Қазақстан рөлі оң жақтағы көліктерді әкелуге неге тыйым салып отыр?

1566

Сарапшылар бұл қажетті шешім екенін алға тартады.

Қазақстан рөлі оң жақтағы көліктерді әкелуге неге тыйым салып отыр? Фото: canva.com

Қазақстанға рөлі оң жақта орналасқан көліктерді бөлшектелген түрде әкелуге жарты жылға тыйым салынды. Тиісті бұйрық 16 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша ел аумағына бір реттік заңдастыру аясында 240 мыңнан астам көлік заңдастырылған.

"Оның ішінде 22 мыңға жуығы конструкторлар, яғни оң жақ рөлді көліктер. Бұйрық күшіне енгенге дейін келген машиналар белгіленген заңнама шеңберінде заңдастырылатын болады", – делінген хабарламада.

Ведомство оң рөлді автокөліктерді бөлшектеп әкелуге тыйымның енгізілуіне жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету себеп болғанын алға тартады.

"Қазақстанның Автокөлік Одағының" сарапшысы Дархан Айдаулов та осы пікірде.

"Елімізге оң рөлді машиналардың кіруіне шектеу қойылуы жолдағы қауіпсіздік стандартын сақтауға ықпал етеді. Оның үстіне біздің елде көліктер жолдың оң жақ бетімен қозғалатынын ескерсек, бұл – бүкіләлемдік тәжірибе. Бұл – жолдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ететін стандарт ереже. Сонымен бірге азаматтарымыз шетелден рөлі оң жақта орналасқан көліктерді алып келіп, мүлкін заңды түрде қолдана алмай, әр түрлі қиындықтарға душар болады. Сондықтан да Қазақстан Республикасында жол қозғалысының қауіпсіз болуын қамтамасыз ету, елге заңсыз машина кіргізуге тосқауыл қою және азаматтардың құқығын қорғау мақсатында Үкімет рөлі оң жақта орналасқан көліктерді кіргізуге тыйым салды", – деді ол.

Спикер қолданыстағы заңнамаға сәйкес рөлі оң жақта орналасқан көліктерді елімізде тіркеуге тыйым салынғанын баса айтты. Сөзінше, мұндай көлікті тізгіндегенде олардың қауіпсіз жұмысына теріс әсер ететін бірқатар кемшілік бар.

"Атап айтқанда, жол белгілері мен сигналдарды дұрыс көрмеу, жолаушыларды отырғызу және түсіру ережелерін сақтамау, әсіресе тар көшелерде басып озғанда жолдың дұрыс көрінбеуі, шам жарығы түсетін бұрыштардың дұрыс орналаспауы салдарынан жүргізушілердің көзін шағылыстырып, кедергі келтіру, жолдың оң жақ жиегінің нашар көрінуі. Осындай елеулі кемшіліктер бұл көліктердің сол жақтағы қозғалыстағы елдерде пайдалануға арналғандығына тікелей байланысты. Сол себептен оң рөлді көлікті басқаруда аталған қауіптерді ескере отырып, ерекше мұқият болып, барлық жол қозғалысы ережелерін сақтау керек", – деп толықтырды Дархан Айдаулов.

Ел жолдарында 2007 жылдан кейін шығарылған жапондық оң жақ рөлді көліктер әлі кездеседі – сарапшы

Автосарапшы Алексей Алексеев елімізге оң жақ рөлді көліктерді әкелуге тыйым 2007 жылы енгізілгенін еске салды.

"Біраз уақыттан кейін автомобильдерді тіркеуден ресімдеу кезінде тексеру, ал техникалық паспорттан қозғалтқыш нөмірі алынып тасталды. Автокөлік жүргізушілерінің өмірін жеңілдетті. Десек те, қозғалтқыш тіркелетін бөлік қатарынан шыққан уақыттан бастап олар Қазақстанға қосалқы бөлшектер түрінде әкеліне бастады. Сондай-ақ Жапониядан келген көліктер "конструктор" түрінде әкелінді. Олар бөлшектерге бөлініп, әкелінді. Салдарынан Қазақстан жолдарында 2007 жылдан кейін шығарылған жапондық оң жақ рөлді автомобильдер әлі кездеседі. Кәсіпкерлердің "конструкторлар" деп аталатын көліктерді Жапониядан әкеліп, утильге өткізілген машиналардың техникалық паспорттарын сатып алып, 2007 жылға дейін шығарылған көліктердің құжаттарымен жуырда шығарылған автокөлікті тіркегендері жасырын емес", – деді ол.

Спикердің сөзіше, жаңа заң бұл олқылықтармен күресуге бағытталған.

"Қазақстанға енді жапондық оң жақ рөлді көліктерді бөлшектелген түрде әкелуге болмайды. Яғни, заңсыз әкелуге қарсы күрес жүріп жатыр. Бұл тұрғыдан алатын болсақ, заң адал сатып алушыны қорғайды. Өзіңіз ойлап қараңызшы, сіз пайдаланылған көлікті сатып алдыңыз, ал кейін қозғалтқыштың ауыстырылғанын, салонның басқа үлгіден шыққанын және жалпы көліктің "конструктор" екенін, бірнеше "донордан" жиналғанын байқайсыз. Сол себептен жаңа заң (Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығы) 16 қаңтарда күшіне енеді. Құжат бұрын қабылданған ережелер мен Қазақстанға оң жақ рөлді көлікті әкелуге тыйым салу туралы заңдарға қосымша болады", – деді автосарапшы.

Алексей Алексеевтің сөзінше, жаңа тыйым "конструкторларды", яғни рөлі оң жақта орналасқан көліктерді бөлшектелген түрде әкелуге ғана қатысты. Көлігі барларға келер қауіп жоқ.

"Қазақстанда жүргізушілер тізгіні оң жақтағы көлікті басқару кезінде сол жақ жолаққа немесе қарсы қозғалыс жолағына шығу арқылы басып озу қиындықтарына тап болады. Әсіресе бұл қала маңындағы трассаларда қауіпті. Қауіпсіз маневр жасау үшін басып озатын көлікке дейінгі дистанцияны ұлғайтып, маневрдің қауіпсіздігіне көз жеткізу үшін солға қарай мұқият жылжу қажет. Тағы бір ескерер жайт – қаладағы қиылыстарда солға бұрылу. Келе жатқан көліктер жүргізушіге көрінбейді, сол себепті барлық көлік өткенше немесе қарама-қарсы көлік ағыны бағдаршамның тыйым салу сигналына тоқтағанша күту керек", – деді автосарапшы Алексей Алексеев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу