Қазақстан сэр Сума Чакрабартидің айтқанын орындай бастады

3333

Елімізде Тоқаевтың реформасын қолдайтын, Үкіметтің айқын жұмыс істеуін діттейтін "әлеуметтік топ" пайда болмақ, деп жазады іnbusiness.kz.

Қазақстан сэр Сума Чакрабартидің айтқанын орындай бастады

Ақпарат құралдары бір жыл бұрын Қазақстан Президентінің жаңа ақылшысы туралы жаза бастады: 2020 жылғы қыркүйекте Сума Чакрабарти Тоқаевтың жаңа штаттан тыс кеңесшісі атанды. Оның Мемлекет басшысына қазақ елінің экономикалық дамуы мәселелері бойынша ақыл-кеңес беретіні хабарланды. Үндістанның тумасы С. Чакрабарти – британдық заңгер, экономист, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры сияқты жаһандық қаржы ұйымдарында мол тәжірибесі бар басқарушы. Қазақстандағы қызметке ауысардан бұрын Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы болған.

Биылғы 1 шілдеде ел Президентінің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің отырысында сэр Сума Чакрабартидің есебінде (Gap analysis) ұсынылған рекомендацияларды жүзеге асыруға бағытталған Жол картасы талқыланды. Сонда Қасым-Жомарт Тоқаев ол есепте маңызды проблемалар көтеріліп, пайдалы бастамалар ұсынылғанын қадап айтты.

Ол қандай пайдалы бастамалар?

Сонымен Чакрабарти ақылына құрылған "Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы" ел назарына ұсынылып отыр. Ұлттық экономика министрлігі оны қабылдауға бағытталған Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.

Үнділік-ағылшындық ақылгөйдің байламынша, Қазақстанда Тоқаев бастаған реформалар табысқа жетуі үшін елде тың өзгерістерге құштар, орнықты әрі гүлденген қоғамды көруге ынтық, есепті және "мөлдір" Үкіметтің болуына іңкәр әлеуметтік топ өркен жаюы қажет. Бұл ерекше әлеуметтік топтың діңгек-өзегі (орысша нұсқасында "ядро") – кәсіпкерлер болмақ. Жеке кәсіпкерлерге елдің әлеуметтік-экономикалық моделін өзгерту ісінде жетекші рөл беріліпті.

"Бұл тұжырымдаманың негізгі рөлі – шағын және орта кәсіпкерлікті (ШОК) дамытудың біртұтас мемлекеттік саясатын құру, оны ШОК-қа тікелей не жанама әсер ететін басқа мемлекеттік саясатпен үндестіру. Тұжырымдама мемресурстың көлемі шектеулі екенін ескереді, басқа мемсаясаттарға кереғар келсе, олармен өзара қолайлы ымыра іздейтін болады. Ол сондай-ақ ШОК-қа жағдайлар жасау үшін барлық ұлттық жобаларға ықпал етеді", – деген түсініктеме берді Ұлттық экономика министрлігі.

Чакрабарти ұсынымына және тұжырымдамаға сәйкес, біріншіден, қазіргі "Бизнестің жол картасы-2025", сондай-ақ Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының орнына келетін жаңа құжат-ережелер әзірленбек. 

Екіншіден, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін "Бастау Бизнес 2.0" атты Жол картасы әзірленеді. Онда бизнесін жаңа ғана ашқан адамдарға арналған барлық мемлекеттік шаралар мен құралдар біріктіріледі. Ережелерде "ісін жаңа бастаған кәсіпкерге" кім жататыны айқындалып, нақты анықтамасы берілмек және олардың қаншалықты ұзақ қолдау көретінін белгілейтін уақыт шегі бекітіледі. Әйтпесе, бармақ басты, көз қысты тірліктер салдарынан он-он бес жыл бизнесте жүрген тәжірибелі кәсіпкерлер де осы санаттан шықпай, мемқолдау шараларының жемісін теруін жалғастыруы мүмкін.

Негізгі қағидат – "жас" кәсіпкерлерді шектеулі уақыт кезеңінде орнықты өсу мен даму траекториясына шығуға ынталандыру болмақ.

Үшіншіден, нарықта бәсекеге қабілетті әрі тез қарқынмен өсетін шағын және орта кәсіпорындар жеке санатқа бөліп шығарылады. Олар үшін "Бәсекеге қолжетімділік" деп аталатын бөлек Жол картасы әзірленеді деп жоспарлануда. Бұл құжат бәсеке бәйгесінде алдына қара салмайтын шағын-орта бизнес нысандарына ғана қолжетімді барлық мемлекеттік шаралар мен құралдарды біріктірмек.

Тағы да бұл бағдарламаның игілігін шенеуніктермен жең ұшынан жалғасқан кездейсоқ, "көлденең көк атты" фирмалар көре бастауы ықтимал. Сол себепті "қазақстандық өмір шынайылығының ерекшелігін" түсінетін Чакрабарти мырза ережелерде "бәсекеге қабілетті және тез өсетін ШОК-қа" нақты кімдер жататынын тайға таңба басқандай белгілеп, алдын ала анықтап алуға кеңес берген. Әлдебір "мемлекеттік цифрлық платформада" шаруашылық жүргізуші субъектілердің рейтингін жүргізу қарастырылыпты.

"Чакрабарти жоспары" қандай міндет-мұратты діттейді?

"Бастау Бизнес 2.0" Жол картасы аясында ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдаудың барлық шаралары мен құралдары, бизнес-инкубаторлар мен акселераторлар ұсынылады, микроқаржы ұйымдарының гранттары мен қарыздары беріледі.

Әйелдер мен жастарды кәсіпкерлік қызметке кеңінен тарту үшін арнайы топтама-пакеттер әзірленеді. Ол қаржылық емес, инфрақұрылымдық және қаржы құралдарынан тұрады.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды кәсіпкерлік қызметке тарту үшін жеке қор құрылады: ол бизнесті іске қосуды қаржыландырумен айналыспақ.

"Бәсекеге қабілеттілік" Жол картасы аясында тез өсіп келе жатқан ШОК үшін "пакеттік шешімдер" ұсынылады. Ол не шешім? Біріншіден, оқыту арқылы компанияның меншік иелері мен басшыларының біліктілігі дамытылады. Екіншіден, отандық және шетелдік консультанттардың көмегімен компанияның ұйымдастырушылық, өндірістік және инновациялық әлеуеті іске асырылмақ.

Үшіншіден, "бірінші санаттағы мамандандырылған инфрақұрылымға қолжетімділік қамтамасыз етілетін" көрінеді.

Төртіншіден, бұл "кастадағы" кәсіпкерлер мемлекеттен инновациялық гранттар алу арқылы жаңа технологияларға қол жеткізеді.

Бесіншіден, олар кепілдендірілген тапсырыстар, контрактілер арқылы ішкі нарықты емен-жарқын жайлауға тиіс.

Алтыншыдан, субсидиялау, жеңілдікті кредиттеу және басқа экспортты қолдау шаралары арқылы сыртқы нарықтарға еркін шығуына жағдай жасалады.

"Бизнестің мемлекеттік шаралары мен құралдары және міндеттемелері пакетінің нақты дизайны, құрамы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мамандандырылған Қордың қатысуымен жеке айқындалатын болады. ШОК-ты дамытуға бөлінетін жалпы бюджет құрылымында қаржылық емес шаралардың үлесі – кемінде 30%-ды, инфрақұрылымдық шаралардың үлесі – кемінде 20%-ды құрайды", – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Қорыта айтқанда, "Чакрабарти жоспарындағы" шаралар табысты жүзеге асырылса, сөз болып отырған ерекше әлеуметтік топтың, яғни ШОК-тың ЖІӨ-дегі үлесі 2025 жылы – 35%-ға, 2030 жылы – 40%-ға жетуге тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 31,7%-ды құрайды екен. Бұл ретте орта компаниялардың ЖІӨ-дегі үлесі алдағы 5 жылда 15%-ды, онжылдықта 20%-ды құрауы қажет.

Тұжырымдамада басқа да мақсат-мұраттар көзделген: мысалы, экономиканың шикізаттық емес секторының жалпы қосылған құнының көлемін 89 триллион теңгеден астам, ал өңдеуші өнеркәсіпте – 15 триллион теңгеден астам мөлшерге жеткізу жоспарлануда.

Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде инновация көрсеткіші бойынша алдыңғы 70 елдің қатарына кіру міндеті қойылған.

Жаһандық "қара базарға" өткізілетін отандық тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының көлемі 41 миллиард доллардан асырылмақ. Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 30 миллиард долларға дейін жеткізіледі. Әйтпесе, 2020 жыл қорытындысында Қазақстан шетелден небәрі 17,1 миллиард доллар ғана тікелей инвестиция тарта алыпты.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу