Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемде инвестиция үшін күрес жүріп жатыр – Мәулен Әшімбаев

350

Елдің инвестициялық ахуалының өзге мемлекеттерге қарағанда тартымды болуын қамтамасыз ету маңызды. 

Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемде инвестиция үшін күрес жүріп жатыр – Мәулен Әшімбаев Фото: ҚР Парламент Сенаты

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев палата отырысында дүние жүзінде инвестиция үшін үлкен күрес жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және экономикалық өсімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сенат төрағасы бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын баса айтты. 

"Банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағытта инвестиция тарту – маңызды шарт. Қазір Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемде инвестиция үшін үлкен күрес, бәсеке жүріп жатыр. Яғни, қолайлы жағдай жасап жатқан басқа да мемлекеттер бар. Сол себепті, біз өзіміздегі инвестициялық ахуалдың өзге мемлекеттерге қарағанда тартымды болуын немесе одан кем болмауын қамтамасыз етуіміз керек", - деді ол.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ел экономикасына жақын арада айтарлықтай қаражат құйылады.

"Бүгін қаралған келісім (ред. – Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісім) аясында осы бағыттар бойынша инвесторға мүмкіндіктер беріледі. Аталған жұмыстың бәрі ұлттық заңнама аясында жүргізілетінін айрықша атап өтуіміз керек. Үкімет бәрін бақылап отырады, алдағы уақытта келісім және келетін инвестициялар еліміздің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономикамызды жаңа белеске шығаруға қызмет етеді деп сенеміз", - деп атап өтті Сенат спикері.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстанға Қатардан 20 млрд доллар инвестиция тартылатынын жазған болатынбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу