Еліміз әлемдегі банк секторындағы ойыншыларының қатары тым аз мемлекеттердің қатарына жатады. Мәселен, халқының саны жөнінен бізден екі еседей аз, ал жер көлемі бойынша 31 есеге кем Әзербайжанда банктердің саны отыздан асады. Көрші Ресейде қазір 434 банк жұмыс жасап тұрғанын да айта кетуге болады.
Ал Қазақстанда ұлттық банктің дерегінше, 2019 жылғы ақпан айының қорытындысы бойынша 28 банк қана қалды. Биылғы жылы олардың сапы ары қарай сетінеуі ықтимал.
Қаржылық кеңесші Расул Рысмамбетов отандық банктер "дамудан" "жанбағуға" көшкенін айтады. Оның пікірінше, алдағы уақытта бұл қаржылық ұйымдар "не аман қалу, не өмірем қабу" дейтін жолайрыққа кезігеді. Дәл осы кезде, сарапшылардың айтуынша, нарықта біраздан жасанды түрде үрілген "іріңді көпіршіктер" жарыла бастауы ғажап емес.
"Банктер де экономиканың бөлінбес бөлшегі. Егер экономика дертті болса, онда банктер де ауырып, жабыла бастайды. Бүгінде банктер тұтынушылық несиені, кепілсіз кредиттерді қайтадан белсенді тарата бастады. Ал мұндай қарқынды қызметтің көкжиегі тым тар: әрі кетсе, екі-үш жыл ғана. Менің ойымша, нарықтың осындай несиелермен шектен тыс, мелдектей толуы 2019 жылдың үшінші тоқсанында туындамақ. Нәтижесінде, жыл соңына қарай, бәлкім, одан да ертерек бола ма, біз қандай екі-үш банктің алғаш болып жабылып қалғанын білеміз. Және бұлардың – ұсақ банктер емес, алғашқы ондыққа кіретін банктердің қатарынан шығуының ықтималдылығы жоғары!" – деді журналистерге сұхбат берген Расул Рысмамбетов.
Оның айтуынша, ірі банк акционерлері өз жобаларын қаржыландырумен тым елігіп кетті. Оларды тіпті ұлттық банктің жаңа саясаты – тәуекелге ден қойғандарды қырағы қадағалау ("тәуекелге бағдарланған қадағалау") да сескендірмей отыр. Яғни, қаржылық кеңесшінің пайымдауынша, "олардың іштен іріп-шіруі басталды".
Ал Halyk Finance сарапшыларының мәліметінше, 2019 жылы керісінше, екінші эшелондағы банктердің қаржылық жағдайының одан әрі нашарлау үрдісі жалғасады және бұл олардың не бірігуіне, не нарықтан кетуіне соқтырады.
"Бұл процесс аталған банктердің тиімсіз бизнес-моделі кесірінен орын алуда. Бұған сондай-ақ сапалы қарыз алушылар және депозиторлар үшін ірі банктермен қатаң бәсекелестіктің ары қарай күшеюі де ықпал етпек. Азаматтардың және заңды тұлғалардың өз салымдарын үлкен көлемде алып кетуіне, жаңа кредиттер мен бұрын қайта құрылымданған проблемалық қарыздар сапасының нашарлауына байланысты стрестік сценарий жүзеге асқан жағдайда бірқатар банктерде соңғы инстанциядағы кредитор ретінде ұлттық банктің шұғыл көмегі қажет болатын жағдай туындауы мүмкін", – дейді сарапшылар.
Халықаралық Fitch рейтинг агенттігі де Қазақстанда бірқатар банктер жойылады деп болжап отыр. Оның қазақстандық банк секторына арналған есебінде, "Қазақстанда проблемалық кредиттері мен бейінді емес активтерінің қоры үлкен болып келетін әлсіз банктер сол бұрынғыдай көп болып отыр" деген байлам жасалады. Fitch бұлардың өз проблемаларын өз беттерінше шеше алмайтынына назар аудартады.
Агенттік мемлекеттің тек ірі банктерді құтқаруға ғана бейіл танытып отырғанын есепке ала келе, ұсақ қаржылық институттардың жойылатынын болжайды.
Standard & Poor's халықаралық агенттігі де барлық банктерге көмектесуге қаражаты жетіспейтіндіктен, Қазақстан үкіметінің күш-жігері ірі банктер айналасында шоғырланатынына сенімді.
"Агенттіктің пайымдауынша, Қазақстан үкіметі банк секторы үшін жүйелі маңызы бар қазақстандық банктерге қолдау көрсетуін жалғастырады, алайда мемлекеттің қолдау тәсілі бірте-бірте өзгереді. Мемлекет тарапынан қомақты көмектен көп үміттене алмайтын банктер қатарына АТФ банк пен Еуразиялық банк та жатады. Бұған осы банктердің қаржылық жүйедегі үлестерінің үлкен еместігі себеп болуы мүмкін", – деп санайды S&P сарапшылары.
Қазір бұл банктер өз қожайындарының қолдауымен дамуда.
Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында өздеріне қойылған талаптарды бұзғаны, заңнаманы сақтамағаны үшін қандай банктердің жазаланғаны туралы дерек жарияланды. Мәселен, 2019 жылғы 28 ақпанда қаржылық реттеуші "Цеснабанкке" әкімшілік айыппұл салыпты. Бұл ретте 3 млн 30 мың теңге деген сан тұр.
"Әкімшілік құқық бұзушылық банктің уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтерді және өзге де сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді қайта-қайта, бірнеше рет бұзуынан көрініс берді" деп түсіндіреді ұлттық банк.
Бұған қоса, "Шинхан Банк Қазақстан" да 3 млн 408 мың 750 теңге айыппұлмен жазаланды.
Ол "Қазақстанның кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына сәйкес ұсынылуы талап етілетін, кредиттiк тарих субъектiсiнен алынған мәліметтерді кредиттік бюроға ұсынбауы, сол сияқты уақтылы ұсынбауы не анық емес мәліметтерді ұсынуы" үшін жаза тартқан.
Альфа банкке де 762 760 теңге айыппұл салыныпты. Өйткені "Банктер туралы заңының 36-1-бабын бұзған". Бұл бап "берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге беру немесе құқықты (талап етуді) басқаға беру тәртібін" белгілейді. Бұған қоса, Альфа банкіне ұлттық банк "қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шаралары" деп аталатын үн қату шарасын да қолданып отыр.
Тағы бір ресейлік банктің филиалы – "Сбербанк России" еншілес банкіне бір емес, екі рет айыппұл салыныпты. Атап айтқанда, валюталық заңнаманы сақтамағаны үшін 126,250 теңгеден айыппұл белгіленген.
"БТА банкі" "қабылданған және шектеулi ықпал ету шараларын қолдану арқылы жүктелген мiндеттердi орындамағаны" үшін 601250 теңге айыппұл арқалады.
"Хоум Кредит энд Финанс Банк" еншілес банкі "кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына сәйкес ұсынылуы талап етілетін, кредиттiк тарих субъектiсiнен алынған мәліметтерді кредиттік бюроға ұсынбауы, сол сияқты уақтылы ұсынбауы не анық емес мәліметтерді ұсынуы" үшін 505 000 теңге айыппұлмен жазаланды.
"ЕБ "Қазақстандағы Қытай Банкіне", АТФ банкіне, "Tengri Bank"-ке (бұрынғы атауы "Punjab National Bank Қазақстан" еншілес банкі") ескерту жасалды.
"Bank RBK"-ға, "ForteBank"-ке қаржылық реттеуші әзірше жазбаша нұсқама беріп отыр.
Осы деректердің барлығы тек 2019 жылғысы ғана. Әділін айта кету керек, бұл жазалардың ешқайсысы қаржылық ұйымның жабылуына соқтырмайды және олардың беделіне кір келтірмейді. Беделіне дақ түсіретін әрекеттер басқа екені мәлім.
Ұлттық банк дерегінше, 2019 жылғы ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторының жиынтық активтері 25 триллион 213,6 млрд теңгені құрады, яғни жыл басынан бері 0,1%-ға азайған.
Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге – 48,2%, бағалы қағаздар портфеліне – 20,8%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға – 13,6% тиесілі.
Дегенмен, бұл активтердің барлығы банктің байлығы емес, иелеріне кері қайтаруға тура келетін дүниелер. Мәселен, банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2019 жылғы ақпанда 22 триллион 93,7 млрд теңге болды. Бұл міндеттемелер құрылымындағы ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 77,1%, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 7,6%, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 4,0% иеленеді.
Осы орайда шетелдік инвесторлардың кетіп жатқаны байқалады.
Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстанның бейрезиденттері (шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар) алдындағы міндеттемелері 2019 жылдың басымен салыстырғанда 6,24%-дан 3,22%-ға дейін немесе 1 триллион 328 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Төленбегеніне 90 күннен астам мерзім өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 триллион 68,2 млрд теңгені құрайды немесе банктердің несие портфелінің 8,1%-ына теңелді.
Өткен айда банктердің жиынтықты таза пайдасы (табыс салығын төлегеннен кейін ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асуы) небары 104,7 млрд теңге болған.
Бақыт Көмекбайұлы