Ресейде қазақ тілі "шектелген селолық тіл" мәртебесіне дейін төмендетілді

10427

Бұл туралы Ресей Ғылым академиясының Тілтану институты хабарлады.

Ресейде қазақ тілі "шектелген селолық тіл" мәртебесіне дейін төмендетілді Фото: zhasalash.kz

Ресейлік саясаттанушы Маргарита Завадская ресейлік "Новая газетаға"сұхбатында мобилизациядан, қуғын-сүргіннен қашып, Қазақстанды паналаған немесе бизнесін құтқару үшін релокацияланған ресейліктердің қазақ тілін үйрену ниетінен жаппай айнығанын мәлім етті. Ал 2022 жылғы наурыздағы сауалнама кезінде олардың 60%-ы жергілікті тілді меңгеруге дайындығын айтқан екен. Енді неге одан бас тартты?

"Бұл жерде көп нәрсе қабылдаушы елге байланысты. Шынында, әу баста қоныс аударған ресейліктердің басым көпшілігі өздерін құшақ жая қабылдаған елге құрметі, ілтипаты, алғысы ретінде қазақша, армянша,грузинше үйренуге үлкен ынта танытты. Бірақ өмір шындығы өз өзгерістерін енгізеді ғой. Мысалы, кейбір елде жергілікті тілді меңгерудің қажеті жоқтығы анықталды. Себебі, Қазақстан мен Қырғызстанда орыс тілі – мемлекеттік тіл. Содан жергілікті тұрғындардың өздері релоканттарға кеңес берген: "Сендерге тілді үйренудің керегі не? Мұнда бәрібір барлық адам орысша сөйлейді. Дұрысы, ағылшыншаны меңгеріңдер" депті. Бұл – таза прагматика", - деді ресейлік сарапшы Маргарита Завадская.

Қазақстанда орыс тілі – мемлекеттік тіл емес. Бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі. 

Ел Конституциясының 7-бабында: "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп қана жазылған. Бірақ Қазақстанда орыс тілі үстемдік алуы үшін осының өзі жеткілікті болды. 

Солтүстік көршіде бұл заң табанды әрі тегеурінді бекітілген.

"Ресей федерациясының бүкіл территориясында орыс тілі – мемлекеттік тіл. Орыс тілі – Ресей федерациясының тең құқықты халықтарының көп ұлтты одағына кіретін мемлекет құраушы халықтың тілі", - деп нық жазылған РФ Конституциясының 68-ші бабында. 

Бұл құжат РФ құрамындағы ұлттық республикаларға орыс тіліне қосымша ретінде "төл мемлекеттік тілін тағайындау құқығын" береді. Алайда сарапшылар тәжірибеде бәрі басқаша екеніне назар аудартады:заңнамаға сәйкес, орыс тілінен басқа барлық тілді мектепте оқыту енді міндетті емес. Осылайша, кейінгі жылдары көршідегі халықтардың ассимиляциясы күшейді.

Әсіресе, бұл процесс былтырдан бері қарқынды жүргізіле бастады. Оның арты дау-жанжалға да ұласып тұрады. Мысалы, биыл ресейлік "Коммерсантъ" басылымы Татарстан астанасы Қазанда болған оқиғаны баяндады: онда педагог акт залына толы балалардан ресейлік Z-әнші Shaman-ның "Я русский" әні қойылғанда, "я – русский!" деген тұсқа келгенде, жұдырығы түйілген қолдарын жоғары серпе көтеруді талап еткен. Татар балалары бұдан бас тартыпты. 

Жанжалға тамыздық болған бұл оқиға "Большая перемена" мектеп фестивалінің репетициясында болғаны анықталды. Содан түсірілген бейнежазбада мұғалім қолдарын серпе көтеруге ынта-ықылас танытпаған балаларға: "Не, сендер орыс емессіңдер ме?" деп шүйлікті. Балалар бас шайқады. "Онда шетелге эмиграцияға кетіңдер!", - деді оларға педагог. 

Қазан қаласының білім басқармасы мұны түсінбестік болғандығымен, залда шетелдік азаматтығы бар 14 оқушы отырғанымен түсіндіруге тырысып, жуып-шайды. Озбыр педагог жазаланбапты, оған тек "бұдан былай балалармен әңгімеде сөзге абай болуға" нұсқау берілген. 

Осы аптада тағы бір дау-дамай бас көтерді. Татарстанның Татар-Информ ресми агенттігінің хабарлауынша, РФ Мемдумасының вице-спикері Петр Толстой бұдан былай ұлтына қарамастан, Ресейдің барлықхалықтарын "орыс" деп атау керектігін мәлімдеді. 

"Аварлар, шешендер, татарлар, башқұрттар – барлығы да орыстар. Бұл даусыз. Себебі, олардың бәрі де Ресейде тұрып жатыр! Кезінде Иван Грозный біз қазір "ресейліктер" деп сыпайылап, сызылып тұру үшін Қазанды тізе бүктірмеген шығар?!", - деген Мемдума төрағасыорынбасарының мәлімдемесін келтірді Tatar-inform агенттігі.

Мемдума депутаты Бийсултан Хамзаев бұл бастаманы қызу қолдады және РФ халқын "орыстар" деп ортақ атауды заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынды. Оның айтуынша, содан кейін Ресей аумағында өмір сүретін барлық халықтарға қатысты "ресейліктер" емес, "орыстар"деген термин қолданылатын болады. 

Айтпақшы, біздің Парламент депутаттарының "құлағына алтын сырға": егер көрші Ресей тиісті заң қабылдаса, Қазақстан да ұқсас заң қабылдап, барша қазақстандықтарды "қазақтар" деп атауға көшуіне болар еді.

Осы орайда солтүстік көршіден тосын жаңалық жетті. Бұдан былай Ресейде қазақ тілі "шектелген селолық тіл" (ограниченный сельский язык) мәртебесін иеленді.

Ресей Ғылым академиясының Тілтану институтының дерегінше, бүгінде Ресейде шамамен 155 тіл пайдаланылады. Алайда соның ішінде тек жартысындайы – 81 тіл ғана мектепте оқытылады. 

Бұл ретте ресейлік қазақтардың мәліметінше, Ресейде қазақ тіліндегі мектептердің барлығы жабылып қалған. 

РФ Ғылым академиясы Ресейде 15 тіл өлгенін ресми жариялады. Бұлар:

• Алеут тілі: соңғы өкілі 2021 жылы өлді. 

• Орта манси тілі (2018).

• Таз тілі (2010-шы жылдары тілдің бірнеше иелері болған, бүгінде бұл тілде сөйлейтін адам қалмады).

• Ороч тілі (2008);

• Бикин-нанай тілі (тіл иесі қалмаған);

• Керек (кэрэкит) тілі (1991 жылы соңғы 3 иесі қалған, 2005 жылдан бері олар да қалмады).

• Сиреник тілі (1997 жылы ол тілде сөйлеген соңғы әйел өмірден өтті);

• Инупиак тілі (инуит) (1990).

• Юг (Югский) тілі (1992).

• Камасин тілі (1989).

• Сахалин-айну тілі (1994).

• Сойот (саят) тілі (1970-ші жылдары жойылды).

• Оңтүстік манси тілі (1960).

• Хандэй тілі (ХХ ғасыр ортасында). 

• Курил-Айну тілі (ХХ ғасырда). 

Бізді қызықтыратыны, әрине, қазақ тілі болса керек. Алайда бұл "қара тізімінде" қазақ тілі жоқ. Бірақ бұл "шүкіршілік" етуге тіпті де себеп емес.

Бұрынғы жылдары Ресейде 1 миллионнан 1,5 миллионға дейін қазақ тұрады деп есептелетін. Алайда 2021 жылы жүргізілген Бүкілресейлік халық санағы қорытындысында небары 591 970 адамның ғана өз ұлтын "қазақ" деп көрсеткені белгілі болды. 

Осылайша, Ресей халқының ішіндегі қазақтардың үлесі бүгінде бар-жоғы 0,40%-ды ғана құрайды. Оның үстіне олардың көбі қазақ тілін қолдана бермейді. 

Ресей Ғылым академиясы РФ аумағында қолданылу аясын зерделей келе, қазақ тіліне "казахский, статус 3Б" деген мәртебе берді. Бұл нені білдіреді?

Ресей Тілтану институтының түсіндіруінше, РФ Ғылым академиясы (РҒА)әзірлеген "тілдің өміршеңдігі мәртебелеріне" (статусы языковой витальности) сәйкес, "3Б" дегені – "шектелген селолық тіл" дегенді білдіреді. 

"Бұл тіл енді селолық деңгеймен ғана шектелген. Бұл тілдің ұрпақтар арасында табысталуы негізінен селолық елді мекендерде тұратын қауымдар аумағында ғана сақталған. Қалалық жағдайда ұрпақтан ұрпаққа берілуі сирек. Тілдік инфрақұрылымы дамымаған, тілдің функционалы шектелген", - деп түсіндірді РФ Тілтану институты.

Бұл іргеде отырып, одақтасының аумағындағы тілін өрістете алмаған, соған ықпал ете алмаған дәрменсіз Қазақстанға шығарылған "үкім"болса керек. 

Бұлай бара берсе, қазақ тілі Ресейде "3А" (локализованные), одан әрі "2Б" (прерывающиеся) мәртебелерінің құрдымына құлауға шақ тұр. Ары қарай "өлген тіл" мәртебесі ғана қалады.

Ресейде, РҒА бекіткендей, "4Б" (благополучные) мәртебесіне лайық тек бір ғана тіл бар екен, ол – орыс тілі. 

"4А" (стабильные) статусына ие бір ғана тіл бар: ол – "орысша ым тілі". 

Басқа тілдердің бәрі түрлі деңгейде ареалы шектелген тілдерге жатады.Әр республика өз тілін сақтап қалу үшін мүмкіндігінше, күрес жүргізуде.Мысалы, таяуда Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров балалары шешен тілінде сөйлемейтін шенеуніктерді қызметінен қуатынын мәлімдеді. Өміршеңдігі, өмір сүруі үшін өз өкілдері күреспеген тіл өмірем қабады. Қазақ тілін қайда болса да аялап, сақтау, ұрпағына табыстау – әр қазақтың парызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу