Қазақстан 100 млн теңгелік кеңес-консультациялардан бас тартпақ

4358

Билік әлемде жоқ "базалық кешенді зерттеу" дегенді не үшін ойлап тапты?

Қазақстан 100 млн теңгелік кеңес-консультациялардан бас тартпақ

Шенеуніктер ымыралас-сыбайлас фирмалар арқылы ел қаржысын талан-тараж етудің саналуан айла-тәсілін жақсы меңгерген. Соның бірі түрлі кеңес-консультациялар арқылы жүзеге асырылатыны жасырын емес. Әлдебір маңызды шараға дайындық аясында міндет, мақсаттарды пысықтау, мәселелерді тереңірек зерттеу үшін қажет деп тәуелсіз сарапшысымақтар тартылады. Бәрі заңды, тіпті мемлекеттік сатып алулар да ұйымдастырылады.

Бірақ зерттеу қорытындысында сол тәуелсіз кеңесшілер жазып берген ұсынымдар көбіне бума-бума қағаз күйінде шаң басып жатады, қажетке жаратылмайды. Босқа шығын етілген қағазды айтпағанда, жүздеген миллион ел қаржысы босқа ысырап етіледі. 

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті соның бірін жоюды ұсынып отыр. Осы мақсатта "Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы" заңына өзгерістер мен толықтыру енгізетін заң жобасы әзірленді.

Түсіндіре кетсек, қолданыстағы осы заңға сәйкес меншік формасына қарамастан, экономикадағы жүйе құраушы стратегиялық кәсіпорындардың бәріне дүркін-дүркін мониторинг жүргізіліп тұруға тиіс. Заңның 7-бабының 1-тармағы бойынша мониторинг 2 тәсілмен. Базалық кешенді зерттеулер және мерзімдік жедел ақпарат жинау арқылы жүзеге асырылады.

Бір қарағанда, бәрі дұрыс. Ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар объектілер мемлекеттің бақылауында болуы шарт. Бұл қағидатқа ешкім де қарсы емес.

Дегенмен меммүлік ведомствосының дәйектеуінше, бірінші тәсілден – базалық кешенді зерттеулерден қайыр болмай тұр.

Біріншіден, бұл зерттеу аса қымбат тұрады. Заң талабына сәйкес, базалық кешенді зерттеулер (БКЗ) жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу ұйымдастырып, соның нәтижесінде тәуелсіз консультанттарды тарту, солардың қызмет ақысын, жол және басқа шығындарын көтеру керек. Осы мақсатта көбіне PricewaterhouseCoopers, KPMG сияқты жаһандық аудиторлық-консалтингтік агенттіктердің эксперттері жұмылдырылады. Ол сарапшылар жүйе құраушы стратегиялық нысанның орналасқан жеріне барып, тікелей зерттеулер жүргізеді. Оның нәтижесі – қаптаған беттен тұратын есеп, сондай-ақ мониторинг объектілері мен мүдделі мемлекеттік органдарға ұсынымдар.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің дерегінше, БКЗ жүргізуге республикалық бюджеттен орта есеппен шамамен 100 миллион теңгеден бөлініп тұрады.

"Мониторинг жүргізу үшін консультанттарды тарту бойынша шығыстар осындай зерттеулер жүзеге асырылған барлық кезеңінде, яғни 2004 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта 1 млрд 729,3 млн теңгені құрады", – деп мәлім етті комитет.

Екіншіден, соңғы пандемиялы 3 жылда Үкімет онсыз да БКЗ арқылы мониторинг жүргізуге ақша бөлмеген. Оның үстіне алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетте де базалық кешенді зерттеулер жүргізуге арналған шығыстар көзделмеген.

Үшіншіден, жүз миллион және одан көп қаржы сұрайтын тәуелсіз кеңесшілер қолда онсыз да бар мәліметтерді жинап қайтады екен.   

Комитет мамандарының байламынша, осы салада заңнама қабылданған тұста, яғни 2003 жылы мемлекетімізде 90-шы жылдары жекешеленіп кеткен жүйе құраушы стратегиялық кәсіпорындардың жаңа қожайындарымен өзара іс-қимыл жасаудың нақты, жүйелі бағдарламалары болмады. Экономиканың стратегиялық маңызды салаларындағы ірі объектілерді басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етудің заңды тетіктері болмады. Сондықтан БКЗ сияқты мемқадағалау тетігі ойлап табылды. Бүгінде мониторингтің бұл түрі объектілердің қызметі мен даму тенденциялары туралы ақпарат жинау бойынша өз міндет-миссиясын аяқтады. 19 жыл ішінде елдегі экономикалық жағдай өзгерді. Мемлекеттік басқару жүйесі жаңғырды.

ХХI ғасыр басында ірі кәсіпорындарды сатып алған кейбір шетелдік инвесторлардың орнын бүгінде ұлттық капитал басты. Кеңес кезінен қалған көптеген нысан жабылып тынды. Жекешелендірілген кәсіпорындардың иелері бірнеше рет ауысты. Компаниялар мезгіл-мезгіл ребрендинг жүргізіп тұрады. Осы оқиғалардың бәрі бұған дейін жүргізілген қымбат БКЗ-ның өзектілігін жояды.

Бұған қоса, Үкіметтің қаулысымен бекітілген тізімдегі БКЗ жүргізілетін біраз кәсіпорын халықаралық нарықтан қаражат тарту үшін IPO-ға, жаһандық биржаларға шықты, тиісінше, компания-кәсіпорындардың қаржылық-экономикалық ахуалы туралы ақпаратты жария етеді. Яғни, сарапшылардың пікірінше, консультанттарды жалдап, бұл ақпаратты объекті орнына барып алу өзекті болмай қалды. 

Мониторинг кезінде мерзімдік жедел ақпарат жиналады.

"Қазіргі кезде мониторинг объектілері Есептілікті тапсырудың электрондық жүйесі (ЕТЭЖ) арқылы онсыз да қаржылық есептілікті жолдайды. Бұдан бөлек, олар өз қызметінің негізгі нәтижелері туралы заттай және ақшалай мәндегі мәліметтерін көрсетіп, тиісті формаларды толтырады. Ол формаларда сондай-ақ кәсіпорынның қаржылық көрсеткіштері және инвестициялық қызмет туралы деректер, қызметінің заңды және әлеуметтік бағыттары бойынша деректер, соның ішінде жергілікті мамандарды оқытуы, жазатайым оқиғалар статистикасы, өнімділігі, еңбекақы төлеу қоры, экологиялық аспектілер, қоршаған ортаны қорғауға арналған шығындары, шығарындыларының көлемі және басқа мәліметтер қамтылады. Осылайша, БКЗ мақсаттарына мерзімдік жедел ақпарат жинау негізінде мониторинг объектілерін камералдық тексеру арқылы да қол жеткізуге болады", – деп сендіреді Қаржы министрлігінің комитеті.

Әрине, халықаралық тәуелсіз сарапшылар көзбояушылық жасамауы, өз асын адал жеп, берген ақыны ақтап, нақты кемшіліктерін әшкерелеуі, стратегиялық кәсепорынның қожайыны жасырып келген жөнсіздікті байқауы мүмкін. Демек, оның ұсыным-рекомендациясы құнды. Олай болса, БКЗ-дан бас тарту асығыстық, ағаттық болмай ма? Бұған жауап жаға ұстатады. Құнды кеңес-ұсынымдар бәрібір орындалмайды...

"Заңға сәйкес Үкіметтің 2014 жылғы 30 шілдедегі №810 қаулысымен бекітілген Мониторинг объектілері тізбесіндегі жүйе құраушы стратегиялық кәсіпорындардың 94%-ы – қазір жеке меншікте. Мониторинг объектілерінің басым бөлігі жекеменшік болғандықтан, заңнамада оларды осы ұсынымдарды қабылдауға және іске асыруға міндеттеу тетіктері көзделмеген. Сонымен қатар, оларды мұны орындауға мәжбүрлеу ақыр соңында кәсіпкерлік қызметке қол сұғу және бизнеске қысым жасау ретінде бағалануы, айыпталуы мүмкін", – деп түсініктеме берді Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.

Осыған байланысты ведомство базалық кешенді зерттеулер жүргізу үшін консалтингтік қызметтерді жалдауды жойып, болашақта мониторингке кететін шығыстарды үнемдеуді ұсынып отыр. Жаңа заң қабылданса, БКЗ мониторингі алып тасталады. Осының алдында Парламент пен Есеп комитеті де осыған кеңес беріпті. Бұл қадамның қаншалықты дұрыстығын тек өмір көрсетеді.

Комитеттің хабарлауынша, БКЗ жойылса, стратегиялық нысандарға мемлекеттік мониторинг мерзімдік жедел ақпаратты жинау арқылы іске асырылатын болады. Ол ақпаратты мониторинг объектілерінің өздері Мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізеді.

Халықаралық тәжірибеге жүргізілген талдау көрсеткендей, консультанттарды тарта отырып, базалық кешенді зерттеу жүргізу тәжірибесі дамыған елдерде қолданылмайтын көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу