Қазақстан қыстың қыспағынан шыға алар емес

1970

Адамдар қарға малтығып, ұшақтар көкке көтеріле алмауда. 

Қазақстан қыстың қыспағынан шыға алар емес Фото: Максим Морозов

Ұлыстың ұлы күні жақындаған сайын қыс қаһарына мініп, көктемге жол бергісі келмей жатқандай. Еліміздің көптеген өңірінде нормадан бірнеше есе көп қар түскен. Коммуналдық қызметтер оны сыртқа шығарып үлгермеуде, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Қазгидромет" бүгін бірден 7 өңірде – Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында дауылды ескерту жариялады. Өзге өңірлерде де ахуал соған ұқсас. Нұр-Сұлтан да қалың қардың астында қалды.

"Қардың жаууы тоқтамайды. Ресейдің Екатеринбург ауданынан бізге ауысқан циклон республикамыздың басым бөлігінде қар түсуіне соқтыруда. Сондай-ақ 10 наурыз күні еліміздің оңтүстігінде де қар мен жаңбыр түрінде жауын-шашын тудырады. Ішінара кейбір жерде тұман, боран, бұрқасын, көктайғақ, желдің күшеюі байқалады. Осы аптаның бейсенбі күні еліміздің батыс өңірлеріне Солтүстік-Батыс антициклонның суық ауа массаларының ағып келуі және сонымен бірге ауа температурасының күрт төмендеп, сууы күтілуде", – деп хабарлады "Қазгидромет" синоптиктері.

Демек, шуағын шашқан нағыз көктемнің нұрлы шапағаты Қазақстанға тек әз-Наурызбен бірге оралып, тіршілікті түлететін болса керек.

Қыс нышандарының күшеюі елге көп қолайсыздық келтірді. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, ауа райының нашарлауына байланысты өткен тәулікте автожолдарда қар құрсауынан 64 бірлік техника әкетілді, 125 адам эвакуацияланды. Осының алдында – демалыс және мереке күндері автожолдарда қар астынан 185 бірлік техника шығарылып, 763 адам құтқарылған еді.

Қазір ТЖМ-ның ахуалдық орталығында Республикалық жедел штаб жұмыс істеуде. Осындай штабтар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында құрылған.

"Ауа райының нашарлауына, яғни боран, қар, тұман, көктайғаққа байланысты 6 өңірде республикалық маңызы бар автожолдардың 12 учаскесі және 51 облыстық маңызы бар учаске жабылды, бұлар – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында. Шұғыл жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, жол қызметтерінен, жергілікті әкімдіктерден барлығы 423 адам және 301 бірлік техника жұмылдырылды. Уақытылы ақпараттық-психологиялық көмек көрсету үшін өңірлерде жедел байланыс желісі істейді", – деді төтенше жағдайлар ведомствосы.

Ауа райының қолайсыздығы кесірінен әуе көліктерінің рейстері де кейінге қалдырылуда. Мысалы, Нұр-Сұлтанда осы себеппен 16 бағытта ұшуға тиіс болған ұшақтар әуеге көтеріле алмаған.

Елорда тұрғыны Қайрат Қабден Семейден үйге оралу үшін FlyArystan авиакомпаниясынан билет сатып алады.

"Сыртта қатты жел соғып тұрды. Сондықтан әуежайдың сайтына кіріп, рейстің кейінге қалдырылмағанын тексердім. Түскі рейстер ұша алмапты. Кешке ауа райы жақсарды. Жел тынды, қар жаумады. Әуежайды бетке алардан бұрын қайтадан әлгі сайтқа көз жүгірттім. Рейсімнің мәртебесі тұсында "кесте бойынша ұшады" деп көрсетіліпті. Содан сенімді түрде ертерек Семей әуежайына аттандым. Жолаушыларды тіркейтін әйел "ұшу-ұшпау жайы әзірге белгісіз" деді шімірікпестен. Мен бұған ашуландым. Ауа райы жарамды болса, неге ұшпаймыз? Әуежай қызметкері бұл мәселені өзі шешпейтінін айтып, авиакомпания қызметкерлеріне жүгінуге кеңес берді. Дәл сапар алдында смартфоныма әуе тасымалдаушыдан рейстің кейінге қалдырылғаны туралы sms-хабарлама келді", – дейді ол.

Осы кезде әуежайға Қайрат секілді еш хабарсыз қырық шақты жолаушы жиналып қалған екен. Арасында бөбегі бар отбасы және шетелдіктер болған. Кешке екі ұшақ Нұр-Сұлтан мен Алматыға бағыт алуға тиіс екен, екеуіне де әуеге көтерілуге рұқсат етілмейді.

"Біз екі ортада әрі-сәрі күйде қалдық. Не қонақүйге кетерімізді, не күтерімізді білмейміз. FlyArystan қызметкерлері орнында жоқ болып шықты. Біз әуежай қызметкерлерінен авиакомпания қызметкерінің келуін, мән-жайды түсіндіруін және заң бойынша қонақүймен, тамақпен қамтамасыз етуін талап еттік. Компания қызметкері бір сағаттан кейін келіп, рейстердің ауа райы жағдайына байланысты доғарылғанын айтты. Бірақ жатын орын мен тамақ ұсынудан бас тартты. Өйткені бұл авиакомпанияның кінәсі емес деді. Сондай-ақ жаңа билетті рәсімдеуге көмектесуден де басын ала қашты. Амалсыз, ертесіне жүретін пойызға шұғыл түрде билет алуға тура келді", – дейді жолаушы.

Мұндай оқиғалар бүгінде көп кездеседі. Ауа райы бұзылса, жолаушылардың мүддесі мен құқығы аяқасты болады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу