, "ж" деп ұғынады, солай қолданып та жүр. Бұдан бөлек, халықаралық фонетикалық алфавитте те j символының дыбыстық мағынасы "ж" дыбысына сәйкес келеді деп белгіленген. Сондай-ақ жаңа, жетілдірілген әліпбиде енді "я", "ю" әріптері жоқ. Себебі, олар қазақ тіліне жат. Үкімет жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында бекітілген орфографияның жаңа ережелеріне сәйкес, "я" және "ю" әріптері йа, йу болып екі дыбыс ретінде жазылады. Ал егер я, ю-ге байланысты ий әріптері қатар келсе, оның тек біреуі ғана түсіріледі: jaria, taqia, qaria, qiy, jiu, tiu", – деді Тіл саясаты комитетінің басшысы.

2018 жылғы 19 ақпанда бекітілген бастапқы жаңа әліпби нұсқасы көптеген қайшылыққа алып келді. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 21 қазанындағы оның қолданысын тоқтатқан-тын. Мәселен, аяқ киім дүкендерінде "AIAQ KIIM" деген түсініксіз жазулар пайда болды.

Комитет төрағасы "і" (ı) және "й "(i) әріптерінің латынша бас әріппен таңбалануына қатысты бұл мәселе жаңа нұсқада басқаша шешілгенін жеткізді. Жетілдірілген жобада "Й" – İ болып таңбаланады деп шешіліпті. Нәтижесінде, KEİIN, KİIM болып жазылады.

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, ғалымдар W, X, C дыбыстарын әліпбиге кірме сөздерді пайдалану үшін қосымша дыбыстар ретінде алуды және пернетақтада орналастыруды дұрыс деп шешті.

Сонымен бірге, "ң" дыбысын оқуға, жазуға ыңғайлы "n" таңбасының үстіне тильда қойып, классикалық үлгіде пайдаланған жөн деген ұйғарымға келді.

"Ң дыбысы халықаралық фонетикалық әліпбиде бар Ŋ таңбасымен берілді. Мысалы: aŋşy, jaŋbyr, köleŋke. Фонетикалық негізі Ŋ таңбасы мұрын жолды, үнді дауыссыз дыбысты (ң) белгілейді. Ал әдістемелік негізі дегенге келсек, Ŋ пернетақтада қолды үзбей жазуға ыңғайлы, әрі жолүсті таңбаларын көбейтпейді. Бұған қоса, кириллица негізіндегі қазіргі қазақ әліпбиіндегі Ң графикасына ұқсас болғандықтан оған жұрт тез дағдыланады", – дейді "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова.

Айтпақшы, "бұл алфавит – менің нұсқам" деп оның авторы атанғысы, сөйтіп тарихта қалғысы келіп, әлден таласып жатқандар бар көрінеді.

"Біз үлкен тарихи кезеңде тұрмыз. Тіліміздің, ұлтымыздың тарихи кезеңінде тұрғаннан кейін бұл мәселеге осы елдің азаматы ретінде үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Кейбір БАҚ-та жекелеген әліпби құрған азаматтар: "Менің әліпбиімді қолдады, бекітеді" дегенді айтуда. Бұл – қате пікір! Бізге латын әліпбиіне көшуге байланысты қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт бөлінеді", – дейді мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.

Министрліктің тұжырымдауынша, латын негізді әліпбиге көшу үрдісі қорытынды кезеңге таяды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу