Кейінгі екі жыл аралықта қос елдің тауар айналымы төмендегенінің астарында саяси себеп те жатуы мүмкін. Әрине, Қазақстан Өзбекстан үшін Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші ірі сауда серіктесі саналады. Осыған қарамастан көңілге күдік ұялатар жайттар жоқ емес.
Көршінің жаңа сауда саясаты бар
Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазір қазақ жерінде 500 мыңға жуық өзбек ұлтының өкілі өмір сүріп жатса, түстіктегі көршінің жерінде 800 мыңнан астам қазақ ғұмыр кешуде. Яғни, екі ел тек мемлекеттік деңгейдегі байланыстар жағынан емес, мәдени, тұрмыстық байланыстарға да жақын. Әуе жолдарынан бөлек, 2 жолаушылар пойызы, 26 автобус екі арада тұрақты жүріп тұр. Осындай типтегі қарым-қатынастардан кейін екі елдің саудасы жанданып жатуға тиіс болатын. Дегенмен ресми деректер оның керісінше азайып жатқанын көрсетуде.
Мәселен, 2022 жылы Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы 5 млрд долларға бағаланып, ең бір рекордты көрсеткішке барған еді. Алайда былтыр, 2023 жылы аяқ асты 10 пайызға азайып, 4,4 млрд доллар деңгейіне түсіп қалды. Оның 3,1 млрд доллары Қазақстанның экспорты еншісінде болса, қалған 1,3 млрд-ы көршімізге тиесілі. Өзбекстан бізге көкөніс, жеміс-жидек, киім мен автомобиль бөлшектерін жеткізумен ғана шектелуде. Оның өзінде мөлшері төмендеген.
Негізі 2016 жылы екі елдің тауар айналымы 1,8 млрд доллар болса, 2019 жылы 4,1 млрд долларға жеткен. Бұндай қарқынды өсім тұрақтылығын ұстап тұрғанда былтырғы деңгей 10 млрд долларға жуықтауы керек еді. Бұл мәселеде түрлі экономикалық себептерді желеу етуге болар, алайда келесі сандар оны жоққа шығаратындай. Мысалы, бір жылдың ішінде Өзбекстанның экспорты 23,8 пайызға, импорты 24 пайызға артып, былтыр сыртқы сауда көлемі 62,5 млрд доллардан асты. Соның бар болғаны 7 пайызы ғана Қазақстан үлесінде екен. Ал Қытай 21,9 пайызын, Ресей 15,8 пайызын, тіпті, алшақта жатқан Түркия 5, Оңтүстік Корея 4 пайызға жуығын иемденген. Бір қызығы, өзбектердің саудасы түріктермен де төмендеген.
Қазір Қазақстан мен Өзбекстанның арасында сауда келісімдері бар, бірақ басым бөлігі сол баяғы ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікке ғана қатысты. Жаңа технологиялар, үлкен өндірістерді бірлесе атқару туралы сөз қозғалмайды. Биыл алғашқы жартыжылдықтағы есептерге көз жүгіртсек, Мемлекеттік кірістер комитеті екі елдің тауар айналымы 1,8 млрд доллар шегінде тұрғанын көрсеткен. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18,1 пайызға аз. Яғни, биыл да жылдық көрсеткіш тағы құлдырайтынына анық дәлел бар. Шамасы, көрші ел сауда қарым-қатынастарында басқаша саясат ұстануға көшті немесе расымен де саяси нюанстар бар деген сөз.
Саяси астары беймәлім дүние
Кейбір кемшіліктерді үлкен проблеманың себебі санап, дау тудыру ниетіміз жоқ. Алайда біз байқаған бірқатар дүниелер бар. Мәселен, осы кезеңге дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтың баспасөз қызметі Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевқа түрлі құттықтаулар жіберіп, көрші мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлескендерін жиі жариялап тұрады. Қазақстан үшін маңызды саналатын Тәуелсіздік, Республика күндері де Мирзиёев біздегі экс-президентті арнайы құттықтайды. Баспасөз қызметі әуелі осы жаңалықтарды жария етіп, қазіргі басшыны кейінге ысырғандай көрінген сәттер де болғаны жасырын емес. Бұған қарап, Өзбекстан басшысының Қазақстанның экс-президентімен әлі де байланысы жақсы екенін аңғара аламыз. Алайда саяси сабақтастықта буын алмасу болатынын, ресми байланыстар мен келісімдер ресми сайланған көшбасшымен өткізілетінін көрші ел тарапы ұмыт қалдырып жүргендей көрінеді.