Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында еліміз көмірсутектер саласындағы геологиялық барлауға енді жыл сайын 200 миллиард теңгеге дейін инвестиция салатын болады.
Сондай-ақ Үкімет барынша қысқа мерзім ішінде салаға шамамен 9 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция ағынын қамтамасыз етуге міндеттелді.
Соның аясында Қазақстан Каспий теңізінің түбін тесіп, қара алтын іздеу жұмыстарын қайта жандандырады. Сарапшылардың мәліметінше, Каспий табанында геологиялық барлау соңғы бірнеше жылдан бері жүргізілмеген екен.
Бұл істе республика өзіне серіктес ретінде Италияны таңдады. Оның жетекші мұнай-газ компаниясы Eni "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясымен бірігіп, бұған дейін жасырын жатқан қара алтынын табу үшін Каспий қойнауларын "тінтуге" 300 миллион доллар шығындайтын болады. "ҚазМұнайГаз" басшысы Мағзұм Мырзағалиев италиялық Eni-мен бірлесіп, Каспий қайраңының қазақстандық бөлігін көмірсутекке зерттеуді жоспарлап отырғандарын мәлім етті.
Қос компания бұрғылауға 2024 жылдың ІІІ-ші тоқсанында білек сыбана кірісіп кетпек. Осының алдында "ҚазМұнайГаз" бен Eni Каспийдің қазақстандық секторындағы Абай қайраңдық учаскесін бірлесе зерттеуге уағдаласқан болатын. Онда алдымен 1 барлау ұңғымасы бұрғыланып, 3D-сейсмика жүзеге асырылуға тиіс.
Себебі, бұдан бұрын ТЖМ мәлімдегендей, XXI ғасыр басталғалы бері Қазақстанда "Жер қойнауындағы сейсмикалық процестердің жандануының кезекті кезеңі" басталды. Демек, Каспий атырабындағы жер сілкінісі қаупін жоққа шығару әбестік.
Мамандардың түсіндіруінше, Eni бұрғы салғалы тұрған "Абай" блогы Каспийдің суы таяз тұсында, жағалаудан, Бозащы түбегінен 60-70 шақырым жерде, қара алтыны өндіріліп жатқан Қашаған кен орнының жанында орналасқан. Ғалымдар ол кен орнында шамамен 387 миллион тонна мұнай қоры бар деп тұспалдайды. Шынында, одан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Болжам бойынша "Абай" блогы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан кейінгі аса ірі мұнай кен орнына айналуы ғажап емес. Қазірдің өзінде ол салынатын инвестициялар көлемі жөнінен аталған "супергиганттардан" кейін орын алып, лидерлер қатарына қосылуда.
Абай кен орнында барлау жұмыстарын жүргізу, оның құрылымында Abay-1 ұңғымасын салып, артынша жою бастапқыда 2021 жылға жоспарланған еді. Соған сәйкес, 2020 жылы Abay-1 барлау ұңғымасының құрылысына қатысты техникалық жоба, сонымен қатар Abay-1 барлау ұңғымамасын ликвидациялау жобасы әзірленді. Басқа да барлық қажетті құжаттарына рұқсатнамалар алынған.
Алайда "Исатай Оперейтинг Компани" мәліметінше, "коронавирус инфекциясының әлемдік пандемиясымен байланысты бірқатар техникалық себептерге", сондай-ақ "Исатай Оперейтинг Компани" ЖШС өндірістік жоспарларының өзгеруіне орай ұңғыманы бұрғылау уақытында жүзеге асырылмады. Құрылыс жұмыстарына Каспий теңізінің суының кері қашуы, қатты таяздануы да кедергі келтіріпті.
Содан барлаудың басталуы бастапқыда 2022 жылға шегерілді. Енді жоспар бойынша 2024 жылғы ІІІ-тоқсанда қолға алынуға тиіс.
Қазақстандық Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, соңғы жиырма жылдықта Каспий теңізінің қазақстандық секторында су деңгейі тез қарқынмен төмендеп барады. 2021 жылдан 2023 жыл аралығында теңіздің орташа тереңдігі 35 сантиметрге қысқарып кеткен.
Мұндай алапат қарқын Каспийдегі мұнай-газ кен орындарын игеруге тартылатын техникалардың түрі мен тізіміне түзету енгізуді талап етуде. Ірі техникалар көзделген орынға жетпей, қайраңдап қалуы мүмкін. Сондықтан "Абай" блогында бұрғы салу үшін Caspian Explorer және соған балама бұрғылау қондырғыларын пайдалану ұсынылды. Бұл шағындау қондырғылар судың небары 2,5–5,5 метр тереңдігінде ғана жұмыс істеуге қабілетті. Бұған дейін аталған блокта 8 метр тереңдікте жұмыс жасай алатын қондырғылар қажет деп бағаланған еді.
Ал осы жұмыстарға Қазақстанның италиялық Eni-ді таңдауы кездейсоқтық емес. Бұл компания елімізде 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеуде. Соның ішінде "Қашаған" жобасына және Қарашығанақ кен орнын игеруге, консорциумдар құрамында қатысып жатыр. Ендеше Каспийдің ерекшеліктері туралы хабары бар. Сондай-ақ италиялық алпауыт ҚМГ-мен бірге Каспий теңізінің қайраңындағы Исатай учаскесін игеріп, мұнайы мен газы өндіру құқығына ие.
Айтқандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикада әлі күнге барланбаған 5 мыңнан астам кен орны барын жариялады. Олардың жалпы құны қазіргі бағамен 46 триллион доллардай.
Бұл мысалы, АҚШ-тың 27 жылдық бюджетіне тең.
Қазақстан Президенті қазақ жерінің қойнауында жасырулы кен орындарына қатысты ақпаратын 2024 жылғы 19 қаңтарда, Римге ресми сапары аясында, "Қазақстан-Италия" инвестициялық дөңгелек үстелінде жария етті.
"Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады", – деді Қ.Тоқаев.
Бірақ бұл жаңа кен орындарының қаншасы мұнайға қатысты екенін нақтыламады. Мемлекет басшысы ел экономикасына шетелден тартылатын тікелей инвестиция көлемін ұлғайту үшін практикалық және заңнамалық тұрғыда шаралар кешені жоспарланып отырғанын жеткізді.
Мемлекет инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтап, оларды жоюда. Жақында Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес құрылып, оған кең ауқымды өкілеттік берілді. Бұл – кеңес мүшелерінің жоғарыға алаңдамай, өз бетінше, жедел шешім қабылдауына, көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына ықпал етеді.
Қазақстан өз мұнайының 80 пайыздан астамын Еуропаға экспорттап, өткізіп отыр. Еліміз Еуропалық Одақ тұтынатын бүкіл мұнайдың шамамен 10 пайызын бір өзі қамтитын деңгейге жетті.
Сондықтан өз нарығына шикізат жеткізілімін кепілдендіру және орнықты ету үшін Еуропаның ENI сияқты ірі компаниялары, өзге де инвесторлары Қазақстанда көмірсутек барлау саласына қаржы құюға ынталы болса керек. Президент әлемдік озық тәжірибе мен технологияларды әкелуге, мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсетуге атсалысуға шақырды.
Әрине, кен орындарын барлап, қара алтынның жаңа қайнарларын табу – қажетті іс. Алайда өнімді сонау Еуропа құрлығына жеткізу мұңға айнала бастады. Себебі белгілі: Кремль жыл басында мәлімдегендей, "толық жеңіске жеткенге дейін" Украинаға соғысын тоқтатудан Ресей бас тартты. Тиісінше, Батыс санкциялары мен тыйымдары қатайтылады. Өзге өңірлерде қарулы қақтығыс ошақтарының туындауы да ахуалды күрделендіруде.
Қазақстанның бүкіл мұнайының 90 пайыздайы Ресей территориясы және соның теңіз порттары арқылы тасылады. Алайда ең басты Новороссийск, Усть-Луга сияқты порттары мен терминалдарына теңіз және әуе дрондарымен соққы беріп, жару оқиғалары тіркелді. Сарапшылар алда шабуылдар саны артады деп болжайды.
Еліміздің мұнай экспортын жүзеге асыратын "Каспий құбыр консорциумы" (КҚК) да танкерлерге қазақстандық мұнай құю ісін жиі тоқтатып қояды.
Осыған байланысты жуырда, "ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке "Каспий құбыр консорциумының" бас директоры Николай Горбаньмен кездесуге тура келді. Жүздесу журналистерсіз, жабық есік жағдайында өтті. ҚМГ хабарлауынша, оның барысында КҚК-ның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету проблемалары және оның даму перспективалары талқыланды.
Ресми мәліметке жүгінсек, 2023 жыл табысты болды: КҚК теңіз терминалынан 63,5 миллион тонна қазақстандық және ресейлік мұнай жөнелтілген. Бұл − консорциум қызметінің бүкіл тарихындағы ең жоғары рекордтық көрсеткіш көрінеді. Былтыр ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірнеше рет танкерлерге мұнай құюдың тоқтатылғандығына қарамастан соған қол жеткізілді.
Өйткені Қазақстанның қолдауымен 2023 жылы КҚК терминалының жылжымалы айлақ құрылғысында (ВПУ) жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ресейдің санкция астында болғанына қарамастан, әлемдік озық құрылғылар жеткізіліп, орнатылды. Осы арқылы құбыр жүйесінің өткізу қабілеттілігіне бұрыннан қойылған шектеулер жойылды.
М.Мырзағалиев бұдан бөлек, Қазақстанның консорциуммен тізе қосып, "КҚК-Р"-ға ("КТК-Р" жабық акционерлік қоғамына) жылжымалы айлақ құрылғысының 2 жүйесін жеткізу бағытында бірлескен жұмыстар жүргізілгенін мәлімдеді. Бұл құрылғылар 2026 жылы жеткізілмек. Нәтижесінде, мұнай айдау көлемі күрт артады деп күтілуде.
Оған дейін мұнай тасымалына Ресей–Украина соғысының саябырсуы не ушығуы әсер ететін түрі бар.
Биыл Қызыл теңіздегі қарулы қақтығыстың өршуі Ресейдің мұнай тасымалына зиянын тигізіп жатыр. Мысалы, өткен аптада хуситтер ресейлік мұнай тиелген Trafigura танкерін атқылап, жарып жіберді.
Осылайша, йемендік көтерілісшілер Қызыл теңізде ресейлік мұнай таситын кемелерге шабуыл жасамау туралы уәдесін бұзды. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, алып мұнай танкері ресейлік мұнайды Сингапурға апара жатқан. Бірақ оған Аден шығанағында зымыраннан соққы берілді. Хуситтер шабуылды өз мойнына алды. Шабылданған танкерге батыстық әскери кемелердің көмекке барғаны, өртті сөндіру шаралары жүргізілгені айтылды.
Bloomberg мәліметінше, хуситтердің шабуылдары танкер жалдауды, фрахт құнын еселеп қымбаттатып жіберді. Салдарынан, мұнай құюшы танкерлердің фрахт бағасы тәулігіне 100 мың долларға жетіп қалды.
Бұған қоса, Америка серіктес мемлекеттермен бірігіп, РФ мұнайын тасымалдайтын "көлеңкелі флотты" жоюға белсенуде. Ондағы жүзге жуық танкердің он пайыздайы әшкереленіп, оларды бірде бір порт қабылдамауы үшін санкция салынды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.
Ресейдің "көлеңкелі флотының" және оған ресми түрде қызмет ететін танкерлердің бір бөлігі қаңтар айында жойқын соққыға душар болған Усть-Луга портының маңында бұғатталып қалды. Оларға ресейлік Urals маркасының 3 миллион баррель мұнайы тиелген.
Сондай-ақ ресейлік Sokol маркалы премиальды мұнайының 10 миллионнан астам баррелі тиелген 14 танкер Үндістан порттарының айналасында былтырғы желтоқсаннан бері қаңтарылып тұр. Үндістан Ресейден ол мұнайды өзіне үлкен жеңілдікпен сатуға мәжбүрлеуде. Тиісті келісім бекітілмей, аталған танкерлер үнді порттарына кіріп, мұнайын терминалға қотара алмайды.
Сарапшылардың байламынша, осының бәрі Ресейді өзі арқылы өтетін қазақ мұнайының тасымалын да шектеуге итермелеуі мүмкін. Өткізу қуаттары оның өзіне де керек.
Еліміздің Энергетика министрлігі 2024 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстанның мұнай өндірісін 1,468 млн баррелге дейін (тәулігіне 82 мың баррелге) қысқартатынын жариялады.