Қазақстан мен Қырғызстан арасында "қақтығыс" бола ма?

8253

Қырғызстандық лауазымды тұлғалар қазақ елін қатаң айыптауға тым әуес болып бара жатқандай. Мұндай пропаганда жарға жығуы мүмкін.

Қазақстан мен Қырғызстан арасында "қақтығыс" бола ма?

Қырғыз депутаттарының Қазақ еліне қарсы зілді, негізсіз күстәналайтын мәлімдемелері тіксінтеді. Мысалы, Жоғорку Кеңештің кешегі, 11 мамырдағы отырысында Парламент депутаты Дастанбек Джумабеков қазақ бизнесмендерінің "шапқыншылығынан" сақтандырды. Жиында Қырғыз республикасының Ұлттық банкінің орынбасары Нұрбек Жениш Еуразиялық одақ елдеріне заңды және жеке тұлғалардың кредит тарихын өзара алмасуға жол ашатын келісімді қорғады. 

"ЕАЭО-ның 5 елі арасында кредит бойынша ең төмен пайыздық ставкалар қайсысында", – деп сұрады депутат Д.Джумабеков.

Н.Жениш ең төмені Ресейде болғанын, бірақ соңғы оқиғалар салдарынан оларда несие қымбаттап жатқанын хабарлады. Депутат Қырғызстанда "РКФР" (Ресей-Қырғыз даму қоры) арзан кредит беретінін еске салды.

"Одақтың келісімі ратификацияланған соң, қазақстандықтар "РКФР"-тан қаптатып кредит ала бастамай ма?", – деп тықақтады Джумабеков.

Ұлттық банк басшылығының өкілі ондай қауіптің болуы неғайбыл екенін, себебі даму қорының төл жарғысы, нысаналы бағдарламалары барын, ол бойынша тек қана Қырғызстан тұрғындары несиелендірілетінін жеткізді. Себебі бұл қор қырғыз экономикасын дамыту үшін құрылған.

"Қателесесіз! Еуразиялық одақтың келісімі РКФР жарғысынан жоғары тұрады. Қазақ кәсіпкелері енді РКФР-тің барлық кредиттерін талап әкетуі мүмкін. Бізге не қалады?", – деп үрей септі депутат Д.Джумабеков.

Осы жиында қырғыз депутаттары Қазақ еліне тағы да негізсіз "сөзсойыл" сілтеді. "Ынтымақ" партиясының лидері, депутат Марлен Маматалиев Қазақстанға күш көрсетіп, бұл елге су беруді күрт тоқтатуға шақырды. Оның байламынша, "екі република арасындағы жүк тасымалы айналасында қалыптасқан проблема жақын арада шешілмейді, өйткені Қазақстанның саясаты мен көздегені мүлдем басқа".

"Қазақстан осы арқылы Қытайдың тауарлары халықаралық нарыққа Қырғызстан арқылы емес, тек өз аумағы арқылы тасымалданғанын қалайды. Сондықтан біз Қазақстанға дәл керек кезде су беруді тоқтатып тастауымыз қажет! Бізге өзіміздің ерік-жігерімізді көрсететін кез жетті!", – деді Маматалиев.

Жалпы, Қазақстан біраз жылдан бері Қырғызстанды патрондар, бронежилеттер және басқа қару-жарақпен, әскери мүлікпен қамтамасыз етіп келеді. "Депутаттары елімізге қырғи қабақпен қарайтын болса, онда аяқты тарта басып, бәлкім, мұндай көмекті тоқтату керек шығар?" деген сауал туады. Әйтпесе, кеше біздің Қорғаныс министрлігі Қазақстанның Қырғыз Республикасына тағы да әскери мүлікті табыстайтынын мәлімдеді. Мәжілісте сөз сөйлеген Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтың мәліметінше, қырғыздарға қандай әскери мүлік берілетіні, яғни аталымы мен көлеміне қатысты толық тізім дипломатиялық арналар арқылы қырғыздармен келісіліпті. Тиісінше, қазақтар солардың сұрағанын бермек.

"Қазақстан тарапы әскери мүлікті қырғыздың Қой-Таштағы базасына дейін жүк көліктерімен жеткізіп береді, оның шығындарын да өз мойнына алады. Қырғыз тарапы бізден алған әскери мүлікті тек қана ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға тиіс. Оны үшінші елге сата алмайды және ТМД кеңістігіндегі басқа мемлекеттерге қарсы қолдана алмайды", – деп сендірді Камалетдинов.

Оның байламынша, әлемде геосаяси ахуал ушығып кеткен, қауіп-қатерлер күрт өскен заманда Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін арттыру үшін әскери-техникалық көмек көрсетуіміз қажет. Осы арқылы "Қазақстан Қырғызстанның Қарулы күштерінің шабуылды тойтару және қауіпсіздікті нығайту мүмкіндіктерін күшейтеді".

Тек соның бәрі Қазақстанға қарсы қолданылмайды деп үміттену қалады.

Кезінде Ислам Кәрімов "Орталық Азиядағы соғыстарға су тапшылығы себеп болуы мүмкін" деп болжағаны мәлім. Осы орайда мұндай "шантаж", доқ көрсету бауырлас елдер арасына сына қағумен тең.

Бұл "қаһарлы" мәлімдемеге қырғыз Президенті Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев қана үн қатты. Жапаровтың баспасөз хатшысы депутаттардан көрші елге қатаң сын айтуда абай болуды өтінді. Халықаралық қатынастар мәселесі тым нәзік дүние, ел арасын жаман сөзбен бүлдірмеген абзал.

"Депутат та елдің саяси тұлғасы болып табылады. Сіздер айтқан әрбір сөз халықаралық аренада ескеріледі, бәлкім Қазақстан тарапынан реакция да болуы мүмкін. Құдайға шүкір, қазір барлық елдермен арамыз жақсы. Әрине, белгілі бір кілтипандар болуы ықтимал, бірақ тұтастай алғанда бәрі тәп-тәуір. Біз барлық мәселелерді өзара мүдделерді ескере отырып, келіссөз жолымен шешеміз", – деді қырғыз басшысының өкілі Ербол Сұлтанбаев.

Жалпы, кейінгі кезде Қазақстанға қарсы қоқан-лоққы жасауға құмар қырғыз шенділері аз емес. 25 сәуірде Қырғызстанның Мемлекеттік кеден қызметінің басшысы Самат Исабеков Қазақстанды босқа айыптады. Оның ойынша, "қырғыз жүк тасымалдаушыларын өз шекарасы арқылы еркін өткізбеген Қазақстан Қырғызстанға экономикалық блокада ұйымдастыруда".

"Қазақстан бізге экономикалық блокада құрған екен, онда біз де оларға қарсы су блокадасын ұйымдастыруға тиіспіз. Сәті келген кезде, біз Қазақстан мұқтаж судың ағынын жауап тастауға міндеттіміз", – деді тағы бір Жоғорку Кеңеш депутаты Айбек Алтынбеков.

Дегенмен, Қазақстанның Премьер-Министрінің орынбасары–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қалыптасқан жағдайға айыр қалпақты ағайындардың өзі айыпты. Өйткені қырғыз жақтан бізге келетін фуралардың 90%-ы қытай тауарларын ілеспе құжаттарсыз тасиды.  

"Экономикалық қауіпсіздікті қорғау үшін біздің кедендегі тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы Қырғыз Республикасынан тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын субъектілерге қатысты "ішінара салықтық тексерулер" жүргізіледі. Тексерулер нәтижесінде бұзушылықтар 90%-дан астам жағдайда расталады. Жыл басынан бері небары 538 автокөлік құралы тексерілді, соның 506-ының ішінен құжатта қытайдың мәлімделмеген тауарлары анықталды", – деді министр.

Оның дерегінше, жақында Алматы қаласында Қаржы министрлігі Қырғызстан мен Ресейден келген әріптестерімен келіссөз өткізіп, электрондық шот-фактуралар мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттар алмасу арқылы бақылау жүргізу жөнінде келісімге қол жеткізіпті.

Түсіндіре кеткен жөн, бұл жерде мәселе ҚХР-ға қатысты болып тұр. Себебі, шың елі мен қазақ елінің кеден органдарының статистикалары өзара үйлеспейді. Нақтылай кетсек, тауарларды импорттау кезінде жалған декларация тапсыру және тауардың шын құнын төмендету салдарынан Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистика деректерінің алшақтығы 5,7 миллиард долларға жетті. Бұл сондай-ақ контрабанданың көптігін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан кедендегі былықпен күресті күшейтті. Мысалы, Антикор ақпанда жұңғо елімен арадағы "Нұр жолы" кеден бекетінде 8 кеденшіні қамауға алды. Ал 1 наурызда "Нұр жолы" бекетінің басшысын және орынбасарларын ұстады. "Достық" және "Алтынкөл" кеден бекеттерінің бастықтары Ерлан Өмірзақов пен Мәлік Шәуленов қызметтерінен қуылған.

Алайда енді басқа проблема туындаған: контрабандистер қытай тауарларын Қырғызстан арқылы айналма жолдармен таси бастапты. Қырғыз елі – Еуразиялық одаққа мүше, тиісінше, көліктерінің көбі тексерусіз өте алады.

"Қытаймен арамыздағы біздің шекарада әкімшілендіруді күшейтуге байланысты енді Қытайдан Қырғызстанға тауарлар импортының күрт ұлғаюы байқалады. Осы жылдың басынан Қырғызстанға Қытай импорты 5 есеге өсті! Нәтижесінде, Қырғызстаннан Қазақстанға импорт та 2,5 есеге өскені тіркелді. Бұдан басқа, қазір ҚХР-мен шекарада 900-ге жуық автокөлік, ал уақытша сақтау қоймаларында 1200-ге жуық автокөлік әкімшілендіруді жеңілдетуді күтуде. Жыл басынан бері шекара маңындағы бекеттер бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың түсімі 23%-ға, ал көлемі – 26%-ға құлдырап кеткен", – дейді  министр Ерұлан Жамаубаев.

Қырғыз жүк тасымалдаушыларының тасыған жүгі таза еместігін қырғыз тарапы да мойындайды. Депутат Дастанбек Джумабековтің айтуынша, Қазақстан олардан электронды шот-фактураны көрсетуді сұрайды, бұл ЕАЭО талабы, бұлар оны ұсына алмайды. Содан "шекарада ұзын-сонар кезек қалыптасады". Оның пайымдауынша, "қырғыз Үкіметі проблеманы шешпек түгіл, оған не себеп болғанын да ашық айта алмай отыр".

Депутаттардың бұл айыптауына жауап қатқан қырғыз Көлік министрінің орынбасары Таабалды Тиллаев аталған проблема Көлікминіне еш қатысы жоқ деп жалтарды.

"Біздің тарапымыздан жүк тасымалдаушыларға барлық құжаттары уақытында беріледі. Министрлікте бұл жөнінен проблема жоқ. Ол проблеманың неге туындайтынын нақты білмейміз. Бірақ естуімізше, жүк тасымалдаушыларымыздың салыққа және көлеңкелі экономикаға қатысты түйткілдері әшкереленетін көрінеді", – деді вице-министр.

Атап өтетін жайт, ЕуразОдақ аясында қырғыз еліне өтпелі кезең түрінде жеңілдік беріліп келді: кедендік ақпарат жүйесін дамытпаған, кедендегі инфрақұрылымы қараң қалған. Содан биылғы ақпанда Алматыда өткен одақ елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жұмыс тобының І-ші отырысында Қырғызстан 2022 жылғы 16 ақпаннан бастап, ЕАЭО кеңістігіне экспорттайтын барлық тауарларды электронды есеп-шоттармен қамтамасыз етуге міндеттеме алды. Бауырмал қазақтар "сабыр түбі сары алтын" деп тағы да күтті. Қазақстан өз аумағына өтетін тауардың ЭШФ-сі болмаса, Мемкірістер комитеті бақылау іс-шараларын жүргізетінін ескертті, қырғыз жағы қуаттай бас шұлғыды. 

Осылайша, Қырғызстан өзіне өзі кесір жасап отыр. Бұл ретте ешқандай экономикалық блокада жоқ, ол туралы сөз қозғаудың өзі ұят. Ендеше Бішкектегілер жақсылыққа апармайтын, сайлаушыларда көрші елге қатысты жаман көзқарас қалыптастыратын пропагандасын тыйып, өз мойнына алған міндеттемелерін орындауға көшкені ләзім болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу