Қазақстан "тероборона" құруға қызу кіріседі

5143

Украина соғысында, ел қорғауда мұндай құрылымдар тиімділігін көрсетті. 

Қазақстан "тероборона" құруға қызу кіріседі Фото: gov.kz

"Өз Отаныма, төл шаңырағыма қорған боламын!" – Қазақстаның аумақтық қорғаныс күштерінің ұраны осы бола алар еді. Өзге елдерде де ұран осыған ұқсас.

"Тероборона" Украина соғысында қандай рөл атқарды?

Былтырғы 24 ақпанда Ресей әскері алты бағыттан қаптап, Украинаға лап қойғанда, Украина армиясы негізінен алдын ала белгіленген бекіністерге ығысты. Ал әрбір елді мекенді, әрбір қаланы қорғау негізінен "тероборона" терминімен белгілі әскери құрылымдарға жүктелді.

2014 жылы Ресей Қырымды басып алып, Донецк және Луганск облыстарында квазимемлекеттік республикаларын құрып алғанда Украина төл Қарулы күштері құрамында Аумақтық қорғаныс күштерін (Сили територіальної оборони Збройних сил України) құруға кірісті. Оның ұраны: "Өз үйімізді қорғаймыз, Украинаны қорғаймыз!" болды.

Бұл ретте АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Германия, Италия, Польша, Франция, Швейцария, Израиль сияқты елдердің озық тәжірибесі үлгі етілді. Мысалы, Швейцарияда денсаулығы жарамды барлық ер-азамат ел басына күн туғанда, қолына қару алып, өзі тұратын елді мекенді демі үзілгенше қорғауға міндетті. Тиісінше, әрбір азамат төл қаруын өз үйінде сақтайды, оны өзі күтіп, баптауға міндетті. Тек оқтар, оқ-дәрілер арнайы қоймаларда, полиция учаскелерінде ұсталады.

Дегенмен, дүниежүзінде Украинаның "тероборонасы" ғана нағыз соғыс жағдайында өзінің өте тегеурінді, тиімді күш екенін көрсете алды. Осының арқасында Украинаға бар қаһарын төккенімен, әлемдік рейтингтерде "№2 армия" саналған Ресей былтыр Херсон қаласынан басқа бірде бір облыс орталығын басып ала алмады. Оның өзінде 2022 жылғы 9 қарашада Херсонды тастап шығуға мәжбүр болды.

Фото: rutvit.com

Украинаның аумақтық қорғаныс күштері 25 бригададан тұрады: әрбір өңірге бір бригададан. Олар 150-ден астам батальонды біріктіреді: әрбір ауданға бір батальоннан. Сарапшылардың мәліметінше, бұл ел аумақтық қорғаныс күштерін (АҚК) шындап тек 2022 жылдың басында, яғни дәл кең ауқымды шапқыншылық қарсаңында қалыптастыра бастапты. Содан 25 ақпан күні әрбір қаладағы АҚК штабтарының жанында өз мекенін қорғауды қалаған азаматтар ұзынсонар кезек түзді.

Олардың арасында Киев университетінің тарих профессоры, 54 жасар Виталий Андреев 29 жасар ұлы Богданмен бірге болған.

"Кезекте халықтың түрлі санатының, әралуан қабатының өкілдері тұрды. Арасында актер-каскадер, атом станциясының инженері, супермаркеттің күзетшісі, шетелде жұмыс істейтін, елге оралған мигранттарымыз және басқалары болды. Мен өз көзіме өзім сене алмадым. Олардың басым көпшілігі ешқашан әскерде болмаған екен. Бірақ бәрі туған қаласын қорғауға ынтықты. Мұрты енді ғана тебіндеген 20 жасар жігіттен 70 жастан асқан қарияға дейін болды. Барлығы да қасық қаны қалғанша шайқасуға даярлық танытты. Бізге сол күні қару таратты. Соңырақ шлемдер мен бронежилеттер үлестірді. Бізге нақты бір объектілерді қорғау және армия шебін бұзып, ішке еніп кеткен ресейдік диверсиялық-барлау топтарына қарсы тұру міндеті жүктелді", – деп еске алды Киев азат етілгеннен кейін В.Андреев Deutsche Welle арнасына сұхбатында. 

"Вернись живым!" қоғамдық ұйымының сараптамалық бөлімінің басшысы Антон Муравейник аумақтық қорғаныс жауынгерлерін "әмбебап солдат" деп атады. Оның түсіндіруінше, тиісті заңнаманың уақытында түзілуі арқасында АҚК құрамына Отан үшін жанын қиюға даяр адамдардың қажетті көлемін тез жинап, топтарға бөліп, жылдам қаруландыру мүмкін болды. Нәтижесінде, соғыстың алғашқы күндерінде бірқатар батальондардың штабы 400 пайызға толыпты. Содан мықты резерв түзіліп, тіпті құлшынып келгендердің өзін алуды доғарған.

"Бұл украиналықтардың патриоттық рухын паш етті. Өкініштісі сол, бұл жүйені екі-үш жыл бұрын құрмаудың кесірінен, еріктілерді майдан барысында жаттықтырып, ұрыс жүргізуге дайындауға тура келді. Аумақтық қорғаныс күштері армия сұрапыл соққының астында қалған соғыстың алғашқы айларында шешуші рөл ойнады. Біздің осы универсалды солдаттарымыз жаумен шайқасты, дұшпан жайратқан ғимараттардың үйіндісі астынан адамдарды құрқаруға жұмылды, полицияға ішкі тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға, қарсыластың тыңшыларын ұстауға көмектесті", – деді Антон Муравейник.

Украина АҚК – азаматтық қарсыласу қозғалысымен, партизандық қозғалыспен бірге Украинаның Ұлттық қарсыласу (Национальное сопротивление) күштерінің құрамдас бөлшегі саналады.

Қазақстанның аумақтық қорғанысы айтуға ұят күйде...

Жалпы, аумақтық қорғаныс қазақ халқына жат емес: бұл ата-бабамыз байырғы замандардан қолданған, жете дамытқан тетік. Ел шетіне жау жапқанда әр ауыл, ру мен жүз төл батырларына бастатқызып, кілең сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран жігіттерін қазақтың қалың қолына қосатын болған. Ал өзге азаматтарға, соның ішінде бозбалалар мен егде жастағылар, тіпті әскери өнерді меңгерген әйелдер өз ауылын қорғау жұмылдырылған. Әрбір қазақ шаңырағында бес қаруы төрде ілініп тұрған. Тек бертінде қызыл империя қазақтар өзіне қарсы көтеріле бермеуі үшін отбасыда қару ұстауға қатаң тыйым салды, бұл талапқа бағынбағандарды аяусыз қудалады.  

Енді тәуелсіз Қазақстан осы тұрғыда әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің озық үлгілері негізінде төл "тероборонасын" құру ісін қолға алуда. Бірақ бұл жерде шешімін таппаған, түйіні шиеленіскен түйткілдер көп.  EGOV платформасындағы "Ашық НҚА" "Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасына және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатында айтылған

  • Аумақтық қорғаныс саласындағы қоғамдық қатынастар реттелмеген;
  • Осы саладағы заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері бекітілмеген;
  • Күш құрылымдарының азаматтық қоғаммен АҚК-ін қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылы күшейтуді қажет етеді;
  • Қолданыстағы нормативтік-құқықтық база, ведомстволық актілер аумақтық қорғаныстың құқықтық жүйесін жеткілікті реттемейді;
  • Ел өңірлерінде АҚК құрылымын жетілдіру бойынша әдістеме жоқ;
  • Мемлекеттік жергілікті басқару және өзін-өзі басқару деңгейлері арасындағы жауапкершілік аймағы нақты емес, бұлыңғыр. Салдарынан, аумақтық қорғаныс іс-шараларын жоспарлау мен орындауға нақты кім жауап беретіні белгісіз.

Фото: inbusiness.kz  

"Қазақстанда аумақтық қорғаныс туралы жеке заңның жоқтығы кесірінен осы жүйе қатысушылары арасында аумақтық қорғаныстың функцияларына, мәселелеріне қатысты ортақ көзқарас жоқ. Тиісінше, қимылдар да бытыраңқы. Аумақтық қорғаныс күштері елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ жүйесіне интеграцияланып, оның аумақтық қорғанысты ұйымдастырудағы міндеттері анықталуы, оған Қазақстан азаматтарының үлкен бөлігі тартылуы қажет. Алайда ел халқы бұл тұрғыда нашар ақпараттандырылған, тиісінше аумақтық қорғаныс мәселелерінде дұрыс бағдарлана алмайды", –  деп EGOV платформасындағы "Ашық НҚА" "Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасына және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатында көрсетілген.

Сондықтан ведомство "Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы" заңының жобасын және оған ілеспе заң жобасын әзірлеп жатыр.

Негізі, Қазақстанда да аумақтық қорғанысты ұйымдастыру бұрыннан қарастырылған. Бірақ ол қағаз жүзінде қалды. Өйткені оны қаржыландыру әкімдіктерге тапсырылған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өңірлерде қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан АҚК бригадалары мен бөлімшелерінің инфрақұрылымы, казармалық қоры, көлік паркі, қойма аймақтары жоққа тән және оны құрып, дамыту мүмкіндігі жоқ көрінеді.

Бұдан бөлек, АҚК мамандарын, нұсқаушыларын даярлауға арналған оқу орталықтары, пункттер де жоқ. Бұл өз кезегінде "тероборона" бригадаларының жеке құрамы үшін практикалық сабақтарды сапалы өткізуге мүмкіндік бермейді.

Өз қорғанысынан қаржы аяған ел...

Сорақысы сол, аумақтық қорғанысты ұйымдастыруға 2022 жылы жергілікті бюджеттерден жалпы сомасы 384 млн теңге ғана бөлінген. Тіпті шекаралық облыстарда да бұл қорғанысқа мән берілмей келген.

Мысалы, солтүстік өңірлерімізде: Астанада, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында саланы қаржыландыру үлісі – 0,034%-дан аспайды.

Оңтүстік Қазақстанда: Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Түркістан облыстарында қаржыландыру – 0,2%. Батыс өңірлерімізде: Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында – 0,085%. Шығыс Қазақстанда: Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында – 0,032%.

Мұндай тиын-тебен әрине, аумақтық қорғанысты лайықты қамтамасыз етуге мүлдем жеткіліксіз.

Аумақтық қорғаныс бригадаларында контрактімен жұмыс істейтін әскерилер де өте аз жалақы алады: айлығы – 80 мыңнан басталып, 120 мың теңгемен шектеледі екен.

Өңірлердегі аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің инфрақұрылымы да еш сын көтермейді. 2023 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда АҚК саласында небары 18 объекті ғана бар. Олар 2023 жылғы жағдай бойынша оқу метериалдық-техникалық базамен 25% ғана қамтылған.

Дайындық деңгейі 12,4%-ды ғана құрайды.  Көліктермен қамтамасыз етілуі – 18,3%. Бригадалардың жеке құрамы – 2 165 адамнан ғана тұрады. Бұл талап етілетін нормативтен де төмен.

Жасыратыны жоқ, өзгенің Жеңіс парадына қатысып, жауға тосқауыл қойдым деп тоқмейілсу аңғалдық, тіпті саяси қате болар еді. Сондықтан қорғаныстың барлық қыры қарқынды жетілдірілуі шарт.

Сол себепті Қорғаныс министрлігі аумақтық қорғанысты өркендету үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізбек. Бірінші бағыт – осы саладағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру. Оның аясында жоғарыда аталған аумақтық қорғаныс туралы жеке заңдар қабылдануы қажет. Сол заңдар негізінде жаңа нормативтік актілері қабылданады. Қазақстанның аумақтық қорғанысының қызметін регламенттейтін ведомстволық құқықтық құжаттарға өзгерістер, толықтырулар енгізілуге тиіс.

Екінші бағытта – Қазақстанның төл "тероборонасы", АҚК жүйесі құрылады. Осы мақсатта "ҚР аумақтық қорғанысы туралы" жаңа заңында осы жүйенің компоненттерін, элементтерін нақтылау ұсынылады. Сонда әрбір құрылым бейбіт заманда және соғыс жағдайында қандай іс-шараларды орындайтыны нақты белгілі болады. Атап айтқанда, әскери органдардың, орталық, жергілікті атқарушы органдардың орны, рөлі, функциялары, құзыреттері мен міндеттері айқындалады.

Үшінші бағыт – аумақтық қорғаныс қажеттінің бәрімен қамтамасыз етілуге тиіс. Осы бағыт аясында экономиканы соғыс уақытындағы немесе әскери жағдайдағы жұмыс режиміне ауыстыру шаралары қарастырылмақ. Аумақтық қорғаныс күштерінің қаржылық, материалдық-техникалық және өзге ресурстарға қажеттіліктері кепілді қанағаттандырылады.

Фото: inbusiness.kz 

"Тероборонаға" кірген азаматтарға әскери қызметші мәртебесі берілуі, олардың өзі мен отбасы мүшелері әскерилерге қарастырылған төлемдер және жеңілдіктер ала алуы, әлеуметтік қамсыздандырылуы шарт.

Төртінші бағыт – аумақтық қорғанысты ғылыми қамтамасыз етуді, кадрларды даярлауды және біліктілігін арттыруды көздейді. Бесінші бағыт аясында – аумақтық әскерлерді ұйымдастыру мен жарақтандыру ісі жетілдіріледі.

2028 жылға дейін өңірлерде "тероборонаны" инфрақұрылыммен, объектілермен қамтуды 100%-ға жеткізу, оларды жеке құраммен жасақтау деңгейін 92,9%-ға жеткізу жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу