Қазақстан АҚШ-тың Президент сайлауы үлгісін шұғыл қабылдамақ

6204

Сайлау 2021 жылғы сәуірге жоспарланып отыр. 

Қазақстан АҚШ-тың Президент сайлауы үлгісін шұғыл қабылдамақ

Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстандағы сайлау туралы" конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заңының жобасын ел назарына ұсынды. Құжат ел Президентінің тапсырмасымен әзірленген.  

Оған сәйкес, Америка Құрама Штаттарының президенттік додасының элементтері енді біздің елімізде енгізіледі. Атап айтқанда, келесі жылы 3 мегаполис, облыстар және облыстық маңыздағы қалалардан басқа елдімекендердің барлығының әкімін халық сайлайды.

Әкім сайлау науқаны 2021 жылы сәуірде ұйымдастырылмақ.

Ұсынылған заң жобасының жаңалықтарына тоқтала кетсек. Біріншіден, бұған дейін, Тұңғыш Президент тұсында өткен ауыл-қала әкімдерінің сайлауы облыстық бюджеттен қаржыландырылған-тын. Енді бұл салаға Орталық сайлау комиссиясы республикалық бюджетімен кіретін болады. Тек аудан әкімін сайлау ғана аудан бюджетінің мойнында қалады.

"Ауыл-кент әкімдерінің сайлауы тікелей, құпия дауыс беру тәсілімен жүргізілетін болады. Яғни, ол толығымен Президент, Парламент Мәжілісі мен маслихаттары депутаттарының сайлауы сияқты өткізіледі. Бұл ретте Ортсайлауком сайлау заңнамасының орындалуын бақылайды, оның біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді. Бұған қоса ОСК-ның ведомстволық бағынысты ұйымдары аумақтық сайлаукомдардың қызметіне жәрдемдеседі. Осыны ескере отырып, біз бұрыннан жолға қойылған және табысты қолданылып келе жатқан сайлау тетігін (яғни, депутаттарды сайлау тетігін) пайдалану қажет деп санаймыз. Мұндай жағдайда ауыл әкімдерін сайлауды Ортсайлауком республикалық бюджет есебінен ұйымдастыратын болады", – деп түсініктеме берді ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Екіншіден, заң жобасында айтылғандай ауыл, кент, ауылдық округ әкiмiнің сайлауы "тең және төте сайлау құқығы негiзiнде" жүзеге асырылады. Қарапайым тілмен айтқанда, әр ауылдың, кенттің тұрғындары өз әкімін өздері сайлап алады.

Ал қала әкімінің жағдайы басқаша. Мұнда Қазақстан әлемдік алпауыттың тәжірибесін пайдаланады: әкімді жергілікті тұрғындар тікелей емес, таңдаушылар арқылы сайлайды.

"Аудандық маңызы бар қалалар әкімдері сайлауын өткізген кезде дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың дауыс санының көпшілігін алған кандидат сайланды деп есептеледі", – делінген заң жобасында.

Таңдаушылар рөлін қайтадан мәслихат депутаттары атқарады. Осылайша, қала әкімін сайлауға жергілікті халық тікелей араласпайды. Олардың атынан жергілікті депутаттар таңдау жасамақ. Яғни, бұл тікелей емес, жанама сайлау болады.

Үшіншіден, қала әкімі де, ауыл-кент әкімі де 4 жылға сайланады. Бұл лауазымдарға 25 жастан асқан азаматтың сайлануына мүмкіндігі бар.

Төртіншіден, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің кандидатурасын партиялар ұсынады.

Ал қала әкімінің сайлауына түсетіндердің кандидатурасын жергілікті қауымдастық жиынымен ақылдаса отырып, аудан әкімі ұсынады. Жоғарғы әкім додаға кем дегенде екі кандидатты ұсынуға міндетті.

Бесіншіден, ауылдың сайланған әкімін аудан әкімі кез келген уақытта қызметінен қуып жібере алады.

"Аудан әкiмi жергілікті қоғамдастық жиынының бастамасы бойынша не соның келісімін алып, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдайды", – делінген жобада.

Ал қаланың сайланған әкімін қызметінен алып тастау үшін жергілікті қауымдастықтың ғана емес, облыс әкімінің де келісімі керек. Жаңа заң қабылданса, жергілікті қауымдастық қала әкімін қызметінен кетіру туралы бастама көтеру құқығынан айырылмақ. Жергілікті тұрғындар еншісінде тек ауыл-кент әкімін босату бастамасын көтеру ғана қалады.

Ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттігі тоқтатудың өзге де қаптаған негізі бар. Оған сәйкес:

1) соттың күшіне енген шешімі бойынша әкім әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі немесе хабар-ошарсыз кетті деп танылса;

2) әкім сотталып кетсе;

3) Қазақстан азаматтығын жоғалтса, не өзге ел азаматтығын алып қойса;

4) қайтыс болса;

5) оны кезінде кандидат деп ұсынған партия жойылса;

6) әкімшілік-аумақтық бірлік таратылса;

7) жергілікті қоғамдастық жиынының бастамасы не келісімі бойынша аудан әкімі қызметінен түсіру туралы шешім қабылдаса;

8) Қазақстан заңнамасында көзделген өзге де себептер бойынша ауыл-кенттің сайланған әкімі орынтағымен қош айтысады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті өз қалауы бойынша кез келген ауыл, кент, ауылдық округ әкімін қызметінен аластауға құқылы.

Саясаттанушылардың тұспалдауынша, бюджет қаражатын үнемдеу, сайлаушыларды қайта-қайта мазалай бермеу, сондай-ақ сайлау науқаны мен процесін ұтымды өткізу үшін болашақта Мәжіліс, мәслихат депутаттарының және әкімдердің сайлауы бір күнде өткізіліп тұруы мүмкін. Ондай күнді шетелде "Бірыңғай дауыс беру күні" деп атайды.

Әзірге ұсынылып отырған заң жобасында оған тыйым салынған.

"Ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің кезекті және кезектен тыс сайлауы жылына 2 рет – тиісті жылдың сәуірінің бірінші жексенбісі мен қазан айының бірінші жексенбісінде өткізіледі және ол Қазақстан Президентінің сайлауымен немесе Парламенттің жаңа құрамын сайлаумен сәйкес келмеуге тиіс", – делінген конституциялық заң жобасында.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директор Сергей Худяков мұнда көзбояушылық басым деген пікірде.

"Ауылдықтар ұзақ жылдар бойы билікке деген сенімнен айырылды. Көпшілігі ауыл әкімінің әлденені өзгерте алатын мүмкіндігі барына сенбейді. Жұртшылық тағайындалғаны да, сайланғаны да елді емес, бастықтарды толғандырған мәселелерге бас қатырады деп санайды. Ол тұрғындардың нақты проблемасын шешуге емес, көзбояушылық жасауға, басшыларға ұнауға бейім тұрады дейді. Соған қарамастан, халық әкімді өздері сайлағысы келеді. Сонда тағайындағанға қарағанда, сайланған әкім шамалы болса да тұрғындарға тәуелді болады деп санайды", – деп хабарлады сарапшы.

Әрине, әкім сайлау рушылдық, ұлтшылдық пен трайбализмнің өсуіне сөзсіз, соқтырады. Мысалы, дүнгендер, ұйғырлар, орыстар шоғырлана отырған жерлерде қазақтар сайлана алмауы кәдік. Мұндай проблеманы тіпті демократия ұстыны деп танылған АҚШ-та та жоя алмай отыр: мысалы, амишилер, масондар, немесе испантілділер басым тұратын жерлерде тек солардың өкілдері не солардың шашбауын көтеретін тұлғалар ғана билікке келеді.

Этностардың төл көшбасшысы бар этноанклав түзіп алуымен Үкіметтің қалай күресетіні конституциялық заң жобасында айтылмаған.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу