Қазақстан Түркия мен Қытайды өз шикізатынан айыруға бекінді

4520

Ел Үкіметі экономиканы кластерлік дамуға көшіріп жатыр.

Қазақстан Түркия мен Қытайды өз шикізатынан айыруға бекінді Фото: canva.com

Қазақстанның тағы бір салада Өзбекстаннан көп артта қалып қойғаны белгілі болды.

Бұл туралы Мәжілістің бір топ депутатының Үкіметке хатында айтылған. Республиканың экспорты сол бұрынғыдай, кеңес заманындағыдай шикізатқа тәуелді болып қалуда. Мәжілісмендердің дерегінше, мысалы, республикада "боксит – глинозем – алюминий" тізбегі бойынша глиноземнің үштен екісі шикізат күйінде шетелге экспортталады.

Қалған үштен бірінен 250 мың тоннадан бар-жоғы бастапқы алюминий өндіріледі. Сонда тек 20%-ы дайын өнімге дейін өңделеді. Оның өзінде сымдар, кабельдер, жылыту радиаторлары сияқты санаулы бұйым шығарылады.

Депутаттар 10 жылдан астам уақыт бойы ERG компаниясы барлық глиноземді алюминийге айналдыруға уәде бергенін, бірақ уәдесінен тайып, ештеңе өзгермегенін алға тартты.

Мәжілісмендердің айтуынша, мыс бойынша жағдай одан да жаман екен. 2023 жылы Қазақстанда 720 мың тонна мыс өндірілді. Бұл ретте еліміз катодты мыс пен жартылай фабрикаттарды Қытайға, Түркияға экспорттайды да, олардан катодты мысымыздан жасалған дайын өнімдерді – кабельдер, мыс сымдар, электротехникалық өнімдер және өзгесі түрінде қымбатқа кері сатады.

Осылайша, шет мемлекеттер қазақстандық шикізатты және бастапқы өнімдерді ары қарай өңдеп, түпкі өнім жасап, дайын өнімнен миллиардтаған доллармен есептелетін үлкен қосымша құн алып отыр.

Бізге бұл тұрғыда көрші өзбек елі үлгі бола алады. Өзбекстан өз жерінен жылына 290 мың тонна катодты мыс өндіреді. Бірақ ол мысты тек d-8мм кабель немесе созба-сым сияқты дайын өнім түрінде сыртқа экспорттауға ғана рұқсат етеді. Шикізат күйінде әкетуге рұқсат жоқ.

"Осының арқасында Өзбекстан 3 мыңнан астам кабельдік және басқа дайын өнімдерді шығарады! Түркия Қазақстаннан катодты мысты көп көлемде сатып алып, одан көптеген бұйым жасап, басқа елдерге миллиардтаған долларға сымдарды, профильдерді және мыс фольганы экспорттайды. Ал, әлемдік экономика құрылымындағы түбірлі технологиялық өзгерістерге байланысты жаһандық нарықтарда мыс сым, кабель сияқты көптеген дайын мыс өнімдеріне қажеттілік артып келеді. Одан Қазақстан қалыс қалды", – деді мәжілісмендер.  

Отандық алпауыт глиноземді ел ішінде толық қайта өңдеуге қатысты уәдесін орындамай келеді деген депутаттардың айыбы бойынша Үкіметтің жауабы келесідей.

2019 жылы сол кездегі "Еуразиялық топ" ЖШС (қазіргі ERG) электролиз зауытын салу жобасын ұсынған. Алайда техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу сатысында зауыттың табыстылық-рентабельділігі төмен болады деген сылтаумен алпауыт сол жобаны "уақытша тоқтатып" тастапты.

"Постпандемиялық кезеңде алюминийдің биржалық бағасының қалыпқа келіп, өсуіне және сұраныстың артуына байланысты ERG жобаны қайта қарастырып жатыр. Электролиз зауытының екінші кезегін салу жөніндегі шешім алюминий шикізатының жаңа қорларын іздеу, сондай-ақ көміртегі шығарындыларын трансшекаралық өтеу тетігінің (СВАМ) қазақстандық алюминийдің бәсекеге қабілеттілігіне әсерін зерделеу қорытындылары бойынша қабылданатын болады. Бокситтің қорын өндіру 15 жылдан аспайтынын, сарқылатынын ескере отырып, ERG глинозем өндірісін шикізатпен қамту мақсатында Тауынсор боксит кен орындарына қосымша барлау мен бағалау жүргізіп жатыр", – деп хабарлады Мәжіліс депутаттарына жауап хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Ол бұдан былай бұл құнды қазбаларды Түркия мен Қытайға шикізат күйінде тасымалдау шектеліп, оларды өз елімізде өңдеуге ден қойылатынын білдірді. 2023 жылдың қорытындысында 1,97 миллион тонна мыс концентраты мен 872 мың тонна глинозем өңделмеген күйінде экспортқа шығарылды.

"Мыс кенін тазартылған мысқа дейін өңдеу мақсатында қосымша өндірістік қуаты 600 мың тонна болатын екі инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның біріншісі аясында KAZ Minerals тобы қытайлық China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction компаниясымен бірлесіп, жаңа мыс балқыту зауытын салуға кірісті. Екінші жоба – "Kazakhmys Holding" ЖШС-нің Балқаш мыс балқыту зауытын жаңғырту жобасы. Соның арқасында зауыттың қайта өңдеу қуаты артады", – деді Олжас Бектенов.

Премьер бүгінгі күні елімізде мыс пен алюминийден профильдер, цилиндрлік құймалар, кәбілді-өткізгіш өнімдер, дөңгелек және жазық илем, лигатура, күштік трансформаторларды орауға арналған сымдар өндірілетінін термеледі.

Президенттің тапсырмасымен, қазіргі кезде ел Үкіметі экономиканы кластерлік дамуға көшіріп жатыр. Оған сәйкес, өндірілген әрбір шикізат әрбір кластер бойынша ел ішінде өңделіп, одан дайын өнімдер шығарылуға тиіс.

Бұл жерде "Өнеркәсіптік саясат туралы" қолданыстағы заң бойынша кен өндірушілер өнімді бірінші кезекте отандық зауыт-кәсіпорындарға жеткізуге міндетті. Сонымен бірге өндіруші отандық өңдеушіге шикізатты Лондон металдар биржасының бағасынан 5% жеңілдікпен ұсынуы шарт.

Бұл тетік Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өндіруші және өңдеуші арасындағы қайта өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі үшжақты келісім жасасу арқылы іске асырылады. Тетік 2021 жылы іске қосылғалы, алюминий мен мысты жеткізу бойынша 25 келісімге қол қойылды.

"Соның нәтижесінде 2023 жылы алюминийді ішкі өңдеу көлемі 50,7 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық! Ал, мыс шикізатын өндірушілер бұл жұмысқа 2023 жылы ғана кірісті. Бұл 2023 жылы елде 9,5 мың тонна катодты мысты қайта өңдеуге мүмкіндік берді. Салыстыратын болсақ, 2022 жылы 7,6 мың тонна мыс қайта өңделген еді. Төмендетілген баға бойынша шикізатпен қамтамасыз ету шеңберінде KAZ Minerals пен "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС тобы "Үлбі металлургия зауыты" АҚ, "ЗОЦМ" АҚ, "Қазэлектромаш ЖШС" сияқты катанка, кәбілді-өткізгіш, илем өнімдерін, лигатура өндіретін 18 кәсіпорынға мыс жеткізеді", – деп хабарлады Үкімет басшысы.

Осыған ұқсас жеткізілім алюминий саласында да іске асырылуда: катанка, кәбілді-өткізгіш өнімдер, профильдер шығаратын 7 кәсіпорын: "Қазэнергокабель" АҚ, "Талдықорғанкабель" АҚ, "Цветлит" АҚ, "Aluminium of Kazakhstan" ЖШС, "Алюгал" ЖШС, "Профиль металс ЛТД" ЖШС, "Gold Aluminium" ЖШС арзандатылған шикізат алады.

Орта мерзімді перспективада Қазақстанда жергілікті мыс пен алюминийден жасалған өнімдер, соның ішінде жылыту радиаторлары, ұнтақтар, құймалар, жез бұйымдарын өндіру бойынша жаңа 13 инвестициялық жобаның іске қосылуы жоспарланған.

Осылайша, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу, жұмыс істеп тұрған өндірістік кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайту есебінен алюминий мен мыстан жасалған өнімдердің өндірісін 2029 жылға қарай 257 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Оның ішінде алюминий – 166 мың тонна және мыс – 91 мың тонна болады.

Премьер "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекске және "Өнеркәсіптік саясат туралы" заңға заңнамалық түзетулер әзірленгенін мәлім етті.

Оны Парламент құптаса, бұдан былай ірі кәсіпорындар "Елішілік құндылықты дамыту бағдарламасын" міндетті түрде қабылдауға тиіс болады. Сондай-ақ ірі кәсіпорындар мен отандық өндірушілер арасында офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттарды жасасуға заңмен міндеттеу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, жаңа заң жобасында келісімшарттар бекітетін тапсырыс беруші кәсіпорындардың тізімін кеңейту ұсынылады. Егер бұрын заң нормалары тек жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының шарттар жасасуын көздесе, енді тапсырыс берушілердің тізбесіне жүйе құраушы кәсіпорындар мен табиғи монополиялар субъектілері де енгізілмек.

Бұл, О.Бектеновтың айтуынша, мыс пен алюминийден жасалған бұйымдар сияқты өнімдерді ұлғайтуға, отандық кәсіпорындарды ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, жаңа Салық кодексіндегі өндірілетін өнімнің қайта жасалуына байланысты отандық тауар өндірушілер үшін корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесі туралы норма –ынталандырудың жаңа шарасының бірі болады. Осы және басқа өзгерістер жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлердің құрылуына серпін беруге тиіс.

Сарапшылардың пайымдауынша, жаңа өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық саясатты іске асырудың маңызды, пәрменді тетігі – экономикалық кластерлерді құру болуы керек. PhD доктор, экономика ғылымдарының кандидаты Саида Қайдарова "кластерлік даму" ел өңірлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты құралы бола алатынын қаперге салды.

"Қазақстан экономикасының дамуының қазіргі кезеңінде еліміздің әрбір өңірінде салалық кластерлерді қалыптастыру – ең бір оңтайлы модель саналады. Ел экономикасының, соның ішінде әрбір өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру өзектілігін жоймайтын тұрақты міндет болып есептеледі. Мысалы, туризм, тамақ өнеркәсібі, мұнай-газ машиналарын жасау, жеңіл өнеркәсіп, көлік-логистикалық қызметтер, металлургия, құрылыс материалдары, мұнай-химия және басқа да кластерлер құрып, кешенді дамытқан жөн. Бұл іс қолға алынып та жатыр", – деді экономист-ғалым.

Әрбір кластер жоғары технологиялы, экспортқа бағытталған, қосылған құны жоғары мейлінше инновациялық өнім шығаруға бағдарлануы қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу