Қазақстан ел қаржысын құйып жатқан шетелдік банктің активтері бұғатталды

3885

Банк өз қаражаттарын құтқару үшін келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.

Қазақстан ел қаржысын құйып жатқан шетелдік банктің активтері бұғатталды Фото: inbusiness.kz

Осы аптаның басында, 2023 жылғы 3 сәуірде Президент "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Еуразия даму банкінің төленген жарғылық капиталындағы Ресей Федерациясы үлесінің бір бөлігін сатып алу және сату туралы келісімді ратификациялау туралы" заңына қол қойды.

Отандық және шетелдік сарапшылар Қазақстанның бұл қадамының орындылығына күмән келтірген.

Экономистер бұрынғы билікті отандық коммерциялық банктерді құтқаруға халық қаржысын босқа шығындағаны үшін қатаң сынап келген еді. Бұл ретте Үкіметтің былтыр отандық емес, ресейлік "Сбербанктің" санкцияға іліккен еншілес банкін ұлттық "Бәйтерек" холдингі қаражатына аман сақтап қалуы қазақстандықтардың төбе шашын тік тұрғызып еді. Сорақысы сол, "еститін мемлекет" құрып жатқан Үкімет Сбердің банкрот алдында тұрған еншілес банкін қанша ел қаржысына сатып алғанын сол бойы халыққа хабарламады.

Енді міне, билік жаңа деңгейге көтеріліп отырған көрінеді.

Осы орайда inbusiness.kz Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы санкциялары кесірінен Еуразия даму банкінің (ЕАДБ) қаражаттары да бұғатталып қалғанын жазды. Ал Қазақстан билігі дәл осы банктің ресейлік үлесін сатып алу үшін шұғыл түрде арнайы заң қабылдап отыр.

Ашық дереккөздерде жарияланған дерекке жүгінсек, ЕАДБ-ның 410 млн доллардан астам активі бұғатқа түсіп қалды. Оның ішінде қаншасы Қазақстанның ақшасы екені жария етілмеді.

Еуразия даму банкінің (ЕАДБ) қаражаттары Еуроодақтың санкциялық шектеулері аясында 2022 жылы бұғатталды. Бұл туралы енді белгілі болып отыр. Ол жайында аталған халықаралық қаржы институтының 2022 жылды қорытындылаған және биылғы ақпанда бекітілген жиынтықты қаржылық есептемесінде жазылды. 2022 жылдың соңы мен 2023 жылдың басын қамтыған аралықта банкке қатысушы елдер айналасының бәрін бүлдіріп біткен Ресейдің сондағы миноритарлық акция пакеттерін сатып алды. Нәтижесінде, ЕАДБ-дағы бақылау пакетін өз уысында ұстап келген Мәскеу онысынан айрылып қалды.

Биылғы жылғы қаңтарда банк Еуропалық комиссияның санкцияға ілікпеген тұлғаларға қатысты түсініктемесіне сай, бұғатталған активтерін босатуды сұрап, Бельгия мен Люксембургтың реттеуші органдарына мәлімдеме бағыттады.

Өкінішке қарай, банкке көп қаржы құйып отырған ел Қазақстан болғанымен, ұйымның сайтының қазақша нұсқасы жоқ. Ол есебін де орыс тілінде ұсынады, сондықтан аудармасын беруге тура келеді.

"2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қазынашылық портфелдегі қаржылық институттардың қаражаттары 2022 жылдың басында Еуропалық одақ енгізген санкциялық шектеулер аясында банктің (ЕАДБ) уақытша бұғатталған қаражаттарынан да тұрады. 2023 жылғы 7 қаңтарда аталған активтерден шектеуді алып тастау мақсатында банк Бельгия мен Люксембургтың реттеуші органдарына бұғаттаудан босату туралы өтініш бағыттады. 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша банк 51 млн 407 мың доллар сомасында резерві барын мойындады", – делінген қаржылық есептілікте.

Еуроодақ бұғаттап тастаған банк қаражатының сомасы 410 млн доллардан асатыны ЕАДБ-ның Қысқартылған аралық қаржылық ақпаратында жазылған.

Оның үстіне банк бұдан шығын шегуде: қаражаттардың бұғатталуынан келген шығын 2022 жылдың маусымының соңында 34 млн доллардан асып кетіпті. Одан бері 9 ай өтті.

"2022 жылдың басында геосаяси шиеленістің эскалациясы салдарынан, Еуропалық Одақтың ресейлік "Ұлттық есептік депозитарий" банктік емес кредиттік ұйымы акционерлік қоғамына салған санкциялық шектеулері аясында Euroclear Bank S.A. банкіндегі "Ұлттық есептік депозитарий" (ҰЕД) шотында орналастырылған Еуразия даму банкінің қаражаттары да бұғатталды. 2022 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша ЕАДБ-ның Euroclear Bank S.A. банкіндегі ҰЕД шотында бұғатталған қаражатының көлемі 413 млн 157 мың АҚШ долларын құрайды... Бұғатталған қаражаттарды басқару мүмкіндігінен уақытша айрылу салдарынан банктің уақытша шығындары 2022 жылғы 30 маусымда 34 млн 273 мың АҚШ доллары көлемінде болды", – делінген ЕАДБ есептілігінде.

Бұл банк халықаралық саналғанымен, 2006 жылы құрылғалы бері оның негізгі акционері Ресей болды. Биылғы қаңтар айында Қазақстан Ресейдің 4,2% акциясын 20 млрд теңгеге сатып алды. Бірақ бұл басы ғана.

Енді міне, Қазақстанның Еуразия даму банкінің жарғылық капиталындағы үлесін арттыратын заң қабылданып отыр.

Нәтижесінде, ЕАДБ-ның жарғылық капиталындағы Қазақстанның үлесі бұрынғы 32,99%-дан 37,29%-ға дейін ұлғаяды. Ресейдің үлесі бұған дейінгі 65,97%-дан 44,78%-ға дейін азаяды. Яғни, Қазақстанның жүгі ауырлағалы тұр.

Бірақ бұдан Қазақстанға қандай пайда келетіні, оның кредиттік саясатының қалай өзгеретіні, банк аппаратының құрылымына қалай ықпал ететіні белгісіз болып қалуда. 

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы үкіметаралық келісімді жүзеге асыру қазақстандық бюджеттен 2024–2027 жылдары 29,9 миллиард теңгеден астам қосымша шығынды талап ететін болады.

Жалпы, осы еуразиялық банкке Қазақстан сыртында, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан кіреді. ЕАДБ жарғылық капиталы 7 млрд долларды құрайды. Одан мысалы, Үлкен Алматы айналма автокөлік жолын салушы шетелдік концессионер 135 млн доллар қарыз алыпты. Мемлекет Атырау қаласының көшесін жарықтандыру үшін одан кредит тартқан.

Кредиттерінің көбі жүз миллион долларға жетпейтін, ұсақ болып келеді. Ресей тарапы жол салушы корпорациясы үшін 8 миллиард рубль кредит алыпты. Негізі, солтүстік көрші одан қарызды рубльмен ғана алатыны байқалды, осы арқылы төл валютасын қолдаса керек. Жобалары арасында көлік инфрақұрылымы, банктер, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, машина жасау салалары қамтылған.

Еуразия даму банкінің баспасөз қызметі банк қаражатының бұғатталуына қатысты түсініктеме берді.

"9 айдан астам уақыт бұрын, 2022 жылғы маусымда Еуропалық Одақ Ұлттық есептік депозитарийге қарсы бұғаттаушы санкциялар енгізді. Соның кесірінен, бельгиялық Euroclear банкі өзінде жатқан ҰЕД қаражаттарын бұғаттап тастады. Санкцияға тап болған ҰЕД қаражаттарының бұғатталуы салдарынан ҰЕД шоттарында орналастырылған түрлі шетелдік компаниялар мен ұйымдардың қаражаттары да бұғатталып қалды. Бұдан 5 миллионнан астам жеке және институционалдық инвестор зардап шекті. Олардың арасында Еуразия даму банкі (ЕАДБ) де бар. Ол сол кезде ҰЕД-дағы төл шотында қаражатын ұстаған болатын. Өз кезегінде ҰЕД ол қаржыны Euroclear-ға салған", – деп мәлім етті Еуразия даму банкі.

Оның түсініктемесі бойынша 2022 жылғы желтоқсанда бельгиялық реттеуші органдар санкцияға түспеген тұлғалар мен ұйымдардың өз қаражаттарын бұғаттан босату туралы өтініш беру тәртібін жариялады.

"2023 жылғы 7 қаңтарда ЕАДБ, халықаралық қаржы ұйымы және санкция салынбаған тұлға ретінде Бельгияның реттеуші органдарына аталған рәсім бойынша қаражаттарды бұғаттаудан босату туралы өтініш берді. Қазіргі уақытта рәсімдерге сәйкес бельгиялық реттеуші органдармен арада қаражаттарды бұғаттан босатудың тәртібі мен шарттары туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді Еуразия даму банкі.

Қаржылық ұйым 2022 жылдың қорытындысында барлық жоспарлы көрсеткіштерді асыра орындағанын хабарлады. Қазақстанға 1,2 млрд доллар несие берген. Бұл 2021 жылдан 5 есе көп екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу