"Қазақстан мен Ресей тұрғындарының саны теңеседі"

18170

Солтүстік алпауыт көрші демографиялық шыңырауға құлап барады. 

"Қазақстан мен Ресей тұрғындарының саны теңеседі" Фото: yandex.kz

Ресейде биыл дүние есігін ашқан нәрестелердің саны жөнінен тарихи антирекордтар тіркелді, деп жазады Inbusiness.kz.

Демографтар мұндай төмен көрсеткіш Екінші Дүниежүзілік соғыстан бері болмағанына назар аудартады. Бірақ бұл құбылыс Ресейде соңғы жылдары күш алды және 2023 жылғы қаңтар, ақпан, наурызда тың қарқынға ие болды.

"Владимир Путин көп жылдан бері демографиялық құлдырауды Ресей алдында тұрған ең басты қатерлердің бірі деп атап, жағдайды түзету үшін шаралар қабылдауға уәде етіп келеді. Сонымен бірге ол қантөгіс соғысты бастап, елдегі ер-азаматтарды майданға аттандыруда", – деді ресейлік саяси сарапшы Илья Андреев.

Ресейлік журналистер Украина жеріндегі соғыста кем дегенде 47 мың ресейлік жауынгердің қаза тапқанын анықтады. Украиналық және батыстық сарапшылар 270 мыңға дейін ресейлік соғыста жан тапсырғанын айтады.

Қалай болғанда, ресейлік сарапшылардың мойындауынша, Екінші Дүниеүзілік соғыстан бергі бірде бір соғыста Ресейде осынша адам шығыны болмапты.

Дегенмен, Ресейде бала туу көрсеткіші де 2016 жылдан бері төмендеп келеді. Себебі неде?

Негізгі себебі Украинадағы соғыс пен мобилизация емес (олар кейінгі құлдырауларға түрткі-триггер болады). Әзірге РФ "90-шы жылдардың жаңғырығын" бастан өткеруде. Өткен ғасырдың соңында көршіде репродуктивті жастағы әйелдер саны күрт қысқарды. Бұған өз кезегінде 1987 жылдан кейінгі бала туу көрсеткішінің күрт құлауы ықпал еткен.

Осы құбылысқа 1992–1994 жылдардағы өлім-жітім көрсеткішінің бейбіт заманда бұрын-соңды болмаған көлемде шығандауы қосылды да, жаңа Ресейдегі жаңа, зұлматты "бетбұрысқа" арна ашты. Демографтар арасында "русский крест" аталған бұл кесапат туылған балалар санының азаюын және өлім-жітімнің көбеюін білдіреді. Олар түйіскенде, Ресейдегі халық саны табиғи өсуден табиғи кемуге ден қойды.

Салдарынан, Ресейде 1987 жылдан бастап, 1999 жылдар арасында туылған балалар саны шамамен екі есе кеміді. 1987 жылы РФ аумағында 2,5 млн, ал 1999 жылы 1,2 млн бала өмірге келген. Биыл бұдан да аз болмақ.

Демографтардың байламынша, соның кесірінен, 2010 жылдан бастап, 2030 жылға дейін Ресейде репродуктивті жастағы әйелдер саны 40%-ға кемиді. Сарапшылар қалған аналардың көп бала туатынына көп сенбейді: заманмен бірге адамдардың санасы және өмір салты өзгерді. РФ нәзік болмыс иелері де негізінен бір-екі баламен шектеледі.

РФ статорганының хабарлауынша, 2023 жылғы мамырда Ресейде 104,5 мың бала туылды. Салыстырсақ, Ресейден халқының саны жөнінен он есе аз Қазақстанда бір айда шамамен 30-40 мың сәби дүниеге келеді.

Солтүстік көрші үшін бұл өте аз саналады. Биылғы сәуірде кезекті антирекорд тіркелді: 96,1 мың бала ғана туылған.

Росстат дерегінше, 2023 жылғы мамырдың қорытындысында Ресейде бір айда 152,7 адам өлген. Бұл 2022 жылғы мамырмен салыстырғанда, бірден 5,7 мың адамға немесе 3,9%-ға көп.

РФ Жоғарғы экономика мектебінің демографтары Валерий Юмагузин және Мария Винниктің есептеуінше, 2100 жылы Ресей халқының саны 67,4 миллион адамға дейін кемиді.

Егер Қазақстан бала туудың жоғары қарқынын сақтаса немесе ары қарай арттыра алса, онда республикамыздың халқының саны ғасыр соңында 50-60 миллионға жуықтап қалады. Демек екі ел теңеседі.

The Washington Post бір жайтқа назар аудартты.

"Естен тандыратын дерек бар: бүгінде 15 жасар ресейлік баланың күтілетін өмір сүру ұзақтығы артта қалған Гаитидегі 15 жасар құрбысына ұқсас. Бұл ретте Ресей – табиғи ресурстары жөнінен әлемдегі ең бай елдердің бірі. Оның үстіне РФ урбанизацияланған, өнеркәсіптік дамыған, білімі мен сауаттылығының деңгейі жоғары ел. Бұл жөнінен олар еуропалық елдермен теңесе алады, тіпті асып түсуі де мүмкін. Бұл дерек ұзақ жыл демография мәселелерін зерттеп келе жатқан ғалым Николас Эберштадтың құжатынан алынды. Оның байламынша, Ресей осымен 3 онжылдық бойы депопуляция апатын бастан кешуде", – деп жазды Уашингтон пост.

Америкалық басылымның түсіндіруінше, бұған өлім-жітімнің артуы әсер етуде. 2019 жылы, яғни коронавирус пандемиясы, Украинаға басқыншылық басталғанға дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы мүлдем басқа көріністі көрсеткен. ДДСҰ сол кездегі болжамынша, ресейлік 15 жасар жеткіншек тағы 53,7 жыл өмір сүруден үміттене алатын еді.

Бірақ бұл Йемен, Мали және Оңтүстік Судандағы құрдастарынан аз. Ал швейцариялық 15 жасар бала ресейлік тетелесінен орта есеппен 13 жыл артық өмір сүре алады. 

Эберштадт пікірінше, Ресей білім деңгейі жөнінен бірінші әлемге, ал халқының өлім-жітімі жөнінен "төртінші әлемге" жатады.

Ресейдегі демографиялық құрдымға тек "90-шы жылдардың жаңғырығы" ғана себепкер емес.

Тағы бір себеп – аналық капитал. 2007 жылы қолданысқа енгізілген аналық капитал екінші және одан кейінгі балалардың туылуын ынталандырады. Ол бала туу көрсеткішіне әжептәуір серпін берген. Бірақ ол өсім 2016 жылы аяқталды. 2020 жылдан бері ресейлік аналар аналық капиталды тұңғышы үшін де ала алады.

Алайда оған деген қызығушылық төмендепті. Себебі, бұл капитал аналардың қолына берілмейді. Баспана сатып алса, ипотекасын жапса, банкке аударылады.

Сонымен бірге РФ билігі аналық капиталдың уақытша шара екенін қайталаумен келеді: оны ең соңғы мезетте, жыл аяқталып қалғанда ғана алдағы жылға ұзартып тұрады. Содан ресейлік әйелдер баласын өмірге әкелгенше, билік оны жоя сала ма деп қауіптенеді.  

РФ жұртшылығының табысының, тұрмысының төмендеуі де демографиялық өсімге кері әсер етті. Сондай-ақ триллиондардың соғысқа шығындалуы салдарынан РФ өңірлерінде әлеуметтік шығыстар қысқартылуда.

Мысалы, Мәскеумен бірге байырғыдан орыстардың отаны саналатын Новгород өңірінде губернатор медицина бюджетін кемітіп, аудандық ауруханалардағы туу бөлімдерін жапқызып тастатқызған. Нәтиже көп күттірмеген: Новгород облысы бала туу көрсеткіші ең көп құлдыраған өңірдің біріне айналды.

Таза орыс этносы шоғырланған өзге өңірлер де оңып тұрған жоқ. Ел бойынша туу көрсеткіші 3,1% төмендесе, Украинамен шектесетін және дүркін-дүркін атқыланатын Белгород облысында бұл көрсеткіш 7,9%-ға азайды.

Росстат дерегінше, бүкіл Рязанда 2021 жылы небары 8 034, 2022 жылы — 6 971 бала туылған.

Бүгінде Ресейдің 67 өңірі "құрып бара жатқан өлке" саналады. Оларда туу көрсеткіші төмендеуде. Өлім-жітім ұлғаюда. Өкінішке қарай ол өңірлерге қазақтар шоғырлана тұратын өңірлер де кіреді.

Өлгендер санының күрт артуы жөнінен биыл Ингушетия (былтырғыға қарағанда 26,4% артты), Қорған облысы (16,8%), Бурятия (14,7%), Орынбор облысы (13,1%) антирекорд орнатып жатыр. Сарапшылар дәл осы өңірлерден Украинадағы соғысқа ер-азаматтар бәрінен көп алынғанын айтады. Бодан ұлыстардың болашағы бұлыңғыр көрінеді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу