Қазақстан көліктен утиль алымды алып тастау бойынша Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр

7354

Келіссөздердің нәтижесі белгісіз, алайда оң шешім шыққан жағдайда Allur Group басымдыққа ие болмақ.

Қазақстан көліктен утиль алымды алып тастау бойынша Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр Фото: canva.com

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанда жиналған автокөліктерді Ресейдің утиль алымынан босатуды ұсынбақшы. Бұл туралы inbusiness.kz тілшісі министрліктің 2024 жылғы есебінен анықтады.

"Өнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастық шеңберіндегі екіжақты кездесулер бөлігінде Қазақстанда шығарылған автокөліктерге сандық квота беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады, мысалы, Kia Ресей Федерациясында утиль алымды төлеуден босатылатын болады", - делінген мемлекеттік мекеменің сайтында жарияланған құжатта.

Айта кету керек, былтыр Ресейде утиль алымның көлемі өскен болатын. Ресейлік БАҚ ЕАЭО елдерінен келетін автокөліктер үшін утиль алым жаңа ережелермен есептелетінін жазған. Kia маркалы автокөліктер Allur Group-тың Қостанайдағы "СарыарқаАвтоПром" зауытында жиналатыны белгілі.

Өнеркәсіп министрлігінің дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда автокөліктер өндірісі көлемінің төмендеуі байқалған, оған сұр импорттың ұлғаюы, қарыз жүктемесінің өсімі, утиль алымды алып тастау бойынша петицияның талқылануы және шағын торапты жинақ (CKD) үлесінің орындау талаптарындағы өзгерістер әсер етті (20%).

"Әр кәсіпорынның мысалында себептерді қарастыратын болсақ, "СарыарқаАвтопром" ЖШС-де өндіріс көлемінің төмендеуі жабдықтарды жаңғырту, жөндеу жұмыстары және өндірістік желілерді техникалық қызмет көрсету сияқты мәселелермен байланысты, ал "Hyundai Trans Kazakhstan" ЖШС-де кедендік рәсімдер (ҚР ҚМ бұйрығы) және Ресей мен Қытай арқылы жүктерді жеткізу бойынша жалғасып жатқан мәселелер туындаған", - делінген салалық ведомствоның есебінде.

Шина зауытының мәселелері

Құжатта Қарағанды облысына қарасты Саран қаласындағы KamaTyresKZ шина зауытының неге жоспарлы қуатқа шықпағаны да көрсетілген. Өткен жылы іске қосылған зауыт жылына жеңіл көліктерге арналған 3 млн дана шина, жүк көліктері мен тіркемелер үшін 500 мың дана шина өндіреді деп жоспарланған. Зауыттың құрылысы 2021 жылы Ресейдің "Татнефть" және Қазақстанның "Аллюр Авто" бірлескен кәсіпорны негізінде басталды.

"2024 жылы 1 млн дана шиналар өндіру көлеміне қол жеткізбеудің негізгі негізгі себебі – Қарағанды облысы әкімдігінің инфрақұрылымды жүргізуді кешіктіруі. Зауыттың барлық сыртқы инженерлік инфрақұрылымын (газ, су, энергиямен жабдықтау, КСС (кәріз-сорғы станциясы), ЖТҚ (жергілікті тазарту құрылғылары), автожолдар және теміржол жолдары), сыртқы байланыс желілерін Қарағанды облысының әкімдігі қамтамасыз етті. Газ құбыры 2022 жылдың мамыр айында іске қосылады деп жоспарланған, алайда іс жүзінде 2022 жылдың желтоқсан айында жүзеге асты (6 айға кешіктірілді)", - делінген есепте.

Бұдан бөлек зауытта электрмен жабдықтауға байланысты мәселелер туындап, соның салдарынан шығынға ұшыраған.

"Шина зауыты электр энергиясын үздіксіз қамтамасыз ету талап етілетін бірінші санатты тұтынушылар қатарына жатады, бұл тәуелсіз резервтік электр энергиясын жеткізуді талап етеді. "Қазақмыс" корпорациясы орнатқан "Сарыарқа" 110/10КВ уақытша қосалқы станциясы үзіліспен жұмыс істейді. Электр энергиясының жиі үзілуі байқалады, бұл өндірістік процестер мен жабдықтардың жұмысына теріс әсер етті әрі өндіріс көлеміне ықпалы болды. Электр қуаты өшкен сайын жабдықтарды қайта реттеуді қажет ететіндіктен, зауыт шығындарға ұшырайды", - деп көрсетілген министрлік есебінде.

Сонымен қатар зауытта кәріз және тазарту құрылғыларының дайындығына байланысты мәселелер байқалған.

"Қарағанды облысының әкімдігі жергілікті тазарту құрылғылары және кәріз-сорғы станциясының құрылысының аяқталуы мен іске қосу мерзімін 2024 жылдың тамызы деп белгіленген. 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша нысан пайдалануға берілмеді. Жауын-шашын кезінде қолданыстағы суларды ағызу жүйесі келетін судың көлеміне төтеп бере алмайды, бұл ғимараттар мен құрылыстардың ішінде де, сыртында да құдықтардан судың көтерілуі мен төгілуіне байланысты өндірісті мәжбүрлі тоқтатуға әкеледі", - деп хабарлады министрлік.

Көмір саласындағы түрлі бағыт

Өнеркәсіп министрлігінің бақылауында болған көмір саласына келсек, былтыр оның көрсеткіштері әртүрлі болды. Ішкі нарықта электр станцияларына 65,7 млн тонна, өнеркәсіпке – 6 млн тонна, коммуналдық және тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 8,6 млн тонна көмір жеткізілді. Бұл ретте экспортқа 29,5 млн тонна көмір жіберілді, осы мақсатта 376 айрықша лицензия берілді. Биыл ішкі нарықта тұрмыстық көмірге деген қажеттілік 7,9 млн тоннаға жетеді деп күтілуде, сұраныстың төмендеуі газдандыру процесінің жалғасуымен байланысты болмақ.

 

"2024 жылдың қорытындысы бойынша көмір өндірудің индексі 102,9% немесе 537,8 млрд теңге болды. Өсім "Шұбаркөл Көмір" АҚ көмір өндіру көлемінің 2,8%-ға, "Восточный" карьерінің (ERG) 0,3%-ға және "Qarmet" АҚ көмір департаментінің 6,9%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілді. "Богатырь Көмір" ЖШС жоспарлы деңгейде 42,7 млн тонна көмір өндірді. "Қазақмыс Коал" ЖШС-де жөндеуден кейін Жезқазған және Балқаш қалаларындағы тұтынушылардың бас тартуынан кейін көмір өндіру 16,7%-ға төмендеді, ГРЭС-1 және ГРЭС-2 станцияларынан көлем қысқарғандықтан, "Ангренсор Энерго" ЖШС-інде өндіріс 24,7%-ға азайды. Энергетикалық көмірге тұтынушылардың болмауынан "Майкубен-Вест" АҚ және "Қаражыра" АҚ көмір тасымалдауды төмендетті", - деп хабарлады министрлік

Айта кету керек, ақпан айында өнеркәсіп министрлігі былтыр 112,6 млн тонна көмір өндірілгенін хабарлаған еді.

Жартылай бюджеттік несиелендіру

Өнеркәсіп министрлігінің есебінде мемлекет тарапынан несиелік қаржыландыру алатын өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобалар көрсетілген.

"Өңдеу өнеркәсібінің ірі жобаларын қаржыландыру ("Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ арқылы бюджетік несиелеу, кейіннен "Қазақстанның Даму Банкі" арқылы кредиттеу)". Іс-шара ішінара орындалды. Іске асыру мақсатында "Бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттарын белгілеу туралы" Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 1345 бұйрығы қабылданды. 2024 жылдың 31 желтоқсанында "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ мекемесіне 55 млрд теңге бөлінген. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ пен "Қазақстанның Даму Банкі" арасында 2024 жылдың 17 желтоқсанында №39 қарыз шарты жасалды. Ішінара орындалу себебі: республикалық бюджетте қазынашылықтың қолма-қол ақшаны бақылау шоттары қаражатының болмауы. 2024 жылы бөлінген қаржы аясында 4 жоба қаржыландыруға мақұлданды: "Astana Motors Manufacturing Kazakhstan" ЖШС, INTERTRANS C.A. ЖШС, "Атырау вагон құрастыру зауыты" ЖШС, "Taiqonyr Qyshqyl Zauyty" ЖШС ("Қазатомпромның" Түркістан облысындағы күкірт қышқылы зауытының жобасы).

"Қазақстанның Даму банкінің" дерегінше, 2024 жылы "INTERTRANS C.A" жобасы қаржы институтынан Павлодарда бутан-бутилен негізінде алкилат өндіру зауытын салу үшін 2033 жылға дейін 26 млрд теңгеге 11%-бен қарызды қаржыландыру алған.

Бұдан басқа бүгінде банк "ТексолТранс" ЖШС-нің "Атырау вагон құрастыру компаниясы" қызметін жүзеге асыруға берген өтінімін қарастырып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу