Қазақстан халқының саны 2050 жылы қаншаға жететіні белгілі болды

431

Мемлекет демографияға "дем беру" үшін ғалымдарға миллиардтап гранттар бөліп жатыр.

Қазақстан халқының саны 2050 жылы қаншаға жететіні белгілі болды Фото: amanatpartiasy.kz

Отандық демографтар дабыл қағуда, елде дүние есігін ашатын балалар саны жыл өткен сайын қарқынды азайып барады. Жыл сайын 400 мыңнан астам сәби өмірге келетін заман көп артта қалды.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2019 жылы – 401 869, 2020 жылы – 426 726, ал, 2021 жылы – 445 875 бөбек шыр етіп, дүниеге келген.

Одан кейін аналар бала тууды күрт кемітті. 2022 жылы – 403 893, 2023 жылы – 388 428, 2024 жылы – 365 923 бала ғана туылыпты. Биылғы жылы одан да кем болатын түрі бар.

Статорган мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар-мамырда 133 562 бөпе туған. Қалған 7 айда көрсеткіш әрі қарай төмендей берсе, биыл демографиялық "апат" тіркелуі мүмкін.

Оның үстіне 133 мыңдай ғана бала өмір есігін ашқанда, сол 5 айда 53 546 қазақстандық қайтыс болған.

Мұны Сенатқа хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов те жасырмады.

"Халықаралық ұйымдардың, соның ішінде БҰҰ Даму бағдарламасының талдауына сәйкес, Қазақстанда айтарлықтай демографиялық өзгерістер болып жатыр. Соның әсерінен Қазақстан халқының саны саны қазіргі 20,3 млн адамнан 2050 жылы 24,3 миллион адамға дейін ғана өседі деп болжануда. Өсім – небәрі 23%. Бұл өсу өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына және туудың өзге елдермен салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіштеріне байланысты. Республикада бір әйелге 3 баладан келеді", – деді Премьер-министр.

Салыстырсақ, сол БҰҰДБ сарапшыларының бағалауынша, көрші Өзбекстан халқының саны қазіргі 37,7 миллионнан ғасыр ортасында 52 миллионға дейін жетеді. Яғни, бүгінде оңтүстік көршінің тұрғындарының саны біздегіден 1,8 есе көп болса, ғасыр ортасында Қазақстан халқынан 2,13 есеге асып түседі.

Осының алдында Сенат демографияға жауапты меморгандардың есептеріне, қызметіне талдау жүргізді. Оның қорытындысы уәкілетті құрылымдардың пәрменсіз тірлігін, тиімділігінің төмен дәрежесін және осы стратегиялық салаға қатысты кешенді тәсілдің жоғын көрсетіпті.

"Сонымен қатар, қолданыстағы демографиялық саясат фрагментті және нақтыланбаған сипат алуды жалғастыруда. Демография мен көші-қонды басқару функциялары әртүрлі ведомстволар арасында шашыраңқы таратылған, бұл жүйелі талдауды, белсенді жоспарлауды болдырмайды. Салдарынан, демографиялық дамудың бірыңғай жүйесі жоқ, іске асырылатын бағдарламалардың тиімділігі төмен, институционалдық және аумақтық теңсіздіктер күшейе береді", – делінген жоғарғы палатаның қорытындысында.

Осыған байланысты Сенат Үкіметке "Қазақстанның демографиялық саясатының тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауды" ұсынды. Палата бұған дейін салаға қатысты бағдарлама болғанын еске салды.

Алайда 2011 жылы мемлекеттік демографиялық саясат тұжырымдамасының күші жойылған соң елде осы бағыттағы стратегиялық басымдықтарды айқындайтын жүйелі негіздемелік құжат қалмады.

Бұл, сенаторлардың байламынша, жаппай институционалдық вакуум туындатып, елді ведомствоаралық ықпалдастық пен бағдарламалық мақсат қою құралынан айырды.

Бұл ретте Сенат Қазақстанға бірқатар тұрақты және күшейіп келе жатқан келесідей демографиялық қауіп-қатерлер төнгенін жариялады:

  • Туу деңгейінің тоқтаусыз төмендеуі: Ұлттық статбюро дерегінше, туудың жиынтық коэффициенті (1 әйелге шаққандағы барлық балалар саны) 2021 жылғы 3,32-ден 2024 жылы 2,80-ге дейін құлдырады және теріс үрдіс одан әрі жалғасуда.
  • Халықтың қартаюы: 60 жастан асқандар үлесі 13,2%-ға жетті және 2050 жылға қарай 16,7% деңгейінде болжанады, бұл БҰҰ жіктемесі бойынша Қазақстанды "қартайған қоғам" санауға жеткілікті;
  • Аймақтық диспропорциялар: бірқатар солтүстік және шығыс аймақтарда депопуляция, тұрақты көші-қон ағыны процестері байқалады;
  • Урбанизацияның екпінді өсуі: ауылдар, тіпті шағын қалалар деградациясы ушықты, мегаполистер мен агломерацияларда керісінше, халық шектен тыс шоғырлануда;
  • Демографиялық сын-қатерлердің кешенділігі, қордалануы. Мұның бәрі бытыраңқы жеке бастамаларды емес, біртұтас, ведомствоаралық үйлестірілген және ғылыми негізделген тәсілді қажет етеді.

"Сондықтан, салаға арналған тұжырымдама адамның өмірлік циклін тегіс – туғаннан бастап қартайғанда белсенді ұзақ өмір сүруге дейінгі барлық кезеңдерін қамтуға тиіс. Сондай-ақ, ол аумақтық саясаттан, еңбек ұтқырлығынан, репродуктивті және көші-қонды жоспарлау құралдарынан тұруы шарт. Бұл Қазақстанның 2050 жылға қарай өзінің демографиялық келбетін қалай көретінін айқындайтын бағдарлама болғаны жөн", – деді сенатор Амангелді Толамисов.

Жалпы, елде осы салаға нақты жауап беретін бір мекеме жоқ, оның жүгі-міндеті әр меморганға артыла салынған. Салдарынан, жауап беретін тұлға табылмайды.

"Біз Үкіметтен "жаңа орталық меморган құр!" деп сұрай алмаймыз. Өйткені бұл Президенттің мемлекеттік аппаратты оңтайландыру бағытына қайшы. Алайда қазіргі конфигурацияда демографиялық саясат үшін жауапты бірыңғай орталық жоқ екенін атап өтемін. Бұл өкілеттіктердің бұлыңғырлануына және басқарудың төмендеуіне соқтырды. Ендеше қолданыстағы меморгандардың біріне нормативтік деңгейде тиісті функцияларды бекітіп, кеңейтілген үйлестіру мандатын беру нұсқасын қарастыруды ұсынамыз", – деді сенатор.

Мұндай қадам біріншіден, халықтың өсімін молайту, көші-қон, жұмыспен қамту, әлеуметтік саясат және өңірлік жоспарлау саласында тұтас стратегиялық үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Екіншіден, демографиялық процестер мен мінез-құлық факторларының жүйелі мониторингі негізінде ол болжамдық және сценарийлік тәсілді енгізеді. Үшіншіден, бағдарламаларды, индикаторларды, бюджеттік басымдықтарды келісуді қоса алғанда, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тұрақты тетігін құру қажет.

Төртіншіден, бір мекеменің болуы жауапкершілікті, ресурстарды және сараптаманы бір операциялық шешім қабылдау орталығында шоғырландыруға алып келеді. Орталық ұлттық және аймақтық деңгейде бүкіл демографиялық күн тәртібінің драйвері бола алады.

Осы орайда сенаторлар демографтарды, әлеуметтанушыларды, экономистерді, урбанистерді, репродуктивті денсаулық сақтау мамандарын біріктіріп, "Демографиялық және көші-қон процестерін талдаудың ұлттық орталығын" құру бастамасын көтерді.

Бірден айта кетелік, Үкімет басшысы Сенат депутаттарының осы барлық ұсыныстарын қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты. Біріншіден, демографияға арналған жеке бағдарлама немесе тұжырымдама әзірлемейді және қабылдамайды.

"Қолданыстағы стратегиялық құжаттар демографиялық даму бойынша шараларды жеке салалық тұжырымдама қабылдамай-ақ жүзеге асыруға мүмкіндік береді", – деп шорт кесті Олжас Бектенов.

Екіншіден, салаға жауапты жеке ведомствоны да, орталықты да құрмайды. Айтқандай, халқы жоғары қарқынмен өскен Өзбекстанда демографияға жауапты жеке құрылым бар.

"Себебі, демографиялық саясат салааралық сипатта ие және көптеген меморганның қызметін қамтиды. Оған әлеуметтік, денсаулық сақтау, отбасы, гендерлік, білім беру және басқа да қаптаған сала әсерін тигізеді. Демографиялық саясатты қалыптастыру және іске асыру моделі көлденең және тігінен құрылған", – деді Премьер-министр.

Оның мәліметінше, Қазақстанда демографиялық саясатты Мәдениет және ақпарат министрлігі (гендерлік теңдікті дамыту, отбасы мен жастарды қолдау), Денсаулық сақтау министрлігі (ана мен бала денсаулығын нығайту, халық өлімін азайту), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (атаулы көмек, жәрдемақылар және т.б.), Оқу-ағарту министрлігі (білім беру, балалардың құқықтарын қорғау), Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі (қолжетімді баспанамен қамту) қызметтің негізгі салаларына сүйене отырып үйлестіреді. Жергілікті деңгейде әкімдіктер отбасын, жастарды және жалпы халықты қолдау бойынша шараларды іске асыруда.

"Осылайша, демографиялық саясатты дамыту үшін қажетті өкілеттіктер заңнамалық актілермен регламенттелген және меморгандар арасында нақты бөлінген. Сонымен қатар, мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес оңтайлы және тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде", – деп ескертті Бектенов.

Егер жеке бағдарламасы, жеке ведомствосы болмайды екен, сонда не болады? Архивтерді толтыратын көп-көп қағаз бен террабайт ақпарат болады.

Өйткені Үкімет басшысы бүгінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Генетика және физиология институты, Философия, саясаттану және дінтану институты және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті демографиялық ғылыми зерттеулер жүргізетінін хабарлады. Оларға бюджеттен мол грант қаржы бөлінеді.

Ғалымдар әлеуметтік-демографиялық проблемаларды, әлеуметтік және гендерлік теңсіздікті, гендерлік саясатты зерттеу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуде.

Қазіргі уақытта 2361 жоба-ғылыми зерттеу "гранттық қаржыландыруға" ие болды. Тағы 264 ғылыми-техникалық бағдарлама "бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру" тетігі аясында іске асырылуда.

"Мысалы, отандық тарихшылар "Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы" атты жаңа жеті томдық академиялық басылым әзірлеуде. Ол 2021 жылдан бері бағдарламалық-нысаналы қаржыландырылуда. Міне, сол 7-ші том аясында кеңес дәуірінің демографиясы кеңінен зерттеледі", – деді Олжас Бектенов.

"Аналық капитал" сияқты тиімді тетіктерді енгізу, бала туатын аналарды қуатты қаржылай және басқалай қолдау орнына, кеңес дәуірінің демографиясын және басқасын зерттеу бала туу көрсеткішін қалай арттыратынын Үкімет сенаторларға түсіндірмеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу