Қазақстан К4 пен К5-ке көшті

4982

АИ-80 маркалы бензин өндірістен мүлдем алынып тасталды.

Қазақстан К4 пен К5-ке көшті

Былтыр еліміздің мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) 3 млн тонна бензин өндірді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға көп көрсеткіш. Ал дизель отынының өндірісі 6%-ға қысқарып, 4 млн тоннаны құрады.

Өткен бір жылда бензин бағасы маркасына қарай 17-21%-ға қымбаттады, ал жазғы дизель отынының құны – 22%-ға, қысқысы - 27%-ға өсті.  

2017 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеудің құны 709,6 млрд теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 14,2%-ға артты.

Өндірістің  59,3% - Атырау облысына, 12%-ы - Павлодар облысына, 11,2%-ы-Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі болды.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық мұнай өңдеу зауыты Еуро-4, Еуро-5 стандарттарының баламасы болып табылатын дизель отынының экологиялық таза К4, К5 түрлерін өндіре бастады.

2017 жылдың шілдесінде Шымкент МӨЗ нарыққа К4, К5 санатына жататын жоғары октанды бензин ұсынған болатын. Павлодар МӨЗ бұл істі қараша айында жүзеге асырды. Ал Атырауда өткен жылдың соңында мұнайды терең өңдеу кешені қолданысқа берілді. 2050 млн АҚШ доллары жұмсалған жоба Атырау мұнай өңдеу зауытына жылына К4, К5 санатында 5,5 млн тонна мұнай өндіру мүмкіндігін берді. Нәтижесінде автокөлік жанармайын өңдеу жылына 1 млн 700 мың тоннаға дейін, дизель шығару 23%-ға, авиакеросин өндіру 244 мың тоннаға дейін артатын болды.

Айта кетейік, мұнайды терең өңдеу кешені еліміздің жанар-жағармай мен авиациялық отынның импортына тәуелділігін қысқартуды көздейді.

Естеріңізге салайық, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР аумағында К2, К3 экологиялық санатына жататын жанар-жағармай өндірісіне тыйым салынды. Ал АИ-80 маркалы бензин өндірістен мүлдем алынып тасталды. Бұл шешімге энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов: "Мұнай зауыттары жаңғыртудан өткеннен кейін мотор майларының сапасы К-4 және К-5 стандарттары негізінде өндіріледі. Өкінішке қарай, АИ-80 маркалы бензин бұл жоспарға кірмейді. Қазіргі таңда АИ-80 маркалы бензиннің өндірісі тоқтатылды. Бұл бензиннің белгілі бір бөлігі ғана қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша өндіріліп жатыр", – деп түсінік берді.

Оның айтуынша, алдағы уақытта жанар-жағармай құю станцияларында АИ-80 маркалы бензині болмайды.

"Қазіргі таңда біз АИ-80 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасын мемлекеттік реттеуден алып тастау механизмін қарастырып жатырмыз. Енді аталған бензиннің бағасын нарық реттейтін болады. Алдағы уақытта аталған жанармайдың белгілі бір бөлігі сырттан экспортталуы мүмкін", – деді Қуаныш Құдайбергенов.

Біле жүріңіз, К2 санатындағы сұйық отын мұнай базалары мен жанар-жағармай бекеттеріндегі қор таусылғанға дейін сатыла береді.

Осыдан бірер күн бұрын өткен үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қатысты шешім қабылдауды жеделдету қажет екенін айтты.

"Мұнай мен газды қайта өңдеу  маңызды бағыт саналады. Біз бұл жайында айттық және саланы дамытатын боламыз. Ол қажет әрі бұл сала әлі де ұзақ уақыт басымдыққа ие болады. Бұған қоса, елді жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі жиі көтеріледі", – деді мемлекет басшысы.

Сөз арасында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі үш  мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылғанын тілге тиек етті.

"Біз үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырттық. Жанар-жағармай тапшылығы таяу 3-4 жылда жабылады. Одан кейін қайтадан импорттайтын боламыз. Тез арада төртінші зауыт салу қажеттігін айтқан кезде сіздер оның қажет еместігін, бізде жанар-жағармай жеткілікті болып, қайда жіберерімізді білмей қалатынымызды айтып, дәлелдедіңіздер. Яғни біз  проблема қуып жеткен кезде жұмыс істей бастаймыз. Сондықтан қазіргі уақытта бұл іспен айналысып жатқанын білемін және Қарашығанақтағы инвесторлармен әңгіме болды.  Мұнай өңдеу  зауыты бойынша шешім қабылдауды жеделдету қажет", – деді президент.

Өз кезегінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәселені зерттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын, 2019 жылы жаңа зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жоспарланып отырғанын жеткізді.

"Менің пікірімше, Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауыты қажет. Қазіргі таңда бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Зауытты салу бір жылдың жұмысы емес. Біздің болжамымыз бойынша, шамамен 2022 жылы мұнай өнімдерінің импортын өсіру қажет болады. Осы уақытқа дейін төртінші зауытты салып үлгерген жөн. Артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға қолданыстағы үш зауыттың қуаты жетпейді", – деді министр.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу