Қазақстан Бразилия мен Мексикадан қант құрағы импортын "субсидиялауда"

4365

Шенеуніктер сөзіне сенген зауыт 700 миллион теңгедей шығынға отырды. 

Қазақстан Бразилия мен Мексикадан қант құрағы импортын "субсидиялауда"

2021 жылдың басында ақпарат құралдары Алматы облысындағы "Көксу қант зауытында" қант құрағын өңдейтін жаңа өндіріс жолға қойылғанын жарыса хабарлап жатты. Жаңа желі Бразилия мен Мексикадан тасылатын шикізатты, яғни культивацияланған "қантты қамыстың" 300 тоннасына дейін, ал бір маусымда, яғни тамыз айына дейін – 25–30 мың тоннасын дейін өңдейтіні хабарланды. Алайда қазіргі кезде кәсіпорынның шығын батпағына батып жатқаны анықталып отыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Кәсіпорын кірістілігінің кілті – квотаға ілігу

Жалпы, "Көксу қант зауыты" отандық қант қызылшасын өңдеп, содан ең тәтті құмшекер шығаруға маманданған еді. Енді кәсіпорын нәрлілігі төмендеу "қамысты" қантты шығаруда. Рас, жаз соңына қарай қазақстандық қызылшаның жаңа өнімі жеткізіле бастағанда, қайтадан соған оралуды жоспарлауда.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұған компания жыл бойы жұмыс істеу үшін барыпты: тек қызылшаны ғана өңдегенде, жұмыс негізінен астық мол болатын жаз бен күзде – небары 4–5 ай бойы қызып, қыс пен көктемде саябырсып қалатын көрінеді.

Оның үстіне қызылшаға қарағанда, қант құрағы шикізатын өңдеу шығыны әлдеқайда аз деседі. Өнімі де ылан-ойран, көп. Мысалы, мамандардың мәліметінше, қант қызылшасын өңдеу кезінде әдетте оның 12–13%-ынан ғана тап-таза қант алынады. Ал қант құрағын өңдеу нәтижесінде ол 97–98%-ға дейін қантқа айналады.

Кәсіпорын жаңа өндірісті өркендету үшін алыс-жақын шетелден жабдықтар импорттады: австрияның Andriz компаниясының арнайы сорғы құрылғыларын, жапондық автоматты қондырғыларды, сондай-ақ Германия, Ресей, Украинадан басқа да қажетті жабдықтарды тасыды. Осы мақсатта 600 мыңнан астам доллар жұмсады. Желіні әзірлеп, іске қосуға 2 жыл кеткен. Мамандар даярланған. 

Бірақ осының бәрі, жаңа өндіріс желісі әзірге қыруар шығын әкелуде. Оның өзін-өзі ақтайтын, пайда әкелетін межесі сағымдай алыстады.

2021 жылғы 23 сәуірде Еуразиялық экономикалық комиссия №33 шешімімен ақ қант және құрақ қанты шикізатына қатысты Кеден одағы комиссиясының бірқатар шешіміне өзгеріс енгізді.

Еуразиялық одақтың ұлтүстілік органының осы шешіміне сәйкес, таяуда, 2021 жылғы 19 шілдеде Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің бұйрығымен "Қазақстан Республикасының аумағына ақ қантты және құрақ қанты шикізатын әкелуге квоталарды бөлу қағидалары" бекітілді.

Осы құжат бойынша өнеркәсіптік өңдеуге арналған құрақ қанты шикізатына квота белгіленді, сол квота аясында әкелінген "тәтті қамыс" Қазақстан аумағына тасылу кезінде кедендік әкелу бажын төлеуден босатылды. Отандық құмшекер өндірушілер бұл құжатты зарыға күтті. Енді оның кешіккеніне наразы: биылғы бірінші жартыжылдықта көп шығын шеккенін айтып, шағымдануда. "Егер ертерек енгізілгенде, біраз ақша үнемдейтін едік" деп өкінеді.

Бразилиялық "қамысқа" жеңілдік берген жөн бе?

"Назар аударатын жайт, Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы жыл басында-ақ 2021 жылғы көктемде шетелден тасылатын қант құрағына қайтадан квота енгізілетінін мәлімдеген болатын. Осыдан үміт қылған біздің компания Бразилиядан қант құрағы шикізатын жеткізу үшін шетелдік жеткізушілермен бірқатар келісімшарт бекітті. Себебі біз биылғы бірінші жартыжылдықта-ақ осы шикізатты әкелуге ауқымды квота аламыз деп ойладық қой. Бұл ретте мұндай қантты шығарудың кірістілік-рентабельділігі бойынша барлық экономикалық есептемелері де, сондай-ақ ақырғы өнімнің бағасы да квота бойынша кедендік рәсімдеуге, яғни кедендік әкелу бажын төлеуден босатылуға негізделді", – дейді "Көксу қант зауыты" ЖШС директоры Алтынбек Абатов.

Алайда елімізде осы шикізат импортына жеңілдік беретін квотаны енгізу мәселесі созбалаңға салынып кетті. Әділін айта кету керек, бұл кешігу мемлекетімізге қолайлы болды: бюджетке барынша көп алым-салық түсті. Ал бизнес үшін тиімсіз.

"Квота жоқ екен деп зауытты қаңтарып, қарап отыра алмадық. Квота туралы қағидалар шыққанға дейін, қант құрағы шикізатын импорт режимінде, жалпы негіздерде кедендік рәсімдеуді жүзеге асырып, мемлекетке тиесілі 5% кедендік әкелу бажын төлеп, тасуға мәжбүр болдық. Салдарынан, кәсіпорынның қаржылық ахуалы күрделенді. Бүгінде зауыт әлі күнге шығынмен жұмыс істеуде. Қызметкерлер штатын қысқартуға тура келуі мүмкін. Өйткені кәсіпорында 500-ден астам адам еңбек етеді, оларға жалақы төлеу үлкен қаражатты қажет етеді. Мемлекет бұған дейін төлеген кедендік баж салығын қайтарса, бізді тығырықтан шығарар еді", – деп дәмеленеді зауыт басшысы. 

Оның үстіне "квотаның мөлшері және қолданылу мерзімі" деп аталатын 1-қосымшада квотаның қолданыс мерзімі "2021 жылғы 15 мамырдан бастап 2021 жылғы 30 қыркүйекке дейін" делінген. Осыны алға тартқан қант зауыттары мемлекеттен 15 мамырдан бері төлеген алым-салықтарын кері қайтарып алуға ниеттенуде. Ал бұл қомақты қаражат!

"Мысалы, "Көксу қант зауытының" өзі 2021 жылғы 15 мамырдан бері елге үлкен көлемде құрақ қанты шикізатын сатып алды. Оны бізге екі контракті аясында франциялық "Sucres et Denrees SA" және швейцариялық "Louis Dreyfus Company Suisse SA" компаниялары жеткізді. Биылғы 15 мамыр мен 27 шілде аралығында жалпы көлемі 21 мың 384,65 тонна шикізат тасыдық. Оны кедендік рәсімдеу кезінде 5% мөлшерінде кедендік әкелу бажын төледік, бұл бізге 198,5 миллион теңгеге түсті. Бұған қоса, 499,1 миллион теңге көлемінде қосылған құн салығын төлеуге мәжбүр болдық. Бұдан бөлек, 620 мың теңге кедендік алым төленді", – дейді зауыт басшысы Алтынбек Абатов.

Әрине, былайғы жұрт "Бразилия мен Мексиканың қантты "қамысын" салықтан босатып, қолдаудың қажеті қанша?" деп ойлауы мүмкін. Бірақ экономистердің айтуынша, шынында, мұның қажеттілігі бар.

"Қай салада да өңдеу өнеркәсібін дамытқан жөн. Мысалы, аумағында ірі кен орындары жоқ Беларусь мұнай өңдеу зауыттарында Ресейдің "қара алтынын" өңдеп, Еуропаны, Ресей мен Украинаны жанар-жағар маймен қамтып отыр. Өзінде сапалы қатты бидай шықпайтын Өзбекстан Қазақстанның бидайын тасып, ұн түрінде Ауғанстанға, өзге де елдерге экспорттап, пайда табуда. Демек, бразилиялық қант құрағын шикізат түрінде әкеліп, одан құмшекер өндірсе, одан тек ұтамыз. Мемлекеттің бұл өнім түрін кедендік баждан босатып, қолдауы содан. Оның үстіне бұл сала елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады. Бірақ солай екен деп, олардың шығынын бюджеттен өтей беруге болмас. Ең алдымен бұқара халыққа қамқорлық жасау керек. Бизнестің де соған өз үлесін қосқаны жөн", – дейді экономист Марат Ерғозин.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу