Қазақстан алтын сатып алу бойынша әлемде 4-орында

1781

Елімізде жыл басынан бері алтын бағасы шарықтап өсумен келеді.  

Қазақстан алтын сатып алу бойынша әлемде 4-орында Фото: РБК Инвестиции

2024-жылдың 1-қаңтарында алтынның 1 граммы 30 323,51 теңге болса, бүгінгі баға – 37 121 теңге.

Ең танымал бағалы металдың жылдам және рекордтық өсуі бүкіл әлем бойынша жүріп жатқан үдеріс. Әлемдік нарықта қазіргі таңда алтынның бір унциясы 2,3 мың АҚШ долларына бағаланып отыр (халықаралық унция бағамы 31,1034768 граммға тең).

Әлемдік экономиканы терең зерттейтін сараптамалық агенттіктер биылғы жылы алтынның неге шарықтап өскені туралы нақты жауап бере алмауда. Оның себебі де сан алуан. Алайда, халықаралық қаржы нарығы туралы салмақты сарап жасаушы Bloomberg агенттігі негізгі факторлардың бірі АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі әсер етуі мүмкін деп санайды.

Бағалы металл нарығын бақылап отырған кей мамандар алтынның бағасына Палестина мен Украинадағы қақтығыстар мен Тайвань төңірегіндегі саяси ахуал ғана емес, сонымен қатар, мұсылман әлеміндегі Хуситтердің әрекеттері, Сириядағы соғыс және тағы басқа саяси құбылыстар тікелей әсер етеді деп есептейді. Сонымен қатар, АҚШ-тағы президенттік сайлау циклінің белсенді кезеңі де алтын бағасына өз ықпалын тигізуде.

Мұндай күрделі жағдайда тек бағалы металмен айналысатын трейдерлер ғана емес, бүкіл мемлекеттер алтынды мызғымас қор ретінде жинай бастайды.

Қазақстан үшін экономикалық тұрақтылықты сақтап қалатын үш "сенімді құрал" бар, олар – мұнай, доллар және алтын. Десек те, мұнай арзандауы немесе таусылуы мүмкін, доллардың құнсыздануы ғажап емес, ал, алтынның бізде мол табиғи қоры бар және ол әзірге арзандамайды. Сондықтан, біз алтынға көбірек үміт артуымыз керек.

Кейбір сарапшылар алтын бағасының өсуі – кейінгі кезде Қытай елінің бұл металды көптеп сатып алуға көшкенімен де байланыстырады. Өйткені, былтыр Қытай Халық банкі әлемдегі ең ірі алтын сатып алушы банк ретінде алдыңғы қатарға шықты. Ол өткен 2023-жылдың тоғыз айында 181 тонна алтын сатып алған. Себебі Қытай мемлекеті үшін алтын – корона-кризистен айықтыратын күшті қаржылық және геосаяси құралға айналуда.

Жалпы, "алтын қорына" бай мемлекеттер тізімін Америка бастап тұр. АҚШ – 8 133,5 тонна, одан кейін Германия – 3 352,3 тонна. Сосын, Халықаралық валюта қоры – 2 814 тонна. Одан кейін, Италия (2 451,8 т.) мен Франция (2 437 т.). Ресей – 2 332,74 тонна. Қытай – 2 257,5 тонна. Ал, Швейцарияда – 1 040 тонна болса, Жапония (846 т.) мен Үндістанда – 817 тонна алтын бар.

"Дүниежүзілік Алтын кеңесінің" (World Gold Council) мәліметі бойынша, 2022-жылдың 1-маусымында Қазақстанның алтын қоры 373,4 тонна болған. Қазір ол көрсеткіш 310 тоннаға дейін төмендеді.

Қазақстан Ұлттық Банкінің дерегі бойынша 2024-жылдың екінші тоқсанында елімізде жалпы салмағы 779,2 келіні құрайтын 14 752 құйма алтын сатылған

Халыққа тазартылған алтынның өлшеуіш құймаларын сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017-жылы іске қосқан болатын. Содан бері халыққа жалпы салмағы 7 тонна болатын 185 295 құйма алтын сатылды.

Еліміз алтынды сатып қана қоймай, сатып алу жөнінен де халықаралық деңгейде алдыңғы қатардан көрінуде. Мәселен, биыл Қазақстан алтын сатып алу бойынша Ресейден озып, әлемдік рейтингте төртінші орынға ие болды.

Әзірге ең ірі көлемде алтын сатып алушы мемлекет Түркия болып тұр, ол жыл басынан бері 14,1 тонна бағалы металл сатып алған. Екінші орында 5,1 тоннадай алтын алған Үндістан тұрса, үшінші орынға 5 тонна алтын алған Қытай орналасты.

Қазақстан мен Сингапур елі 4 орынды бөліседі. Екі ел де 2024-жылдың наурыз айында 4,5 тонна бағалы металл сатып алған. Ал, бесінші орынға 3,1 тонна алтын сатып алған Ресей табан тіреді.

Тиісінше, биылғы жылы алтын саудалаушы мемлекеттер көшін Өзбекстан бастап тұр. Олар жыл басынан бері 10,9 тонна алтынын сатып үлгерді. Ал, Таиланд өзінің алтын қорын 9,6 тоннаға, Иордания 3,7 тоннаға қысқартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу