Қазақстан мен Қытай ортақ комитет құрады

6578

Ол отандық ұн мен басқа да өнімдерді шығыс көршінің нарығында ілгерілетуге серпін беруі мүмкін.

Қазақстан мен Қытай ортақ комитет құрады Фото: inbusiness.kz

Қазақстан егін егу науқанын 2024 жылы тек мамырдың екінші онкүндігінен кейін бастай алды. Бұлай кешігуге еліміздің 17 облысының он бірін басып қалған қызыл су да ықпал еткені мәлім.  

Бұл ретте егіншілер биылғы күзде қанша көлемде өнім алатынына ғана емес, оны қандай бағамен сата алатынына да бас қатыруда. Оны болжап білмей, егістіктің әрбір гектарына қанша теңге инвестиция салатынын бағамдай алмайды.

Осы орайда әлемде бидай мен ұн бағасы біршама көтерілгенімен, Қазақстанның басты нарығында – Орталық Азия мен Ауғанстанда баға былтырғыдай төмен болып қалуда. Бұл нарыққа ресейлік арзан өнімдер алапат қысым жасап жатыр. Ресей үкіметінің болжамынша, бұл ел биыл да кезекті рекордтық астық жинамақ.  

Аграршылардың байламынша, бұл фактор қазақстандық өндірушілерге өз өнімін экспорттаудан жоғары табыс табуына мүмкіндік бермейді. Оның үстіне дәстүрлі нарығымызға Ресей астығы қаптағалы, қазақстандық фермерлердің өз өнімінің жоғары сапасы үшін бағалық үстемеақы (сыйақы) сұрайтын заман да келмеске кеткендей.

Eldala мамандандырылған порталының мәліметінше, Қазақстанның hi-pro бидайы ресейлік арзанқол астыққа қарағанда біршама қымбат тұруға тиіс. Алайда Ауғанстанда да, Өзбекстанда да сапаға қатысты талап төмендеді, ондағы ірі тұтынушылар ресейлік трейдерлердің ұсыныстарына қарап, қазақстандық жеткізушілерден ұқсас бағаны талап етеді.

Осылайша, ұнға тартылатын сапалы бидайдың әр тоннасы үшін 115-120 теңге болатын элеваторлардағы қазіргі бағасы күзгі жаңа астық үшін де өзекті болып қалатынға ұқсайды.

Осы апта басында Чикаго тауар биржасында тіпті жұмсақ бидайдың шілдеде жеткізуге арналған фьючерстік бағалары тоннасы үшін 252 долларға, Миннеаполисте – 271 долларға дейін жетті.

Қазақстандық аграршылар мұндай бағаға жұтына, қызыға қарайды. Олардың тұспалдауынша, биыл қазақстандық бидайды олар әрі кетсе, тоннасын 200-220 доллардан өткізе алуы мүмкін. Қазіргі арзан доллар бағамында бұл 90 мың теңгенің айналасында ғана.

Мұндай төмен баға фермерлердің бір бөлігін биыл егін салмауға, немесе дән себілетін егістік көлемін азайтуға мәжбүрлейтін түрі бар.

Шыққан бидай өзін өсіріп, баптап, оруға және басқасына жұмсалған шығынды ақтауы және табыс әкелуі үшін шығымдылығы әр гектардан кем дегенде 13 центнерден айналғаны қажет.

Әрине, ауқатты, озық шаруашылықтар әр гектардан 20 центнерден өнім жинай алады. Өйткені олардың сапалы тұқымды себетін, қажетінше тыңайтқыш төгетін, өсімдікті түрлі індеттен толыққанды қорғайтын, үздік техника мен технологияларды қолданатын мүмкіндіктері бар.

Бірақ су басу салдарынан біраз жерде топырақтың құнарлы қабаты шайылып кетті. Шектен тыс ылғал сіңген учаскелер соры шығып, ақ тақырға айнала бастауы ықтимал. Сондай-ақ тасқын жапқан елді мекендерде көптеген фермердің ауыл шаруашылығы техникасы су астында қалып, жарамсыз болды, жөндеуді талап етеді.

Бұдан бөлек, биыл бірқатар өңірді қуаңшылық жайлайды деген болжам жарияланды.  

Осының бәрі қосыла келе, әр гектардан 10 центнерден өнім алудың өзі мұңға айналуы ғажап емес. Аграршыларды алаңдатып, әкімдіктер мен Үкіметке хат боратуға итермелеп отырған да – осы мәселелер.

Дегенмен, топан су Ресейдің де астықты өңірлерін жайпады. Ресей Үкіметі биылғы жылы 93 миллион тонна астық жиналатыны туралы болжамын жариялады. Ресейлік агроөнеркәсіп кешенінің сарапшылары биылғы астық 80 миллион тонна айналасында ғана болуы мүмкін деп отыр.

Ендеше егер Ресейде астық бітік шықпай, аз болса, Үкімет нарықты Ұлттық қордың валютасымен молықтыра беруді тыйып, теңгенің девальвациясына ырық берсе, мұның бәрі фермерлердің күзгі астықтан табатын табысын күрт арттырмақ.

Осы орайда таяуда Сенат депутаттары ұнға тартып, өңдеуге тапсырылатын бидайды субсидиялау тетіктерін әзірлеу туралы ұсыныспен Үкіметке шыққан болатын. Сонда бұл егіншілерге қосымша қолдау болар еді.

Үкіметтің одан бас тартқаны енді белгілі болды.

"Өңдеуге тапсырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін субсидиялау тетіктері бұрыннан бар: бұл тетік өнімнің жекелеген түрлеріне ғана қолданылады. Субсидиялауға жататын басымдықты дақылдардың тізбесін жергілікті әкімдіктер дербес айқындайды. Ол субсидия көлемі әрбір өңірдің бюджеттік мүмкіндіктерімен шектеледі. Мәселен, бүгінде жергілікті әкімдіктер өңдеуге тапсыру кезінде қант қызылшасы, майлы дақылдар, жүгері, қарақұмық сияқты дақылдарға субсидиялар төлейді. Оның санатында бидай жоқ. Елімізде бидай ішкі нарықта тұтынудан бірнеше есе асатын көлемде өсіріледі. Осыған байланысты қайта өңдеуге тапсырылатын бидайға субсидиялау түрінде қолдау көрсетілмеді", – деді Премьер Олжас Бектенов.

Әйтсе де, аграршылардың ұнның шетелге экспортына қолдау көрсету туралы ұсынысы қабылданыпты. Осы арқылы мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілерін өз өнімін шикізат, яғни бидай түрінде шетелге сатпай, өңдеп, дайын өнім түрінде өткізуге ынталандырмақ.

"Экспорт кезінде көлік шығындарының бір бөлігін өтеуге қатысты ұсыныс болды. Қазіргі уақытта әлемдік нарықтарда қазақстандық шикізат емес өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында қайта өңделген өнімді, оның ішінде ұнды экспорттау кезінде көлік шығындарының бір бөлігін өтеу жөніндегі бағдарлама іске асырылуда. 2023 жылы ұн өнімдерін экспорттау кезінде шығындарды өтеуге 47 экспорттаушыдан 2,2 миллиард теңгеге 68 өтінім мақұлданды. Көптеген растайтын құжаттарды тексеру ұзаққа созылды. Сондықтан экспорт кезінде көлік шығындарын өтеу мерзімдерін жеделдету үшін бүгінде Сауда және интеграция министрлігі экспорттаушылардың өтінімдерін өңдеу бойынша жаңа автоматтандырылған жүйе құруда", – деді Үкімет басшысы.  

Жаңа жүйе сыртқы деректер базасымен интеграцияланады. Өтінімдерді қарау процедураларын, құжаттар мен есептік нысандарды қалыптастыру процестерін автоматтандырады. Бұл экспорттаушылардың өтінімдерін өңдеу процесін барынша жылдамдатуға мүмкіндік беруге тиіс.

Бұдан басқа, Премьердің хабарлауынша, кәсіпорындардың өтініміне қоса тіркелуге тиіс құжаттар топтамасын қысқартып, оңтайландыру үшін экспорттық шығындарды өтеу жөніндегі қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізіледі. Бұл өтінімдерді өңдеу рәсімдерін жеделдетуге бағытталған.

Бектенов қызметті неғұрлым проактивті режимге ауыстыру жолымен экспорттық шығыстарды өтеу тәсілдерін өзгертуге уәде етті.

Қазақстанның астығы мен ұнының басты бір тұтынушысы – Ауғанстан. Алайда ол нарықтан елді тағы да Ресей ығыстырып шығарып жатыр. Қазақстан бұл ірі нарығынан айырылып қалмаудың жолдарын іздеуде. Бұл ретте басты кедергі – Өзбекстан теміржолдары тарифтерінің қымбаттығы еді. Ол мәселе шешілетінге ұқсайды.

"Үкімет қазақстандық астықты Өзбекстан аумағы арқылы тасымалдау кезінде теміржол тарифтерін төмендету бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, өзбек тарапымен келіссөздер нәтижесінде транзиттің жеңілдікті шарттарына қол жеткізілді: "Келес эксп. – Галаба эксп." транзиттік учаскесі бойынша Қазақстаннан бидай мен ұнды тасымалдау кезінде 0,80 төмендету коэффициенті белгіленді. Бұл ретте тасымалдау көлеміне байланысты 0,5–0,7 төмендету коэффициенті қолданылады", – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар қазіргі уақытта екі елдің үкіметтік деңгейдегі екіжақты кездесулерінде Өзбекстан аумағы бойынша астық пен ұнды транзиттік тасымалдауға төмендету коэффициентін 30-50%-ға төмендететін тарифтік шарттар мәселесі пысықталып жатыр.

Айтпақшы, өткен күзде астықтың нөсер жаңбыр астында қалуы кесірінен, Қазақстанда 4 миллион тонна бидай қызып кетіп, сыныпсыз (неклассная) өнімге айналған еді. Содан нарықтың кейбір ойыншысы, трейдерлер оның бәрін қайда жіберетінін білмей дағдарды. Нашар астықтың қоймаларда бірнеше жылға қалу қаупі төнді.   

Енді анықталғандай, оның бір бөлігі ұнға тартылған. Халықаралық нарықта қызып, көктеп кеткен астыққа сұраныс жоғары болып шықты. Содан қазақстандық фермерлер 2,5 миллион тоннаға жуық сол астықты Қытай, Ауғанстан, Өзбекстан және басқа елдерге өткізіп жіберді. Мамандардың айтуынша, күлімсі иісі шыққан, құрамында улы микотоксиндері бар бидайдың негізгі бөлігі шетел асты.

Бүгінде елде сыныпсыз астықтың 1 миллион тоннадан аз қоры қалды.

Бірақ Қытайдың алып нарығы Қазақстан үшін толыққанды ашылып тұрған жоқ. О.Бектеновтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемдік импорттаушылардың бірі болып табылатын ҚХР-ге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді молайтудың пайдаланылмай жатқан әлеуеті жеткілікті.

"Қазіргі уақытта Азық-түлік корпорациясы сыртқы нарықтарға, оның ішінде ҚХР нарықтарына қол жеткізу үшін қазақстандық тауар өндірушілердің, "Қазақстан темір жолының" және меморгандардың іс-қимылын үйлестіріп, орталықтандырылған түрде жұмыс жүргізу бағытында шаралар қабылдауда. Нәтижесінде, фермерлер өз өнімдері үшін әділ бағаға қол жеткізеді және кірістерін барынша арттырады, бұл кейінгі дамуына тікелей әсер етеді. Мысалы, олар табысына ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып, тыңайтқыштарды тиісті мөлшерде қолданып, тұқымның элиталық сұрыптарын сатып ала алар еді", – деді Олжас Бектенов.

Сол себепті, Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мақсатында, әрі ҚХР нарықтарындағы отандық өнімнің экспорттық позициясын күшейту үшін екі ел арасында ортақ, жаңа алаң құрылмақ.

Ол Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитет деп аталады. Оны құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу