Қазақстан "қылмыстық теріс қылық" деген көзбояу ұғымнан бас тартпақ

2933

Әділетті Қазақстан ескі биліктің тағы бір теріс тәжірибесінен арылуды ойластыруда. 

Қазақстан "қылмыстық теріс қылық" деген көзбояу ұғымнан бас тартпақ

Жасыратыны жоқ, бұрынғы Үкімет қылмыскерлерге ізгілік жасаумен тым әуестеніп кетті. Шамамен әрбір үш жыл сайын рақымшылық ұйымдастырып, түрмеге қамалған қылмыскерлерді бостандыққа жіберіп отырды, қозғалған қылмыстық істерді жауып, тергеуге алынғандарын қоя берді. Яғни 30 жылда 9 амнистия ұйымдастырылған. Сондай-ақ Қылмыстық кодекс те бірнеше рет қайта қаралып, көптеген қылмыс үшін жаза жеңілдетілді, қаншама қылмыстық баптар айыппұл қарастырылатын Әкімшілік кодексіне ауыстырылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Осындай "біртүрлі" бетбұрыстардың бірі – 2014 жылдың 3 шілдесінде күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекстегі тосын жаңашылдықтардан көрініс тапты.

Атап айтқанда, ол "қылмыстық теріс қылық" институтын енгізді. Яғни бұрын қылмыс саналып келгеннің басым бөлігі бұдан былай "қылмыстық теріс қылық" деген санатқа жатқызылды. Ал ол бойынша бас бостандығынан айырып, түрмеге қамау көзделмейді.

Осы тетікті біраз жемқор пайдаланып, салмақты жазадан құтылып кетті. Оның жемісін талай алаяқ қылмыскерлер де көріп жүр.

Мысалы, Алматы қаласындағы Әуезов ауданында Раушан есімді әйел өзіне пәтеріндегі бөлмесін жалға берген баспана иесінің сеніміне кіріп, ақыры оны сазға отырғызып кетеді. Мүгедектігі бар қожайынның аңғал, аңқау адам екенін түсіне қойған ол оның смартфонын пайдалана тұруды сұрайтын болған. Ал телефонда ол адамның пин-кодтары, дербес деректері, несиелері туралы ақпарат ашық сақталыпты. Содан смартфондағы Kaspi қосымшасы арқылы оның картасында жатқан ақшаларды өзіне аударып алған. Бұған қоса, оның үстінен 500 мың теңге несие рәсімдепті. Содан тайып тұрған. Салдарынан, екінші топтағы мүгедек ірі қарызға батты, оны банк зейнетақысынан ұстайды. Бұл жайттардың ежгей-тегжейі полицияға тапсырылған шағымында жазылған. Абай есімді тергеуші Раушанды тауып, тергеген, ол жасағанын мойындаған және ай сайын бөліп төлеу арқылы барлығын өтеуге қолхат қалдырады. Осыдан кейін тергеуші мүгедек жанды көндіріп, не жазу керектігін өзі айтып отырып, "ешқандай претензиям жоқ" деген өтінішке қол қойғызып алады. Осылайша, тергеушінің арқасында қылмыскер жазадан құтылып кетті.  

Әрине, алаяқ сол қаржының бір тиынын да қайтармаған. Тергеуші тоқ көңілмен қылмыстық істі жауып тастаған. Себебі Қылмыстық кодекстің 68-бабына сәйкес, "Қылмыстық теріс қылық жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады".

Қазіргі кезде жас ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдердің, атағы дардай ғалымдардың, мемлекеттік саясатты жүргізетін қызметшілердің біразы жалған дипломмен жұмыс жасайтыны әшкереленуде. Ол үшін олар жазаланбауы мүмкін.

Қанат есімді қызметші 2009 жылы бейтаныс ер адамнан жоғары білім туралы жалған дипломды сатып алып, жұмысқа тұрады. Алайда бұл алаяқтығы 2019 жылы анықталып, шілде айында істі болған екен. Дегенмен сот "ескіру мерзімінің өтуіне байланысты" деп, іс жүргізуді тоқтатты.

Жоғарғы соттың түсіндіруінше, сот көрінеу жалған құжатты пайдалануды қылмыс емес, қылмыстық теріс қылық деп таныған.

"Ал Қылмыстық кодекстің 71-бабының 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, егер қылмыстық теріс қылық жасалған күннен бастап бір жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Қылмыстық теріс қылық жалған құжатты пайдаланған кезде аяқталды деп есептеледі. Осы қылмыстық теріс қылық бойынша К. жұмысқа орналасу және 2009 жылы еңбек шартын жасау кезінде жалған дипломды пайдаланған. Осылайша, К. 2009 жылы жұмысқа орналасу кезінде дипломды бір рет пайдаланды. Қылмыстық теріс қылық жасалғаннан кейін шамамен 10 жыл өтті", – деген түсініктеме берді Жоғарғы сот.

Әділет министрлігі Қылмыстық теріс қылық институтын жоюды ұсынып отыр. Бұл өзгеріс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық және Қылмыстық-процестік заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңның жобасында көзделген.

"Себебі бұл институт болмашы жазаны ғана қарастыратындықтан, қылмыстық жазадан бұлтартпауға және қылмыстық жауапкершілік мақсаттарына нұқсан келтіреді. Осыған байланысты қылмыстық теріс қылықты жою, оған жататын құрамдарды Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне қосу мүмкіндігі қарастырылады", – деп түсініктеме берді Әділет министрлігі.

Қылмыстық теріс қылықтар үшін 20-дан 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Ал қылмыстар үшін айыпталушы темір торға қамалудан құтылып кеткеннің өзінде кем дегенде 200-ден он мың АЕК-ке дейін немесе еселенген мөлшерде (мысалы, коррупциялық қылмыстарда) айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Әділет министрлігі тағы бір маңызды жайтқа назар аудартты. Қылмыстық кодекс белгілі бір жағдайларда жазаның қосымша түрін, санкциясын міндетті түрде тағайындауды көздейді. Бұл "іс-әрекет үшін жазалау" функциясын ғана емес, профилактикалық әсер ету мақсатында жасалған. Мәселен, мас күйінде жол ережелерін бұзғандарға басқа жаза сыртында "көлік құралдарын басқару" құқығынан айыру қарастырылуы мүмкін.

Ал қылмыстық теріс қылықта тараптар татуласса, айыпталушы барлық жазадан, қосымша санкциядан да құтылады.

Егер бұл институт жойылса, қосымша санкцияларды қолдануға жол ашылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру 300-ге жуық санкцияларда көзделген, олардың 80-ге жуығы баламасыз қолданылады. Қылмыскердің мүлкін тәркілеу жазасы шамамен 260 санкцияда көзделеді, оның ішінде 210-ға жуығы – баламасыз.

Сондықтан Әділет ведомствосы Әділетті Қазақстанда әділдікті қалпына келтіру, ескі олқылықты жою үшін қылмыс жасаған адамдар "негіздердің жекелеген түрлері бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылғанымен", оларға қосымша жазалардың жекелеген түрлерін тағайындау мүмкіндігін енгізуді ұсынып отыр.

Егер бұл істе тағы да көзбояушылық, салғырттық пен атүсті тірлік болмаса, "қолыңмен жасағанды мойныңмен көтер" деген сонау билерімізден қалған даналық үстемдік етіп, қылмыскерлер түрлі жолмен жазадан жалтарып кетпеуге тиісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу