Сарапшы: Қазақстан "цугцванг" деп аталатын нүктеде тұр

6214

Ресейге салынған санкциялардың бізге түсер салмағы қандай?

Сарапшы: Қазақстан "цугцванг" деп аталатын нүктеде тұр

"Қаңтар оқиғасын ішкі фактор деп қарастырсақ, көрші елдерде болып жатқан шиеленіс (Ресей мен Украинадағы әскери конфликт – авт.) – сыртқы фактор. Еліміз жай ғана турбулентті кезеңге тап болған жоқ, дәл қазір, шахмат тілімен айтсақ "цугцванг" деп аталатын нүктеде тұрмыз деп айтуға болады. Яғни кез келген шешім бізге оң нәтиже алып келмеуі мүмкін, үкіметтегілердің алдында тым болмаса теріс әсері аз шешімдерді қабылдау міндеті тұр", – дейді макроталдаушы Аякөз Ханетова. 

Ресей – қазір әлемдегі ең көп санкция салынған ел. Castellum базасының дерегіне сүйенсек, Иран мен Солтүстік Кореядан "озып" кетті. Бұл елге қарай соққан желдің салқыны "одақтас" Қазақстанға да тиіп жатыр. АҚШ-тың елшілігі "санкциялардың әсері басқа елдерге, оның ішінде Қазақстанға да, азырақ болады" деп мәлімдеген. Ел үкіметі де осыған ұқсас мәлімдеме жасады. Дегенмен сарапшылардың пікіріне қарағанда, соның өзі оңай соқпайтын түрі бар. 

Макроталдаушы Аягөз Ханетова "санкциялар тікелей әсер етеді" деп айтады. Осы орайда оның экономика тұрғысынан жүргізген зерттеуіне үңіліп, төніп тұрған қатерлерге рет-ретімен тоқтала кетсек дейміз.

Экспорт

"Шикізат көзін экспорттауға тәуелді болып отырған бізге мұнайды Еуроодаққа кідіріссіз жеткізу – үлкен міндет. Бұл кезеңде логистикалық шоктан қатер төнуі мүмкін. Өйткені Каспий құбыры консорциумы арқылы Қазақстаннан экспортталып жатқан мұнай Ресейдің Астрахань облысы, Қалмақ Республикасы, Ставрополь және Краснодар өлкелерінен өтеді. Сосын Қара теңіздегі "Новороссийск" деген ресейлік теңіз порты арқылы танкерлерге тиеледі, содан кейін барып Еуроодақ елдеріне жөнелтіледі. Осы консорциумның ең ірі акционерлері: Ресей Федерациясы ("Транснефть" арқылы басқарылады) - 31%,Қазақстан Республикасы ("Қазмұнайгаз" - 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC - 1,75%) - 20,75 және тағы басқа жеке компаниялар. БАҚ-та "28 ақпанда, ЕО елдерінің мәліметі бойынша, портқа шектеулер қойылды" деген ақпарат тарады. Анығында шектеу қойылса, мұнайды экспорттауда өте үлкен қиындықтар туындайтыны айқын", – дейді Аякөз Ханетова.

"Серіктес"

Ал санкциялар қалайша тікелей әсер етеді? "Оның басты себебі Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда серігі. Әсіресе Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзінің үлесін жылдан жылға арттырып келеді", – дейді сарапшы. 

"Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсандағы  Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 24,2 млрд доллар болды. Оның ішінде экспорт – 6,9 млрд доллар, импорт – 17,3 млрд доллар. Ресейдің біздің экономикамыздағы үлесі орасан зор. Байқап тұрғандарыңыздай, сауда теңгерімі теріс, яғни экспорттан импортты алып тастағанда ортадағы айырмашылық – 10,4 млрд доллар. Демек біз бұған дейін Ресей тауарларымен қоса ондағы инфлицияны да қоса импорттап отырмыз. Рубль құлдырағаннан кейін Ресейден келетін тауарлар әлдеқайда қымбаттайды, осы инфлияциялық шоқ қарапайым халықтың қалтасын жұқартады деген сөз", – дейді маман.  

Нақты сандарға үңілсек, 2021 жылы елімізге сырттан енгізілген барлық тауардың 42 пайызы Ресейден келді. Олар өңделген азық-түлік, отын мен энергетикалық өнім және өндірістік тауарлар. Ал біз сыртқа тауар шығаратын елдердің көш басында да (үшінші орын) – Ресей.

Дефолт қатері

Тағы бір мәселе – Қазақстандағы ресейлік еншілес банктердің ликвидності төмендеп, жергілікті банктердің немесе Ұлттық банктің көмегіне жүгінуі мүмкін. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін оларға қаржылық көмек көрсетілуі тиіс болады. 

"Көптеген қарыз алушы шағын және орта бизнестің Ресей немесе Украина компанияларымен келісім-шарттары бар, олардың орындалмауы несиелік қабілеттілікке айтарлықтай әсер етеді және нәтижесінде банктің несие портфелінің көрсеткіштерін нашарлатады. Жақында банктерді қайта капиталдандыру қажеттілігі туындауы әбден мүмкін және мұны тағы да мемлекет емес, акционерлер жасаса жақсы болар еді", – дейді Аякөз Ханетова.

Валюта

Рубль құнсызданғандықтан басында Ресейден келетін тауарлар арзан болып инфляцияға қысым бәсеңдеуі де мүмкін. Бірақ маманның сөзіне қарағанда, ұзақ мерзімді алып қарасақ, біздің нарықты ресейлік импорт одан әрі жаулап алып, отандық бизнес қатты дағдарысқа ұшырауы мүмкін. 

"Негізі теңгенің құнсыздануы экспортерлер үшін өте ыңғайлы. Қазір мұнайдың бір баррелі теңгемен есептегенде 50 000 теңге шамасында, яғни Ұлттық қордың шығынын аздап қысқартуға болады. Өйткені бюджеттегі дефицитті қаржыландыру үшін валюта азырақ қажет болады. Шынын айту керек, біздің валюта қазір сыртқы факторларға көбірек тәуелді. Рубльдің одан әрі әлсіреуі теңгенің әлсіреуін тудырады. Әлемдік нарықтардағы құбылмалылықтың күшеюі теңгеге қиындық туғызып жатыр. Осы орайда Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 13.5%-ға дейін көтерді. Бұл теңгелік активтерді  сақтауға көмектеседі, олар неғұрлым тартымды болу үшін – мөлшерлеме жоғары болады. Дегенмен мұның нәтижесі алдағы уақытта көрінеді", – дейді сарапшы.

Жұмыссыздар миграциясы

Ресейге жұмыс іздеп кеткен отандастарымызбен қоса сол елдің азаматтары да жұмыс іздеп келуі мүмкін. Бәсекелестік күшейе түседі, әсіресе IT секторда. 

Құрылыс

Шикізат материалдарының қымбаттауы құрылыс нысандарының қымбаттауына әкеледі. 

"Құрылыс компанияларының өкілдері қазірден бастап шикізат пен материалдан тарығып жатқанын, Ресей тарапынан тасымалдың тоқтап жатқанын, не болмаса өте қымбаттағанын айтып жатыр. Үйлердің бағасы одан сайын қымбаттауы ықтимал", – деп болжайды Аякөз Ханетова.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу