"Қазақша грин-карта" төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарға қандай игіліктер береді?

2136

Ел Үкіметі жатжұрттарда тұратын және атажұртқа пайдасы тиюі мүмкін қазақтарды есепке алудың қызықты тетігін іске қоспақ. 

"Қазақша грин-карта" төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарға қандай игіліктер береді? Фото: inbusiness.kz

Бұл жоба алдымен былтыр ел назарына ұсынылды. "Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының" жобасында ол "Қазақ картасы" деп аталды. Бірақ бұған жоғарғы биліктегі бірқатар тұлғалар қарсы шығыпты. "Ұлтшылдықты қоздыруы мүмкін" деген ауанда пікір айтылған.

Енді бұл бастама "Ата жолы" деген жаңа атауға ие болды. Жаңа атауы Қазақстанда тыйым салынған осы аттас сектаны еске түсіретіні назарға алынбаса керек. Оның үстіне тәржімалаушы шатасып, "Ата жолы" картасын беру қағидалары жобасының қазақша аудармасында, аяқ жағында "Қазақтың картасы" деп жазып жіберіпті.

Қалай болғанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Тамара Дүйсенованың "Ата жолы" картасын беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Фото: inbusiness.kz 

Министрліктің түсіндіруінше, "Ата жолы" картасы – шетелдегі қазақтар арасынан шыққан бизнес-иммигранттарға немесе Қазақстанда талап етілген, сұранысқа ие кәсіптері бар қазақтарға ғана берілетін құжат.

Бірқатар сарапшылар картаны өмір бойға беруді ұсынған. Себебі өзінің қазақ екенін бір рет растаса, содан соң ол қазақ болудан қалмайды ғой. Дегенмен, билік шектеуге барды. Сөйтіп, картаның қолданыс мерзімі 10 жылға дейінгі уақытты құрайтын болады (он жылдан аспайды).

Бұл жерде "Ата жолы" картасының қанша жылға берілетіні шетелдік қазақ тұрып жатқан мемлекеттегі азаматтардың паспортының қолданыс мерзіміне байланысты болады. Егер ол елдің паспорты 5 жылға ғана берілсе, карта да 5 жылға беріледі. Содан соң паспортпен бірге қазақылығын қайта растап, жаңа карта алуға тиіс.

Фото: google.com

Айтпақшы, аталған картаны тек бұрынғы ғасырларда ашаршылықтан, кәмпескелеуден, саяси қуғын-сүргіннен қашып, шетелге ауған қазақтарға ғана емес, бертінде тәуелсіз Қазақстанның көгілдір паспортын тәрк етіп, Ресейдің немесе өзге елдердің азаматтығын қабылдаған қазақтарға да беру ұсынылған. Осы мақсатта бұйрық жобасына "бұрынғы отандас" (БО) деген ұғым енгізіліп отыр. БО дегеніміз – "Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының немесе Қазақстан Республикасының азаматтығында туған немесе бұрын болған және шетелде тұрақты тұратын адам".

"Ата жолы" картасының дизайны жарияланбады. Ведомство оның қандай болатынын Президент Әкімшілігі ұсынатынын жеткізді.

Шетелдегі қазақтарға "Ата жолының" қажеті не?

Еңбекминінің түсініктемесіне сәйкес, "Ата жолы" картасын ұсынудағы мақсат – қазақтардың мәдени мұрасы мен тілінің, тарихының, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының, сондай-ақ туыстық, этникалық және тілдік құндылықтарының ортақтығын қолдау болмақ.

"Ата жолы" картасы тек Қазақстанға инвестор болуға, бізде компания, кәсіпорын ашуға қауқарлы шетелдегі ауқатты қазақтарға, сондай-ақ Қазақстанда тапшы мамандыққа ие қандастарға беріледі.

"Бұл жоғары деңгейдегі мамандар болып табылатын немесе өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда масштабтауға ниет білдірген этникалық қазақтардың Атамекенімен байланысын нығайту мақсатында жасалып отыр", – деп мәлім етті министрлік.

Оның хабарлауынша, бұл карта осы санаттағы қандастарға және отбасы мүшелеріне Қазақстанға кез келген уақытта келіп, тарихи Отанында тұрақты тұру құқығын беруге тиіс.

"Картаның иесі сайлану және басқа саяси құқықтарды қоспағанда, тұрақты тұру құқығына, республикада бизнес ашуға, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік етуге, қаржылық операцияларды жүргізуге, елге жеңілдетілген кіру мүмкіндігіне ие болады", – деді ведомство мамандары.

Үкіметке бұл карта иегерлері және кәсіпкер қандастар арасынан жыл сайын ең үздіктерін анықтап, Президенттік сыйлықпен марапаттау туралы ұсыныс енгізілді. Осы бағытта тиісті шаралар қабылдануы қажет. Ол "Парыз" конкурсы аясында табысталуы мүмкін. Бұл атажұртта бизнесте табысқа жеткен және жергілікті қоғамдастықты қолдайтын карта иегерлерінің мысалдарын әлемдегі қазақтар арасында насихаттау үшін қажет. Бұған қоса Президент марапаты елдегі меценаттықты ынталандырады және шетелдік қандастардың отандық бизнес-ортаға кірігуін күшейтеді.

Фото: primeminister.kz

"Ата жолы" картасы аясында шетелде тұратын этникалық қазақтар өз азаматтығын жоғалтпай, елінде азамат бола отырып, Қазақстанға келе алады. Карта иегерлері 10 жылға тұрақты тұруға ықтиярхат арқылы елімізде тұрып, еңбек етіп, өзінің бизнесін дамытуға мүмкіндік алады. Бұл этникалық қазақтардың елге келуіне, туған елімен қарым-қатынасын жақсартуына мүмкіндік", – деді Еңбекминінің Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.

Шетелдегі қазақ азаматтары осы мүмкіндікті пайдаланып, елге келіп, бизнесін аша алады. Осы жерде өз жағдайын жасағаннан кейін ары қарай Қазақстан азаматтығын алуына да мүмкіндігі болады.

І.Испанов "Ата жолы" картасы оны алған азаматтарға Қазақстанда Президент, Парламент, мәслихат немесе әкім сайлауында дауыс беруге немесе онда кандидат болуға құқық бермейтінін нықтады. Себебі заңнама бойынша Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктердің ондай құқықтары жоқ.

"Ата жолы" картасын қалай алуға болады?

Бірден айта кетелік, әзірге карта беру басталған жоқ. Таяуда Президент Әлеуметтік кодекске қол қойды. Соның аясында қосымша заңдарға сәйкес Қазақстанда "Ата жолы" картасы берілетін болды. Бірақ оны беру рәсімі басталуы үшін қаптаған заңнамалық актілер қабылдануы қажет. Бұл биылғы жылы жүзеге асырылады.

Әйтсе де, оның егжей-тегжейі белгілі болды. "Ата жолы" картасын алу шарттары келесідей:

  • Шетелдегі қандас өзінің қазақ ұлтына жататынын растайтын құжатты ұсынуға тиіс (оның қандай құжат болатыны НҚА-ларда анықталуы керек);
  • Шетелдік болуға, тиісінше Қазақстан азаматтығында болмауға міндетті;

"Ата жолы" картасын алу үшін этникалық қазақтар мынадай талаптарға сай болуға тиіс:

  • ҚР Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы жарлығына сәйкес Қазақстанның азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін мамандықтың біріне ие болуға;
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы бұйрығына сәйкес сұранысқа ие кәсіптердің біріне ие болуға;
  • Азаматтығы бар елде тіркелген, жұмыс істеп тұрған бизнесі болуға тиіс.

Картаны алудың алгоритмі қандай?

Оны алуға құжат тапсыру үшін Қазақстанға келудің қажеті болмайды. Оны беру туралы өтінішті "Құтты мекен" ақпараттық жүйесінің ұялы қосымшасы арқылы онлайн ұсынуға немесе Қазақстанның шет елдердегі мекемесіне апарып, жазбаша тапсыруға болады.

Содан соң Еңбекмині "Құтты мекен" қосымшасы арқылы оның өтінішін қабылдап алғаны туралы хабардар етеді. Егер елшілікке табыстаса, онда сол жерде өтінішінің кіріс хат-хабар ретінде тіркелгені туралы жазбаша хабарлама беріледі.

Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган өтініш келіп түскен күннен 2 жұмыс күні ішінде өтініш берушіні Қазақстан аумағында құқық бұзушылықтар жасағанын немесе террористік, экстремистік ұйымдарға тиесілігін тексеру үшін Бас прокуратураға, ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық бөлімшелеріне құжаттар топтамасын жібереді.

Бұл құзырлы органдар 10 күн ішінде тексеріп, жауап қайырады. Онда шетелдік азаматтың "Ата жолы" картасын алуына кедергі келтіретін негіздердің болуы немесе болмауы туралы ақпарат көрсетіледі.

Осыдан соң халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту органы этникалық қазақтың өтініші мен құжаттарын қарайды және "Қандас" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне тиісті шешімді енгізеді.

Содан соң ол тұлғаға жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) тағайындалады. Алдымен, Еңбекмині өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің деректерін "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер қоры арқылы тексереді. Сонда олардық қазақстандық ЖСН-і бар екені анықталса, жаңа ЖСН генерацияланбайды: тіркеу кезінде қолда бар ЖСН пайдаланады.

Егер онысы болмаса, ведомство ЖСН генерациялау үшін "Қандас" ААЖ арқылы "Көші-қон полициясы" ақпараттық жүйесіне электрондық сұрау жібереді.

Ақыр соңында "Құтты мекен" АЖ арқылы өтініш берушіге немесе Қазақстанның шет елдердегі мекемесіне картаның тағайындалғаны туралы хабар түседі.

Ал картаны алу үшін тарихи Отанға сапарлау қажет болады. Мысалы, Қазақстанда бизнес ашарда немесе біліктілігі бойынша жұмысқа тұратын кезде, өтініш иесі елшілікке келіп, виза алады.

Өтініш беруші Қазақстанға келгеннен кейін халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган оған "Ата жолы" картасын табыстайды.

Оның отбасы мүшелері "Ата жолы" картасын иеленушінің құқықтарын пайдалана алады. Карта жоғалған немесе бүлінген жағдайда өтініш бойынша оның телнұсқасы беріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу