Қазақ жастары Гранаткин турнирінің жартылай финалына өтті

2594

Жігіттер ширек финалда былтырғы чемпион Словенияны жеңді.

Қазақ жастары Гранаткин турнирінің жартылай финалына өтті

Қандай керемет ойын десеңізші, тура әлем біріншілігінің финалын көргендей болдық. Әттең, Қазақстанның негізгі ұлттық құрамасы да жастар сияқты ойнаса ғой дейсің.

16-17 жастағы қазақ балалары бүгін нағыз ерлік көрсетті! Словения командасы Гранаткин турнирінің былтырғы чемпионы болғанына қарамай, біздің жастар қорықпай, жақсы ойын көрсетті.

Айта кету керек, былтырғы турнирді дәл осы Словения құрамасы жеңіп алған болатын. Олар жартылай финалда Финляндияны 5:1 себімен ұтып, финалда Санкт-Петербордан 1:0 есебімен басым түскенін жақсы білеміз. Ал биыл олар ширек финалда қазақтардан өте алмай, жылап қалды.

Словения, дау жоқ, мықты команда екен. Ойынын қарап отырып, Барселона ма деп қаласың, тіпті жейделерінің түсі де ұқсайды. Шапшаңдық танытып, қазақтарды әбден састырды, бірақ біздің жігіттер жарады.

Ойын басталысымен қазақтар шабуылға шығып, 2-минутта-ақ есеп ашты. 21-нөмірлі футболшымыз Жақсылық Мұхит дриблинг жасап, оң жақтан әдемілеп теуіп еді, оған словениялық қақпашы секірген сәтте, біздің 22-нөмірлі шабуылшымыз Жанәлі Пайруз кедергі жасап, гол соғып кетті (1-0). Қазақстан алда!

Осыдан кейін Словения үсті-үстіне шабуылдап, бірнеше рет біздің айып алаңымызда қауіп төндірді. Біздің қақпашымыз Даниил Устименконы, сөз жоқ, осы ойынның қаһарманы деп айтуға толық негіз бар. Даниил қақпаға кіріп бара жатқан, тіпті бірнеше рет 100% гол болатын допты қайтарып, бәрімізді таң қалдырды.

Словениялықтардың 8 және 9-нөмірлі ойыншылары өте қауіпті шабуылдарымен көзге түсті. Гнензда Черин Адамның тепкен айып добы, абырой болғанда, қақпадан әуелеп кетті. Ал 9-нөмірлі Целар Жанның да қатты тепкен добы қорғаушыларымызға тиіп, голдан аман қалдық. Сонымен біздің жастар Гранаткин турнирінің чемпионы алдында қаймықпады, керісінше қауіпті қарымта шабуылдар жасады. Бірақ олардың да тепкен доптары қақпаға дарымай жатты. Словениялықтар допқа көбірек иелік етті. Есепті теңестіруге жанын салып ойнады. Әупірімдеп жүріп, біздің команда 1-таймда допқа тосқауыл бола білді.

Үзілістен кейін де Словения шабуылын бір сәтке де бәсеңдетпеді. Алайда сәттілік қазақтар жағында болды. Керек жерінде уақытты созып, бас бапкердің нұсқауын соңына дейін орындады. Қалай дегенмен қазақтар бұл бәсекеде үлгі боларлықтай ойын көрсетті. Ал қарымта шабуылдардың бірінде жігіттер керемет комбинация жасады.

10-нөмірлі ойыншымыз Кан Гаврил орталық алаңнан бастап бірнеше ойыншыны алдап өтіп, тыңнан ойынға қосылған 8-нөмірлі Сұлтанбек Астановқа керемет пас шығарып берді. Сұлтанбек қақпашымен бетпе-бет шыққанда, Словения қорғаушылары оны шалып жықты. Бас төреші Геннадий Аношин 11 метрлік айып добын белгіледі. Сөйтіп, жартылай қорғаушымыз Орал Айдос 61-минутта пенальтиді мүлтіксіз орындап, есепті 2:0-ге жеткізді.

Словениялықтар ашуға беріле бастады, олардың ойыны мүлде жүрмей қойды. Қазақ жігіттерінің оңай шағыла салатын жаңғақ емес екеніне көздері жеткен сыңайлы. Біздің жігіттер соңғы минутта артқа шегініп, қорғаныста жатып алатын Қазақстанның негізгі ұлттық құрамасы емес, бұл ұрпақтың ойын-тәсілі мүлде бөлек көрінеді. Сонымен жастар құрамасы атышулы Словенияны 2:0 есбімен тізе бүктіріп, жарыстан шығарып жіберді.

Міне, ойын деп осыны айт. Жарайсыңдар, жігіттер!

Енді жартылай финалда гректерді ұтсақ, арғы жағында финал да көрінеді. Ал гректер ширек финалда латыштардан басым түсті. Негізгі уақытта есеп ашылған жоқ. Ойын соңындағы пенальтиде гректердің мерейі үстем болды (8-7). Қазақстан-Грекия ойыны 18 қаңтарда өтеді. Екінші жартылай финалда 3-0 есебімен Болгарияны ұтқан Ресей құрамасы мен Санкт-Петербор командасы өзара финалисті анықтайды. Санкт-Петербор командасы ширек финалда Словакиямен 1-1 есебімен тең түсіп, ойын соңындағы пенальтиде жеңді (3:2).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу