Қазақстан-Беларусь: Тауар айналымының құнын миллиард долларға жеткізеді

1864

Былтыр бұл көрсеткіш 900 млн долларды құрады. 

Қазақстан-Беларусь: Тауар айналымының құнын миллиард долларға жеткізеді

"Белорусь пен Қазақстанның қазіргі қарым-қатынасы екі елдің стратегиялық мақсаты мен мүддесіне сай. Бұл көпжылғы қажырлы еңбектің нәтижесі. Ол бізге болашаққа жоспар құруға негіз болып отыр", – деді Александр Лукашенко.

Оның сөзінше, Минск пен Нұр-Сұлтан арасында байсалды байланыс орнатылған. Ал сенім дәрежесі кез келген мәселені ашық талқылауға мүмкіндік беріп отыр.

"Екі елдің әлеуметтік-экономикалық саясаты мен экономиканың нақты секторын қолдауға деген ұмтылысы ұқсас. Сондықтан біз бүгін шағын құрамда өткізген кездесуде экономика саласындағы байланысқа басымдық бердік. Себебі бізде саясатта, әскери-техникалық байланыста немесе дипломатиялық қарым-қатынаста мәселе жоқ", – деді Беларусь Президенті.

Александр Лукашенконың мәлімдеуінше, Беларусь – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі.

"Үш жылда тауар айналымының көрсеткіші екі еседен артық өсті. 2018 жылы тауар айналымының құны 900 млн долларды құрады. Біз миллиард деген  межені бағындыруға жақынбыз", – деді Александр Лукашенко.

Ол соңғы жылдары  Беларусьте Қазақстан импортының көлемі артқанын айтты.

"Былтыр және биыл Қазақстанның импорты 45%-ға жетті. Егер алдағы уақытта осылай жалғасатын болса, екі елдің импорт алмасу көрсеткіші теңеседі", – деді Беларусь Президенті.

Оның сөзінше, 8 айда Қазақстанның Беларуське тауар жөнелту көрсеткіші 1,5 есеге өскен.

"Қазақстанның екі ел арасындағы тауар айналымының теңгерімін сақтау туралы ұсынысын құптаймыз", – деді Александр Лукашенко.

Сөз арасында ол Беларусь Қазақстанмен бірлескен кәсіпорын ашуға мүдделі екенін жеткізді.

"Сауда-экономикалық немесе мәдени-әлеуметтік қарым-қатынаспен шектелмеуіміз керек. Бізге өндірісті дамыту үшін бірлескен кәсіпорын ашқан тиімді", – деді Александр Лукашенко.

Бұдан кейін Беларусь Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасында қалыптасқан тарихи достықтың тамыры тереңдей беретініне сенім білдірді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу