Қазақстан шекарасында 4 жаңа қала пайда болуы мүмкін

10487

Олар Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен арада бой көтермек.

Қазақстан шекарасында 4 жаңа қала пайда болуы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Жаңа хаб шаһарлар ел Үкіметінің ресми құжаттарында "Сауда-экономикалық ынтымақтастық орталықтары" (СЭЫО) деген атау алды.

Inbusiness.kz бұған дейін Өзбекстанмен арадағы жаңа қалаға қатысты егжей-тегжейді хабарлаған болатын.

Енді белгілі болғандай, Қазақстан көршілермен шектес аумақта 2025 жылға дейін сауда-экономикалық ынтымақтастықтың 4 орталығын ашуды жоспарлап отыр. Тек Тәжікстан мен Түрікменстан тыс қалады.

Орталықтарға келесі 2024 жылы әлемдік институционалдық инвесторлардан кем дегенде 30 миллион доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті белгіленді. 

Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, осы арқылы көрші төрт мемлекетпен "экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту" мақсаты қойылды. Бұл алдағы 2024 жылы елімізге жалпы көлемі 27,6 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тартуға септесуге тиіс.

Жалпы, әлемде инвестициялар үшін ғаламат талас, бәсеке күшейді. Қазақстан экономикасына 2022 жылдың қорытындысында 28 млрд доллар ТШИ құйылды. Бұл алдыңғы 2021 жылғыдан бірден 17,7% көп. Бірақ бұл он жыл бұрынғыдан да аз: 2012 жылы ТШИ көлемі 28,9 миллиард долларға жетті.

Тиісінше, шекарадағы жаңа шаһарлардың басты міндеті – мемлекеттер арасындағы кооперацияны дамыту, бірлескен өндіріс орындарын ашу, осы арқылы елге инвестиция тарту болады.

4 шекарамаңы орталығын құру бойынша оператор ретінде бастапқыда "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы (бұрынғы "ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы) анықталыпты. Бірақ бұл компания тіпті еліміз бойынша көтерме-тарату орталықтары (КТО) желісін салып, дамыту міндетін жарға жығып тынды.

Қалай болғанда, 2022 жылғы 3 қарашада сауда-экономикалық ынтымақтастық орталықтарының инфрақұрылымын құру, дамыту және басқару функцияларын одан алып қойып, "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ-ына беру туралы шешім қабылданды.

Бүгінде "QazTrade"-ке төрт елмен арада СЭЫО салу үшін:

  • Құрылысқа қажетті жер учаскесін алу (бөлу және тіркеу);
  • жобалау және бағалау жұмыстарын жүргізу;
  • инфрақұрылымдық жұмыстар мен объектілерді салу және пайдалануға беру;     
  • орталықтар инфрақұрылымын басқару және тестілік режимде іске қосу сияқты шаралардың тұтас кешенін толығымен жүзеге асыру жүктелді.

Яғни, жаңа шаһар-хабтардағы қымбат құрылыстарды, тендерлерді кімге беретінін де сол шешпек.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, СЭЫО-лар – трансшекаралық хабтарға айналады.

"Бұл трансшекаралық хабтар желісін дамытудың басты мақсаты –Қазақстан аумағында сауда-экономикалық ынтымақтастық орталықтарын жобалау, салу, олардың инфрақұрылымын дамыту және басқару, сондай-ақ шекарамаңы ынтымақтастығы мен шектес мемлекеттермен ықпалдасу әлеуетін одан әрі дамытуға жәрдемдесу болады. Негізгі міндет – шекара маңындағы аумақтардың экономикалық өсімін ынталандыру, қосымша жұмыс орындарын ашу, қосылған құн тізбектерін өрістету, кәсіпкерлікті, көлік әлеуетін, байланысты инфрақұрылымды құру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болып табылады", – деп түсіндірді ведомство.

Министрліктің байламынша, қазіргі уақытта халықаралық жүк ағындары жүйесінде Қазақстанның әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік және экономикалық дәліздерді мамандандыру толық көлемде жолға қойылмады.

Бұған қоса, ел территориясы арқылы тасқындаған транзиттік жүк ағындарын толыққанды қалыптастыруды қамтамасыз ету үшін сервистік қызметтер деңгейін және көлік жолдарының сапасын халықаралық стандарттарға сәйкес арттыру талап етіледі.

Осы міндеттерді шешу үшін қазіргі уақытта министрлік халықаралық дәліздерде шекара маңындағы хабтарды дамытудың 4 ірі жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Біріншісі – қазақ-өзбек шекарасындағы "Орталық Азия" СЭЫО. Оның жай-жапсарын inbusiness.kz жазды. Бұл қала-хаб 47 миллион тұтынушысы бар орталықазиялық нарықты игеруге ықпал етуге тиіс. Дегенмен басты нысаналы нарық ретінде 6 миллион адам тұратын Ташкент облысы таңдалды. Министр Серік Жұманғариннің командасы бұл халықаралық СЭЫО "өңірдегі жүк ағындарын шоғырландырудың, өңдеудің және дистрибуциялаудың, сондай-ақ дамып келе жатқан "Солтүстік–Оңтүстік" Орталық Азия экономикалық дәлізі аясындағы өндірістік кооперацияның аса ірі орталығына айналатынына" сенімді.

Екінші хаб – "Алатау" қазақ-қырғыз бірлескен индустриялық сауда-логистикалық кешені (ИСЛК) болады. Оның әлеуетті нарығы шағын: Қырғызстандағы 6,4 миллион тұрғын. Бірақ ол Орталық Азияға, ішінара Еуразиялық одаққа бағдарланады.

"ИСЛК агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сақтауға және қайта өңдеуге, кейіннен ЕАЭО халықаралық тауар өткізу желілері жүйесіне интеграцияланатын жеңіл өнеркәсіп секторындағы өнеркәсіптік кооперацияға маманданады. 2021 жылғы 20 тамызда Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы "Алатау" индустриялық сауда-логистикалық кешенінің тұжырымдамасына қол қойылды", – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Үшінші хаб – Батыс Қазақстан облысының аумағында дамытылатын "Еуразия" сауда-индустриялық орталығы. Оның әлеуетті нарығы Шығыс Еуропа елдері болады. Ал нысаналы нарығы Ресейдің 30 миллион адам тұрып жатқан шекаралас өңірлері болады.

"Бұл "Еуразия" хабы Еуразиялық одақтың аса ірі өңірлік нарықтарына – РФ Орталық федералдық округіне, РФ Еділ федералдық округіне, РФ Орал федералдық округіне, сондай-ақ Шығыс Еуропа елдеріне географиялық тұрғыдан барынша жақын орналасады. Оның тұжырымдамасы халықаралық автомагистральдар бойындағы ерекше экономикалық аймақ режимі бар кешенді индустриялық-логистикалық кешенді қалыптастыруды көздейді", – делінген министрлік мәліметінде.

Төртінші хаб – қазіргі кезде бар және ол "Қорғас торабы" деп аталмақ. Жоба аясында Қазақстан Қытаймен бірге "Қорғас" шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын және "Қорғас–Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймақты дамытудың жаңа бірлескен стратегиясы жүзеге асырылады. Сауда, өнеркәсіп секторын белсенді дамытуға ниетте.

Ең әрі дегенде қамтитын әлеуетті нарығы 1,5 миллиардтан астам адам тұратын ҚХР. Бірақ оған тісі батпаса, нысаналы нарығы – 25 миллион адам өмір сүріп жатқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы болады.

Әрине, Қорғас орталығы бұрыннан бар: 3 жыл карантиннен кейін таяуда, 2023 жылғы 24 сәуірде қайта ашылды. Бірақ Үкімет оның алаңдарын табысты пайдалану және оларды отандық жобалармен молықтыру үшін қолда бар барлық инфрақұрылымдық объектілерді кешенді қолдануды ұсынып отыр. Бұл міндетті орындау үшін "Қорғас торабын" дамытудың бірыңғай стратегиясы талап етіледі.

Министрліктің дерегінше, "Қорғас торабы" – "Нұр Жолы" шекаралық бақылау-өткізу пунктін, "Алтынкөл" теміржол станциясын, "Қорғас-Шығыс қақпасы" АЭА-сын, "Қорғас" СЭЫО АЭА-сын және Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан "Құрғақ порт" теміржол кешенін қамтиды.

Міндеті – инфрақұрылымдық объектілер кешенін салып, жетілдіріп, шың еліндегі 300 миллион адамдық нарыққа қол жеткізу болады. Осы инфрақұрылымдық объектілерді толыққанды және кешенді қолдану экспорт, транзит көлемдерін өсіруге және өндірістік кооперацияны дамытуға мүмкіндік беруге тиіс. Егер Үкіметтің ауқымды жоспарлары толыққанды жүзеге асса, онда Қорғас жақта шағын қала емес, тұтас мегаполис өркен жаюы мүмкін.

Бұдан бөлек, республикада теңіз атауын иеленетін жаңа хаб дамытылады. Трансконтиненталдық жүк тасымалдарын өрістету үшін қолданыстағы Құрық мультимодальды паром кешені ауданында "Каспий" халықаралық сауда-логистикалық орталығы ашылады. Оның негізгі міндеті – "Шығыс–Батыс" бағытында транзиттің перспективті өсуіне қызмет көрсету болады. Бұл хабтың базасында өңіраралық және халықаралық сауда кластерлерін кешенді дамыту, үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес логистикалық қызметтер көрсету, әртүрлі өңірлік өнімдер өндірісінің кластерлерін қалыптастыру ұсынылады. Бұл Қазақстанға халықаралық деңгейде орнықты кооперациялық байланыстар қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

Жаңа орталықтарға әкімдер емес, басқару компаниялары басшылық ететін болады. Олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін бұл компаниялар Астана қаржы орталығында тіркеледі.

Жалпы, ел Үкіметі аталған қала-хаб-орталықтар аясында жаңа бірлескен өндіріс орындарын құрып, сол арқылы импорталмастыруды жүзеге асыруды мақсат тұтып отыр.

Бұл үшін Үкімет арнайы жалдаған эксперттер мысалы, Қазақстан мен Өзбекстандағы тауар импортына талдау жүргізіпті. Қорытындысында көрші екі елдің шетелден көп таситын тауар позициялары анықталды, олардың жалпы импорт көлеміндегі үлесі де ең көп екен. Мысалы:

  • Дәрілік заттарды екі ел – 1,5 миллиард долларға;
  • Басқа дистилляттар мен өнімдерді – 926 миллион долларға;
  • Көлік құралдарын – 811 миллион долларға;
  • Автомобилдердің бөлшектері мен керек-жарақтарын – 463 миллион долларға;
  • Дауысты қабылдауға, өзгертуге және беруге немесе қалпына келтіруге арналған машиналарды – 426 миллион долларға;
  • Қатты күйдегі қантты – 317 миллион долларға тасиды.

Осылайша, орталықтар бірлескен экспортқа бағытталған өндірістерді дамытатын, импортты алмастыратын алаң бола алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу