Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара тануға уағдаласты

294

Тараптар бірлескен жұмыстың алдағы бағыттарын талқылады.  

Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара тануға уағдаласты Фото: polisia.kz

Қазақстан мен Қытай қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

7 қыркүйекте Ішкі істер министрі Ержан Саденов Бейжіңге жұмыс сапарымен барып, "Орталық Азия – Қытай" форматындағы ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кездесуіне қатысты. Жиында өңірлік қауіпсіздік, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа және басқа да қазіргі заманғы қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Сапар аясында Ержан Саденов ҚХР қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунмен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен бірлескен жұмыстың алдағы бағыттарын талқылады.

"Екіжақты кездесу нәтижесінің бірі – Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасында "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылуы. Құжатқа қол қою арқылы "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық тетіктерін қалыптастыру бойынша ұзақ уақыт жүргізілген бірлескен жұмыс аяқталды. Келісім екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға, туындайтын қатерлерге жедел ден қоюға және халықаралық орталық аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Екіжақты келіссөздердің тағы бір нәтижесі – Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілуі.

Бұл екі ел азаматтары үшін тиісті рәсімдерді жеңілдетіп, өзара сапарларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, бұған дейін қазақстандықтарға Қытайда өз жүргізуші куәлігін пайдалануға рұқсат берілетінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу