Қазақстан АҚШ-тан тауық етін әкелуді тоқтатпақ

1528

Сарапшылардың байламынша, Ресей АҚШ-тан келетін құс етін бері өткізбей қойса да, бұл елдегі құс етінің бағасына көп әсер етпеуі керек.

Қазақстан АҚШ-тан тауық етін әкелуді тоқтатпақ Фото: inbusiness.kz

Ресейлік "Новости" ақпарат агенттігі "Россельхознадзордағы" дереккөзіне сілтеме жасап, Құрама Штаттардың бүкіл құс шаруашылығы өнімдерін Қазақстанға транзитпен өткізуге Ресей тыйым салуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұған Американың бірқатар штаттарында жоғары патогенді құс тұмауының тарауы себеп-сылтау болуы мүмкін.

Ресейлік ақпарат агенттігінің "Россельхознадзордағы" дереккөзінің мәліметінше, Қазақстан АҚШ-тан РФ аумағы арқылы 2022 жылы 23 мың тонна құс етін тасымалдаған. Алайда 2023 жылы бұл көлем 15 мың тоннаға дейін төмендеген.

"Америкалық бүкіл құс шаруашылығы өнімдерінің транзитін шектеу туралы шешімге бұл елдегі эпизоотиялық ахуал себеп болуы мүмкін. Құрама Штаттарда құстардың жоғары патогенді тұмауының өршуі тіркелуде. Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығын сақтау ұйымының ақпараты бойынша 2023 жылы АҚШ-та құс тұмауының 290-нан астам дерегі тіркелді. Бағасының арзан болуы нәтижесінде америкалық тауық еті Қазақстанда әлеуметтік өнім саналады", – деп хабарлады ресейлік агенттік.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Аспан бұл жаңалыққа қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Ресей өз бетінше де, сондай-ақ Еуразиялық одақ аясында да белгілі бір тауарларға қатысты шектеу енгізе алады.

"Бір жағынан, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 58-бабының 8-тармағына сәйкес, мүше мемлекеттер тиісті халықаралық ұйымдардан, мүше мемлекеттерден, сондай-ақ үшінші елдерден аумақтардағы эпизоотиялық жағдайдың нашарлауы туралы ресми ақпарат алған жағдайда уақытша ветеринариялық талаптар мен шараларды әзірлеуге және енгізуге құқылы. Бірақ бұл ретте қабылданған шаралар туралы экономикалық одаққа қатысушы басқа елдерді міндетті түрде хабардар ету қажет. Екінші жағынан, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі атына Ресей тарапынан РФ аумағы арқылы АҚШ-тан құс шаруашылығы өнімдерінің транзитіне тыйым салуға қатысты ресми хат-хабарлама келіп түскен жоқ", – деді Д.Аспан.

Оның мәліметінше, бүгінде жоғары патогенді құс тұмауына байланысты АҚШ-тың 19 штатында уақытша шектеулер енгізілген. Үздіксіз тараған індеттерге байланысты 2022 жылдан бастап шектеулер АҚШ-тың алдымен үш штатында – Оңтүстік Дакотада, Айовада және Миннесотада, ал биылғы сәуірден бастап тағы 16 штатта дәл сондай шектеу енгізілді.

Қазақстан 90-шы жылдардағы экономикалық тоқырау кезінде Америкадан гуманитарлық көмек түрінде жолданып тұрған "Буш сирақтарына" тәуелді болды. Қазіргі кезде заман басқа: ондай тәуелділік байқалмайды.

"Елдегі құс етінің көлеміне келсек, биылғы жылдың 11 айында Қазақстанның өзінде 300 мың тонна құс еті өндірілді. Осылайша, ішкі нарық өз өндірісіміздің есебінен шамамен 75%-ға қамтамасыз етілді. Сонымен бірге оның бір бөлігі шетелдік нарыққа шығарылады: 2023 жылдың 10 айындағы экспорт көрсеткіші былтырғы 12 мың тоннадан биыл 24 мың тоннаға дейін өсті. Ал АҚШ-тан Қазақстанға РФ аумағы арқылы келетін тауық еті импортының көлемі небәрі 15 мың тоннаны құрайды немесе бұл – елдің жалпы тұтынуының 3,5%-ы ғана", – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы.

Өз кезегінде Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан 2023 жылдың 10 айында жалпы алғанда, өзге елдерден құс етінің және оның субөнімдерінің 118,5 мың тоннасын импорттады. Сонша өнімді сатып алуға республика 142,7 миллион доллар шығындады.

Нәтижесінде, шетелдік өнімге тәуелділік азайып келеді: 2022 жылы Қазақстан 211,9 миллион долларға 156,9 мың тонна құс етін импорттаған болатын.

Сондай-ақ, қазақстандық құс өсірушілер Қазақстанның тауық етімен өзін-өзі толық қамти алатынын алға тартады. Бұл үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдау қажет.

"Америкалық құс өнімдерін елге әкелуді шектеуді біз Үкіметтен алты-жеті жылдан бері сұрап келеміз. Олардың өнімдері антибиотиктермен және басқасымен уланған. Бұған қоса, олар көбінесе қоймалар мен төтенше резервтерде 10–15 жылдап сақтауда жатады. Содан соң шығарып, арылу үшін шетелге арзанға өткізіледі. Мұндай еттің құрамында ешқандай қоректік заттар қалмайды. Мұндай етті жеу де мүмкін емес. Жүн сияқты тіске оралып қалады", – деді "Қазақстанның құс өсірушілер одағының" президенті Руслан Шәріпов.

Оның пікірінше, бұл өніммен бірге АҚШ-тан құс тұмауы елге енуі әбден мүмкін. Сондықтан Ресей транзитке тыйым салып, бері өткізбей тастаса, "бұл қадамы негізді, орынды".

"Бұдан Қазақстанның тұтынушысы ұтпаса, ұтылмайды. 2023 жылы еліміздің өзі 350 мың тоннадай құс етін өндірді. Біз өзімізді-өзіміз асырай аламыз. Ал америкалық сапасыз өніммен халықты улауды доғару керек", – деді одақ басшысы.

Егер Қазақстанның өзі өндірген құс еті жетпей жатса, ол оны көрші елдерден тасымалдай алады. Қырғызстанның Құс өсірушілер қауымдастығының басшысы Динара Керімқұлованың айтуынша, бұл республикада құс еті мен жұмыртқа өндірісі қарқынды түрде өсуде. Себебі, бұл салаға мемлекет тарапынан қуатты қолдау көрсетіліп жатыр.

Таяуда Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Бақыт Торобаев Қырғызстанның құс шаруашылығында ірі экспорттаушылардың біріне айналуы мүмкін екенін білдірді. Әзірге бұл ел шетелдік импортқа тәуелді. 2022 жылы Қырғыз республикасы небары 10 мың тонна тауық етін өндірген. Сонымен бірге қырғыздар бір жылда 55 мың тонна құс етін жеді.

Дегенмен, жағдай тез өзгеруде. Жаңа құс фабрикалар көптеп ашылғалы жатыр.

Соның аясында Қырғызстандық-ресейлік даму қоры мен "Агро Куш" компаниясы желтоқсан айында 1,3 млн доллар тұратын ірі құс фабрикасын салу туралы келісім бекітті. Балықшы қаласында 38 гектарды алып жататын осы бір ғана кәсіпорын жылына 20 мың тонна құс етін шығаратын болады.

Ыстықкөл облысында 64 гектарда орналасатын одан да алып "Еуразия" құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Артылған өнімді Алатаудың арғы бетіндегі ағайындар экспортқа шығаруға ниетті.

Руслан Шәріпов көрші Өзбекстанда да Президент Шавкат Мирзиёевтің тікелей тапсырмасымен құс шаруашылығы серпінді қарқынмен дамып жатқанына назар аудартты. Өзбектер құс етіне деген өз қажеттілігін толық өтейді және енді Қазақстан мен Қырғызстанның нарығына кеңірек экспансия жасауды жоспарлап отырған көрінеді.

Демек, Қазақстан құс етінсіз қалмайды. Бұл жерде отандық өндірісті басымдықты дамытқан маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу