Қазақстан 1954 жылы бастан өткерген дәуір Моңғолияда енді басталды

2683

Моңғол елі тың игеру науқанына кірісті.

Қазақстан 1954 жылы бастан өткерген дәуір Моңғолияда енді басталды Фото: canva.com

Жаңа бағдарлама елді азық-түлік тәуелділігінен арылтуға тиіс.

Моңғолия банкінің дерегінше, бұл ел жыл сайын шамамен 500 миллион доллардың азық-түлік тауарларын шетелден тасып жейді.

"Моңғолия нарығындағы тамақ өнімдерінің 70%-дан астамы – импорт! Дүкен сөрелерінен Қазақстанның, Ресейдің, Қытайдың, алыс шетелдік тамағын табуға болады. Елдің мұндай тәуелділігіне егін шаруашылығының жете дамымауы, отандық тамақ өнеркәсібінің нашар технологиялық базасы, ауыл шаруашылығы техникасының жетіспеуі себепкер. Бұған сондай-ақ егістік үшін дайындалған жерлерінің тапшылығы мен климаттық жағдайлары да әсер етеді", – дейді Ұйымдастырушылық дамыту және бизнес стратегия жөніндегі жетекші маман, тәуелсіз бизнес кеңесші Алексей Лавриненко.

Оның үстіне, маманның айтуынша, Моңғолияда ауыл шаруашылығы маусымы небәрі 90 күнге созылады. Кейінгі жылдары ауа райы жағдайлары болжап білмес, тез құбылғыш болып барады.

Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығына кері ықпал етеді. Салдарынан, егін және бақша шаруашылығы елді өнімінің әралуандылығымен қуанта алмай келеді.

Осы орайда елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін Моңғолия тың жатқан жерлерді жаппай игеріп, дәнді және бақша дақылдарын егу бойынша ғаламат жаңа бағдарламаны қолға алуда.

"Монцамэ" мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бағдарламаның басты мақсаты – Моңғолияны бірінші кезекте, Қытай мен Ресейге деген "тамақ тәуелділігінен" құтқару болмақ.    

"Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі, Орталық банк (Моңғолбанк) пен 10 коммерциялық банк жеңілдікті кредит бөлу келісіміне қол қойды. Оның аясында "Атар-4" (Тың игеру-4) егін шаруашылығын орнықты дамыту науқанын кең ауқымды қаржыландыру басталады. Қол қою салтанатында азық-түлік министрі Жадамбын Энхбаяр бір ай бұрын Моңғолияның Орталық банкі мен банктер сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында жүн, кашемир мен теріні өңдеу деңгейін арттыру жөніндегі ірі бағдарламаны қаржыландыру туралы келісім бекіткенін хабарлады", – деп жазды "Монцамэ" агенттігі.

Моңғол ғалымдары Кеңес одағының 1954 жылы Қазақстанда тың игеру кезінде жіберген олқылықтары мен ағат істерін зерделеген екен.

Өткен ғасырда Қазақстанда жеткілікті ғылыми зерттеусіз, лайықты дайындықсыз оңды-солды жыртылған ұланғайыр жердің құнарлы, қара топырақты қабаты кейін сумен шайылып, желмен ұшып, алапат топырақ эрозиясы жүрген болатын.

Салдарынан, бүгінде бүкіл Қазақстан жерінің 4 пайыздан астамы ғана қара топырақты, құнарлы болып келеді. Еліміздің территориясының 23%-ы ғана егін шаруашылығын жүргізуге жарамды. 60-70%-ға дейінгі аумағы шөл және шөлейтті аймаққа айналған.

"Бүгін Моңғолия Үкіметі қол қойған "Тың игеру-4" науқанын қаржыландыру туралы келісімнің мақсаты – мал шаруашылығымен идеалды үйлесімділікте егін шаруашылығын дамыту, жер игеруді интенсификациялау және диверсификациялау болып табылады. Осы арқылы моңғолдың жеңіл және тамақ өнеркәсібін тарихи жаңа деңгейге шығару жоспарланып отыр. "Атар-4" науқаны елдегі егістік алқаптарының ауданын бірден 200 мың гектарға арттыруды қарастырады. Бұл жоспар 2028 жылға дейін жүзеге асады", – деп уәде етті министр Жадамбын Энхбаяр.

Ол осы бағдарлама азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдерінің және жеңіл өнеркәсіп тауарларының өндіріс көлемін ұлғайтуға септесетінін нықтады. Бірақ министрдің айтуынша, Моңғолия төл тың игеруі кезінде топырақты эрозиядан қорғау үшін қажеттінің бәрін жасайтын болады.   

"2030 жылға қарай Моңғолия халқының саны 4 миллион адамнан асады (бүгінде 3,5 млн). Бізге шетелден 1 миллиондай турист келеді. Сондықтан қарқынды өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісін еселеп ұлғайтуға деген өткір қажеттілік бар. Қазіргі кезде моңғолиялық азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіптері 1 миллиард долларға түрлі өнімдерді экспортқа шығарады. Ал, "Тың игеру-4" науқанын және "Ақ Алтын" қозғалысын іске асыру арқасында бұл экспорт көлемін 2 миллиард долларға жеткіземіз", – деді моңғол министрі.

Бұған дейін Inbusiness.kz Моңғолия Президентінің бастамасымен қолға алынған "Ақ Алтын" ұлттық қозғалысына мемлекет биыл жүздеген миллиард бюджет қаржысын салып жатқанын, моңғол кашемирі мен тері өнімдерін Chanel, Gucci, Prada, Louis Vuitton, Versace, Christian Dior, Valentino, Fendi сияқты жаһандық люкстік сән үйлері үлкен ынта-ықыласпен өз брендтерінде пайдаланатынын жазған болатын.

Ал, "Атар-4" науқаны аясында Моңғолиядағы жергілікті және шетелдік банктер 800 миллиард төгрік сомасында арзан кредит ұсынатын болады.

Оның ішінде 350 миллиарды егіншілердің айналымдық капиталын толықтыруға, қалғаны – инвестициялауға бағытталады.

Егін салушылар банктерден өз бетінше де несие ала алады. Бұл жағдайда олардың заемы бюджет қаражаты есебінен арзандатылады. 2025 жылы пайыздық ставкаларды субсидиялау үшін мемлекеттік бюджеттен 52,8 миллиард төгрік бөлінеді.

Үкімет ауыл кәсіпкерлері алған кредиттердің 10%-ын қаржыландыруды өз мойнына алады. Несиелендіру мерзімі:

  • айналымдық капиталды толықтыру үшін алынған кредиттер бойынша 2 жылға дейінгі,
  • инвестициялық кредиттер үшін – 4 жылдық мерзімді құрайды.

Үкіметтің түсініктемесінде айтылғандай, "Атар-4" (Тың игеру-4) бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын кешенді дамытуға екпін жасалады және келесі басымдықты бағыттары бекітілді: топырақты тозудан қорғау, өсімдіктерді аурудан және зиянкестерден қорғау, тұқым селекциясы жүйесін жаңғырту, мал үшін жемазық өндіру.

Бұған қоса, бағдарлама кластерлік кооперативтердің жаппай құрылуына дем беруді, алынған астықты сақтайтын қоймалар салуды, өткізу желісін өрістетуді, көлік пен логистикасын жетілдіруді, инновациялар мен жаңа технологияларды енгізуді, шетелдік озық кеңесші-консультанттарды тартуды, тәуекелдерді басқаруды, сыртқы жаңа нарықтарды игеруді қамтиды.

Яғни, кезіндегі Қазақстанға қарағанда, қазіргі Моңғолия тың игеруге жан-жақты әзірлікпен, мәселелерін жан-жақты пысықтап, сақадай сай келіп отыр. Қазақстандық ғалымдар мен депутаттар елімізде топырақ эрозиясы әрі қарай жалғасып жатқанын айтып, дабыл қағуда.

Моңғолия бұған дейін "Атар-1", "Атар-2", "Атар-3" бағдарламаларын іске асырған болатын. Олардың аясында шамамен 980 мың гектар жер игерілді немесе қалпына келтірілді.

Олардан айырмашылығы, жаңа бағдарлама кешенді болып келеді. Ол сондай-ақ инфрақұрылымды өркендетуді, соның ішінде, мысалы, елде селекциялық орталықтарды құруды, елді жыл сайын көкөніспен қамтитын ірі жылыжайлар желісін дамытуды қарастырады.

Тың игеру игіліктері дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға пайдаланылады. Азықжем көбірек өсіріліп, дайындалатындықтан 200 мың ірі қара малды – 150 мың етті бағыттағы және 50 мың сүтті бағыттағы асыл тұқымды сиырларды шетелден сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, мал сапасын арттыру үшін жасанды ұрықтандыру технологиясы қолданылады.

Бағдарлама ауыл шаруашылығы өнімдерінің 19 түрінің өндірісін өрістетуді көздейді. Олардың бәрін Моңғолия импорттауды тоқтатып немесе елеулі азайтып, өзінде өндіруге көшеді.

Бағдарлама аясында мемлекеттің, жеке бизнестің және халықаралық ұйымдардың тізе қоса қимылдауы жоспарланған. Инвесторлар да тартылады.

Қорытындысында, Моңғолияда егіннің шығымдылығы артып, ішкі нарық отандық өнімдермен мейлінше молығып, ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі нығайып, АӨК секторы экономикалық өсімге жаңа серпін беруге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу