The Guardian жазуынша, 5-10 жылдан кейін Үшінші Дүниежүзілік соғыс басталуы мүмкін. АҚШ пен Еуропада, қарапайым азаматтар және сарапшылар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысында мамандар осындай қорытындыға келіп отыр.
"Сақтансаң сақтаймын" деген, мұндай аумалы-төкпелі заманда Қазақстан да қамсыз отырмағаны жөн.
Сенат депутаты Геннадий Шиповских қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы жүйесін өрістету – қазіргі күн тәртібіндегі ең көкейтесті мәселелердің бірі екенін айтады.
"Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар аталған саланың жай-күйін айтарлықтай жақсартпады. Ал, санкциялық шектеулер бұрыннан қордаланған проблемаларды мүлдем шиеленістірді. Мұны мойындау керек. Соның бірі – әскери мақсаттағы тауарлар мен өнімдерді сертификаттаумен байланысты. Қазақстан армиясының қажеттіліктері үшін ұлттық әскери стандарттарды әзірлеу және бекіту заңы тек 2020 жылы қолданысқа енгізілді. Бірнеше жыл өтсе де, әскери ұлттық стандарттарды бекіту жұмысы тиісті түрде жүргізілмеген", – дейді Геннадий Геннадиевич.
Мәселен, күні бүгінге дейін Қазақстанда өндірілген түрлі модификациядағы броньды доңғалақты әскери техника соған бейімделмеген полигондарда талай рет сынақтан өтті. Полигондағы сынақтардың нәтижелері бойынша тапсырыс берушінің, яғни, Индустрия (қазіргі Өнеркәсіп) министрлігінің сын-ескертпелері назарға алынып, пысықталды. Алайда сынақ барысында әскери техниканың өндірушілер мәлімдеген сипаттамалары сол бойы толық расталмаған.
"Бұған себеп – өндіруші мәлімдеген баллистикалық және минаға қарсы қорғаныс сипаттамаларының қолданыстағы ұлттық стандарт талаптарына сәйкестігін растайтын тиісті құзыреттері бар сынақ зертханалары және полигондары Қазақстанда жоқ! Әскери техниканың осы түрін сертификаттаудың болмауы салдарынан, егер техниканы тиісті тексерусіз алса, онда жарылыс кезінде жеке құрамның өлу және жаралану қаупі артады. Ал, әскерилердің өмірі мен денсаулығын сақтау – әскери қызметтің басты басымдығы", – деді сенатор.
Оның айтуынша, екіншіден, Қазақстанда қорғаныс-өнеркәсіп объектілерін қаржыландыру жағы кемшін. Жалпы, азаматтық салада қолданылатын ең озық технологиялар негізінен алдымен әскери өнеркәсіпте ойлап табылатыныны белгілі.
"Шын мәнінде, бұл инновациялық ғылымды қажет ететін мықты сала. Онда қандай да бір елеулі жетістіктерге жету үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту, ірі қаржылық шығындарды талап ететін технология трансфертін жүзеге асыру қажет. Алайда қазіргі уақытта қорғаныс-өнеркәсіп кешені (ҚӨК) экономиканың басқа салаларына ұтылады. Өйткені Қазақстанда компанияларға қару-жарақ пен әскери техниканы өндіруге, сатуға, техникалық қызмет көрсетуге байланысты жобаларды қаржыландыруға тыйым салынған. Тек мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындайды. Салдарынан, сала жобаларды іске асыру үшін несие тарту мүмкіндігінен айырылды", – деді Щиповских.
2023 жылы Үкіметке Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қорын құруды тапсырылды. Оның басты мақсаты – отандық ғылыми-техникалық әзірлемелер мен ҚӨК ұйымдарын жаңғыртуды қаржылай қолдау.
Қорға түсімдер талап етілмеген әскери мүлікті сатудан және әскери полигондарды жалға беруден түскен қаражат есебінен жүргізілетін болады деп болжанған.
Қор құрылғалы 1,5 жылдан астам уақыт өтті. Алайда, сенатордың мәліметінше, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының қандай да бір маңызды жобаларын қордың қаржыландырғаны байқалмайды, жобаларды қаржыландыру шарттары да белгісіз қалуда.
Сондықтан Үкімет басшысына Сенаттың бір топ депутаты ұсыныспен шықты. Олар әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу және бекіту ісін жетілдіруді, сондай-ақ қазақстандық армия үшін өндірілетін және жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың броньды қорғанысының мәлімделген сипаттамаларына сәйкестігін тексеру жөніндегі арнайы сертификаттау орталығын құруды сұрады.
Үкімет не дейді?
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың бұл ұсыныстары талқыланғанын жеткізді.
Оның дерегінше, бүгінде елде 326 әскери ұлттық стандарт қолданылады. Оны әзірлеу республикалық бюджет және ҚӨК кәсіпорындарының меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2025 жылы тағы 75 ұлттық стандартты әзірлеу (республикалық бюджет есебінен – 50, компаниялар қаражаты есебінен – 25) жоспарланған.
"Әскери стандарттау жөніндегі жыл сайынғы жұмыс жоспары мүдделі меморгандар мен отандық қорғаныс кәсіпорындарының ұсыныстары негізінде бекітіледі. Сондай-ақ, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "Steel Manufacturing" ЖШС базасында жеке броньды қорғау құралдарының сынақ зертханасын құру жұмысын жүргізуде. Былтырғы 2024 жылғы 23 қыркүйекте зауыт технологиялық жабдықты жеткізуге чехиялық Prototypa-ZM компаниясымен шартқа қол қойды. Шарт сомасы – 10 миллиард теңге, жабдықты жеткізу мерзімі – 2025 жылғы тамыз. Сынақ зертханасы 2026 жылғы ақпанда іске қосылады деп күтілуде", – деді Үкімет басшысы.
Салаға жауапты тағы бір меморган – Сауда және интеграция министрлігі ҚӨК-те техникалық реттеудің тұтас жүйесін ұйымдастыру үшін 2024 жылғы қарашада зертханалық зерттеулер жүргізуді талап ететін қару-жарақ пен әскери техниканың тізбесін айқындады.
Сондай-ақ, "Бірыңғай техникалық бақылау орталығын" құру жөніндегі іс-шараларды көздейтін жол картасын бекітті. Министрлік бұл орталықты тек 2026 жылы құруды ғана жоспарлап отыр.
Бектенов бүгінде Қазақстанда 2 әскери сынақ полигоны – Ембі және Сарышаған жұмыс істейтінін, онда әскери техника мен қару-жарақтың басқа да түрлеріне әскери сынақ жүргізілетінін алға тартты.
Премьер-министр Президенттің тапсырмасымен, отандық қорғаныс кәсіпорындарының дамуын қолдау және ынталандыру үшін "ҚӨК дамыту қоры" құрылғанын растады. Құрылғанына 1,5 жылдан асыпты, не істелді?
"Бүгінге дейін қордың қызметін реттейтін тиісті нормативтік-құқықтық актілерінің базасы қабылданды. Бұдан бөлек, Қарулы күштердің артиллериялық оқ-дәрі, зеңбірек, жауынгерлік модуль сияқты аса маңызды өнімдерге деген мұқтаждығын қанағаттандыруға бағытталған бірінші кезектегі жобалардың тізім-пулы жасалды", – деді Олжас Бектенов.
Ол жобалар жүзеге асуы үшін қаражат қажет. Тиісті қаржы қолданыстағы үш жылдық бюджеттен бөлінбепті. Тек бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Қарастырудың бітетін күнін сенаторларға Премьер-министр де айта алмады.
"Қазіргі уақытта қордың жарғылық капиталын ұлғайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін 120 миллиард теңге сомасына өтінім дайындалды. Сыртқы инвестицияларды тарту жайы пысықталады. Осы мақсатта Қытай, БАӘ, Түркия, Қатар, Сингапур және басқа елдердің бірқатар шетелдік инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде", – деді Үкімет басшысы.
Бұл жұмыстардың ақыры немен аяқталатыны, пулдағы жобаларға қаржының табылар-табылмасы әзірге белгісіз.
Премьер-министр сенаторларды "жалпы ҚӨК саласын дамыту және елдің қорғаныстық-өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайту және арттыру мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында" екеніне сендірді.