Қазақстан "Қоқысстан" атанбауы үшін не істеу керек?

1532

Республика жылына 868 млн тонна өнеркәсіптік және 120 мың тоннадан астам медициналық қауіпті қалдық шығарады. 

Қазақстан "Қоқысстан" атанбауы үшін не істеу керек?

Бүгінде қоғам белсенділері, блогерлер елді ұялту үшін республикамызға "Қоқысстан" деген терминді таңуға тырысып жүр. Расында, жауапты шенеуніктер де, көптеген қазақстандық та қоршаған ортаға бей-жай қарайтыны құпия емес.

Алайда еліміздегі қоқыстардың басым көпшілігі Кеңес Одағынан "мұраға" қалды. Яғни, еліміз өз еркімен осындай жағдайға жеткен жоқ. Қынжылтарлығы, бодан заманда қазақ жерінде тау-тау болып үйілген "тарихи өнеркәсіптік қалдықтар" бостан заманда ары қарай ұлғаюда.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда 3 мың 292 полигон қолданыста. Масқарасы сол, оның небәрі 18,26%-ы ғана экологиялық талаптарға сай келеді. Полигондардың 81,2%-ы – заңдастырылмаған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

2019 жылғы 1 қаңтардан бері елімізде полигондарда пластмассаны, макулатураны, картонды, қағазды, шыны мен металдарды көмуге тыйым салынды. Олардың бәрі жеке жиналып, өңделуге тиіс еді. Алайда өмірде олай болмай тұр. Бұған "ӨКМ операторының" қатысы бар көрінеді.

Өйткені кәсіпорындарды ынталандыру және қайталама ресурстарды, қалдықтарды жинап, қайта өңдеу жүйесін дамыту мақсатында 2016 жылы Қазақстанда өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) ендірілді. Министрліктің мәліметінше, оның орындалуына қалдықтарды бөлек жинау жүйесінің, қалдықты сорттау мен қайта өңдеу инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы кесірін тигізуде.

"2019 жылдың аяғында ӨКМ аясында 11 өңірде сынапты шамдарды жинау үшін 2 321 контейнер, қоқыстарды бөлек жинау үшін 12 196 контейнер, электр жабдықтары үшін 150 контейнер ғана орнатылды. 147 қайталама шикізатты қабылдау пункті құрылды. ӨКМ аясында 33 316 тонна пластик, 67 603 тонна шыны, 102 433 тонна макулатура, 651,7 тонна метал орама, 247 797 тонна автоқұрауыш сияқты қайталама ресурстар жиналды, 1 567 654 автомобиль кәдеге жаратылды. Алайда қалдықтарды бөлек жинау жүйесі, тұрмыстық қалдықтарды сорттау мен қайта өңдеу инфрақұрылымы жеткіліксіз дамыған. Салдарынан, қалдықтардың жекелеген түрін көмуге қатысты тыйым тиісті деңгейде орындалмайды", – деп түсіндірді экология министрлігі.

2020 жылы қатты тұрмыстық қалдықтардың бар-жоғы 18%-ы өңделген.

"221 мың тонна шошқаның улы көңі шығарылған"

Қазақстан тұрғындарының 81%-ы ғана қалдықтарды жию және әкету қызметтерімен қамтылып отыр. "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасында белгіленгендей, билік бұл көрсеткішті тек 2030 жылы ғана 100%-ға жеткізуді жоспарлада. Он жылдан кейін елде қалдықтарды өңдеу 40%-ға, 2050 жылға қарай – 50%-ға жетпек. Биліктің мұндай шабан қимылын, батылдықтан ада жоспарын сарапшылар сынап жүр. Әйтпесе, 2030 жылға қарай алдыңғы қатарлы елдер айда қонақүй салып, Марсқа ұшқалы жатыр. Ал Қазақстан қарапайым тұрмыстық "мусорымен" күресіп, жеңе алар емес.

Оның үстіне мұндай қарқынмен ұрпаққа мирасқа қалар улы қалдықтар ауқымы арта бермек. Қазірдің өзінде Қазақстан одан "мұхит" жасауда. Экология ведомствосының дерегінше, 2019 жылы, яғни 1 жылда ғана елде 4,7 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық (ТҚҚ) түзілген. Оның алдында, 2018 жылы бұл көрсеткіш – 4,3 млн тоннаны, ал 2017 жылы – 4,8 млн тоннаны құрады. Қайта өңделген ТҚҚ үлесі 2017 жылы – 9,02%, 2018 жылы – 11,51%, 2019 жылы 14,9% болды. Яғни, қарқыны тым баяу.

Қорқынышты ауқымда қалдықтарды тау-кен өндіру, металлургия, мұнай-газ өндіру және жылу энергетикасы салалары шығарады екен. Экология министрлігінің дерегіне жүгінсек, өнеркәсіп салалары 2019 жылдың өзінде 868 млн 646,9 мың тонна (!) қалдық түзген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 7,8%-ға немесе 131 млн 304,3 мың тоннаға, ал 2018 жылғыдан 4,4%-ға немесе 38 млн 975,9 мың тоннаға көп!

"Ауыл шаруашылығының қалдықтары да жылдан жылға артып барады. Мәселен, шошқа фермалары қалдықтарының, яғни шошқаның сұйық көңінің көлемі үш жылда 120%-ға ұлғайды. 2019 жылы оның көлемі 220 мың 609,9 тоннаға жетті. Бұған қоса, өсімдік шаруашылығының органикалық қалдықтары, тыңайтқыштар, пестицидтер, инсектицидтер, акарицидтер, фунгицидтер, дефолианттар, басқа да улы химикаттардың қалдықтары бар. АӨК саласында инфекцияланған биологиялық қалдықтар да түзіледі, оның қатарына ауру қоздырғыштарын жұқтырған жануарлардың өлекселері жатады", – деді ведомство.

Пандемия басталғалы, медициналық қалдықтар еселеп артты. Республикада тәулік сайын кем дегенде 70 тонна медициналық улы қоқыстар шығарылады. Тек бір жылдың өзінде медқалдықтар ауқымы 120 мың тоннадан асып кеткен.

"Сарыға таста" дегені бос сөз

Бұл проблеманы шешу үшін экология министрлігі "WASTE CHAIN" атты бірыңғай ақпараттық-сараптамалық платформаны құру арқылы қоқыстар саласын цифрландырмақ. Онда елде нақты қанша және қандай қоқыс бары туралы ақпарат орналастырылады, қалдықтардың тасылу логистикасы көрініс табады. Жүйе қоқыс өңдеу зауытын ашқысы келетін инвесторға тиісті ақпарат береді. Бұдан бөлек, Қазақстанның кем дегенде 6 ірі қаласында қоқыс жағатын зауыт салынбақ.

Азаматтық эколог, "Біз таза ел үшін" экологиялық қозғалысын ұйымдастырушы Шасалим Шагалимов қоқыс өртейтін зауыттар мәселені түпкілікті шешпейтініне назар аудартады. Өйткені өнеркәсіптік қалдықтар, құрылыс материалдары, тас, бетон, басқасы жанбайды. Еліміздегі ең көп қоқысты да осылар құрайды.

"Қазір елімізде қоқыс жағатын зауыт (waste to energy) құрылысына қатысты қызу пікірталас тууда. Қарсылар да көп, қолдаушылары да жетерлік. Бірақ бір белгілісі, қоқыс үйінділері ұлғайып барады. Ресми статистикаға стихиялы, бейберекет қоқыс төкпелері кірмейді, ал ондайлардың саны былтыр 9 мыңға жетті. Көбі – құрылыс қалдықтары. Сондықтан құрылыс компанияларының қоқысын жеке жинайтын полигондар ашу маңызды. Онда салынатын кәсіпорын қалдықты қайта өңдеп, құрылысқа қажетті материалдарды шығара алады. Тау-тау бетон мен кірпіштер қоқысқа төгіліп жатқанда, қарапайым картон мен пластикті жеке бөліп жинауда мән жоқ", – дейді Ш.Шагалимов.

Ол бөліп жинауға қажетті контейнер жетпей жатқанда, әр қоқыс түрін жеке сұрыптауды насихаттау – бос шаруа екенін жеткізді: бөліп жинайтын контейнерлер қоғамдық тамақтандыру орындары, сауда ойын-сауық орталықтары, дүкендер жанында көбірек қойылуы керек.

"Ондай контейнерлер болмаған соң және бөліп жинауға міндеттелмегендіктен бұл нысандар барлық қоқысын бір қапқа толтырып, контейнерге бір-ақ атады. Яғни, сұрыптауға келетін материалдарды тамақ қалдығы, жуынды және басқасы ластайды. Мұндай қоқыс қажетке жаратылмайды, полигонға лақтырылады, себебі оны тазалау қымбатқа түседі", – деп түйді эколог.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу