Қазақстанға Қатардан шамамен 20 млрд доллар инвестиция тартылады

188

Қаражат 9 бірлескен нақты инвестициялық жобаны іске асыруға бағытталмақ. 

Қазақстанға Қатардан шамамен 20 млрд доллар инвестиция тартылады Фото: gov.kz

Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы" заң мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Заң бойынша баяндама жасаған сенатор Бибігүл Аққожинаның сөзінше, келісім еліміздің аумағындағы телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия, көлік, қаржы және басқа да салаларда 9 бірлескен нақты инвестициялық жобаны іске асыруды көздейді. 

"Атап айтқанда, "Қашаған" кен орнындағы газ өңдеу зауыттарын; Қостанай облысындағы компрессорлық станция мен магистральдық газ құбырын; "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральдық газ құбырының екінші желісін; Ертіс өзеніндегі су электр станциясын; Қызылорда облысындағы электр станциясын салу жөніндегі жобалар; сондай-ақ, "Береке Банк" акционерлік қоғамының 100% акциясын және "Мобайл Телеком-Сервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100% қатысу үлесін сатып алу бойынша жобалар. Келісімде Қазақстан Үкіметінің бірқатар міндеттемесі көзделгенін атап өткен жөн. Мәселен, Үкімет Келісімнің шарттарын өзгерту, кедергі келтіретін және жоя алатын заңнамалық актілерді қабылдай алмайды", - деді ол.

Келісім шеңберінде Қазақстан Республикасы стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу үшін жабдықтарды, шикізаттар мен материалдарды әкелу кезінде кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттемелерден босату, сондай-ақ Қазақстан заңнамасында көзделген салықтық жеңілдіктер беретін болады. 

"Бұл ретте инвестор осы келісім күшіне енген күннен кейін қандай да бір жаңа салықтарды төлеуге немесе Қазақстан заңнамасында енгізілген қандай да бір басқа төлемдерді жүзеге асыруға міндетті емес. Стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңінде және одан кейінгі 20 жыл ішінде Қазақстанның трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы инвесторларға қолданылмайтыны туралы атап өткен жөн. Сондай-ақ, келісім еліміздің аумағында инвестициялау кезінде инвесторлардың тәуекелдерін болдырмайды. Мемлекеттік немесе қоғамдық мақсаттар үшін шаралар қабылданатын жағдайларды қоспағанда, аталған қаражатты экспроприациялауға, мемлекет меншігіне алуға, реквизициялауға немесе қандай да бір өзге шараларға ұшырамайды", - деді Сенат депутаты.

Бибігүл Аққожинаның қажет болған жағдайда қос тарап стратегиялық инвестициялық жобаларға қатысты жеке үкіметаралық келісім жасай алатынын жеткізді. Келісімді жүзеге асыру жалпы сомасы шамамен 20 млрд доллар болатын инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу