Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын алуда қиындық туындамайды

2064

Керісінше Қазақстан СІМ біздің ел азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету шараларын қолға алып жатыр.  

Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын алуда қиындық туындамайды Фото: google.com

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.

Шенген келісімінің аясында оған мүше 20 елдің арасынан біреуінің ұсынысымен белгілі бір мемлекет азаматтарынан виза беру барысында қосымша консультация талап етілуі мүмкін. Мұндай шара 7 күнге дейін созылады. 

Бұрын бұл тізімге енбеген Қазақстан 1 наурыздан бастап әзірге бізге белгісіз Еуропа елінің қалауымен шектеу салынған елдер қатары тізіміне енген. Қазір СІМ ұсыныстың нақты қай елден түскенін анықтау үшін жұмыс істеп жатыр және мұндай қосымша шаралардың виза беру процесіне еш өзгеріс енгізбейтінін алға тартты.

"Біздің азаматтар өтінішін қарастыру мерзімі 15 күнге дейін деп бекітілген. Сондықтан қазақстандықтар үшін ешқандай қиындықтар туындамау керек. Дегенмен біздің мемлекетке қатысты ЕО-ның сұрақтары бары рас, енді оның нені көздейтінін нақты анықтау ғана қалды", – деді Роман Василенко.

Сонымен қатар, қазақстандық СІМ Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім негізінде ел азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы келіссөздердің тезірек жүретініне үлкен сенім артып отыр. 

"Визалық режимді жеңілдетуге келер болсақ, біздің көздеп отырғанымыз, Шенген визаларының құны мен оны алу үшін қажетті құжаттар санын қысқарту",– деді министр орынбасары.

Қазір бұл жөнінде Еуропалық құрылымдар аясындағы ішкі пікірталастар жалғасуда және қазақстандық СІМ бұл талқылауды барынша қолдайды.

"Біз ЕО-мен визалық режимді жеңілдету туралы аталмыш келіссөздерді бастау үшін еуропалық әріптестермен үнемі байланыстамыз. Қазақстан 2017 жылы ЕО-ның барлық мемлекетінің азаматтары үшін визасыз режим енгізді, бірақ кейін пандемияға байланысты бұл режим екі жылға тоқтатылды. 2022 жылдың қаңтарынан бастап ол қайта жанданды. Әрине, біз Еуропа елдерінен оң жауап күтеміз",– деді Роман Василенко.

2022 жылы Қазақстан Албания мен Андоррамен визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды. Сербиямен осындай келісім бар, сонымен қатар Черногорияға баратын азаматтарымызға маусымдық визасыз режим қолданылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу