Қазақстан, Ресей, Әзербайжан Таяу Шығыстың Үндістан мұнай нарығындағы үлесін тарихи минимумға дейін кемітті

1950

Посткеңестік елдерге бұл нарықта ОПЕК пен оның жетекші өндірушісі Сауд Арабиясы да есе жіберіп жатыр.

Қазақстан, Ресей, Әзербайжан Таяу Шығыстың Үндістан мұнай нарығындағы үлесін тарихи минимумға дейін кемітті Фото: reuters.com

Ресей 2023-2024 қаржы жылында екінші жыл қатарынан Таяу Шығыс пен ОПЕК өндірушілерінің нарықтық үлесін тарихи төменгі деңгейге дейін қысқартып, Үндістанға ең ірі мұнай жеткізуші атанды.

"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, бұл жайтты осы саладағы кемелердің қозғалысын қадағалау деректері айқындап беріп отыр.

Батыс елдері Ресейдің энергетикалық шикізатын сатып алудан бас тартып, Мәскеуге Украинаға басып кіргені үшін санкция салған соң, Нью-Дели арзандатылған ресейлік мұнайды көптеп сатып ала бастады.

Нәтижесінде, Ресей қазір әлемдегі үшінші ірі мұнай импорттаушы мемлекет үшін жетекші жеткізушіге айналып отыр.

Үндістан Мәскеудің соғысты қаржыландыруға қажетті кірісін қысқартуға бағытталған бірқатар санкцияларға қарамастан, РФ-ның "қара алтынын" сатып алуды әлі де жалғастырып жатыр.

Ресей – Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) одақтасы. Бірақ ол Таяу Шығыстағы ОПЕК-тің негізгі өндірушілерінің Үндістандағы үлесін иеленіп отыр.

Мәліметтер көрсеткендей, Ресей мұнайы Үндістан тәулігіне импорттайтын 4,7 миллион баррель шикі мұнайдың шамамен 35%-ын құрайды. Салыстырып көрсек, бір жыл бұрынғы көрсеткіш шамамен 22%-ды төңіректеген еді.

Өзге бір деректерге жүгінсек, Үндістан 2023/2024 фискалдық жылда Ресейден тәулігіне 1,64 миллион баррель мұнай импорттапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 57%-ға жоғары.

Осынау көрсеткіш Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше Ресей, Қазақстан және Әзербайжан мұнайының Үндістан импортындағы үлесін бір жыл бұрынғы 26%-дан 2023/24 жылдары 39%-ға дейін көтеріп отыр. Керісінше, Үндістан импортындағы Таяу Шығыс мұнайының үлесі 55%-дан 46%-ға дейін төмендеп кеткен.

Ирак – Үндістанға екінші ірі жеткізуші. 2023/24 жылдары одан кейінгі орында Сауд Арабиясы тұр. Тағы бір мәліметке қарағанда, Үндістан 2023-2024 жылдары алғаш рет ОПЕК пен ОПЕК-ке кірмейтін елдерден бірдей көлемде мұнай импорттаған.

Сауд Арабиясының Үндістанға мұнай экспортының төмендеп кетуіне жылдың көп бөлігінде оның мемлекеттік Saudi Aramco компаниясы белгілеген бағаның жоғары болуы себепші.

Кувейт болса, шикі мұнайын оңтүстіказиялық елге бұрынғыдай көп жібермей, көмірсутегінің айтарлықтай бөлігін жаңа отандық мұнай өңдеу зауытына бағыттап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу