Қазақстан Үкіметі егін үшін ауқымды күрес бастады

4774

Ресей еліміз сатып алған мыңдаған тонна тұқымды бұғаттап тастады. Отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне девальвация, санкциялар, баға қымбатшылығы, әлемдік инфляция соққы беруде. Егін егу "майданынан" тағы қандай хабар жетті? 

Қазақстан Үкіметі егін үшін ауқымды күрес бастады

Геосаяси дағдарыс аясында Үкімет ауылдың қадіріне жете бастады. АШМ биыл ауыл кәсіпкерлерінің көбін субсидиядан қағуды жоспарлаған. Бұған оны субсидияға қатысты еліміздің 6 облысын жайлаған кең ауқымды коррупциялық дау-жанжал итермеледі. Енді министрлік райынан қайтты әрі жаңа қолдау шараларын қарастыруда.

Ресей-Украина жағдайынан кейін, әлемде де, біздің елде де басымдықтар өзгеруде. Ендігі басты мақсат – елді ашықтырмау, азық-түліктен тарықтырмау. Оның үстіне әлемде және республикамызда бидай, қант, жүгері, күнбағыс майы және басқаларының бағасы шарықтап шыға келді. Ал Президент биылғы жыл басында Смайылов Үкіметінің басты басымдығы ретінде инфляцияны төмендетуді белгілегені мәлім. Қазіргі кезде оны ең құрығанда құрықтап ұстап қалу мұң болып тұр.

Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтен өзін "кризис-менеджер" ретінде көрсету талап етіледі. Министр өңір әкімдерімен, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен қауырт кездесулер өткізуде. Е.Қарашөкеев алмағайып шақта өндірушілерді қолдау үшін бюджеттен субсидиялауға қосымша қаражат бөлу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ оның байламынша, Қазақстан биыл картоп, қарақұмық-гречка секілді әлеуметтік маңызы бар, әсіресе дағдарыс тұсында кең сұранысқа ие дақылдарға бөлінген егістіктер көлемін күрт арттыруы қажет.

Бұған қоса, алдағы көктемгі егіс науқаны кезінде қант қызылшасының мейлінше көп егілуін Үкімет "айрықша бақылауға" алатын болды. Себебі қантқа деген сұраныстың келесі үлкен толқыны елді күзде, тосаптар дайындау маусымында жабады деп болжануда. Оның үстіне қазірдің өзінде отандық бірқатар кондитерлік фабрикалар, түрлі цехтар, аспаздық-кулинариялар қанттан тарыға бастағанын айтып, дабыл қағуда. Ал күйзеліс кезінде адамдардың кәмпит-шоколадтан бастап, тортқа дейін көбірек сатып ала бастайтыны дәлелденген.  

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2022 жылғы егіс алаңдарының болжамды құрылымы қалыптастырылып болды. Жалпы алғанда, Қазақстанда 23,1 миллион гектарға егін салынады. Бұл 2021 жылғыдан 125 мың гектарға көп. Жаңа алаңдар әлгі айтылған, қазір барынша сұранысқа ие маңызды дақылдарға берілмек.

Министр жергілікті әкімдіктер берген дерекке сүйеніп, дән себу жұмыстарына дайындық "жоспар бойынша жүріп жатқанын" мәлімдеді. Бірақ табиғат биліктің жоспарына бағынбайтыны белгілі. "Қазгидромет" көктемнің кеш келетінін хабарлады. Яғни, көктемгі егіс жұмыстары да кейінге шегерілді.

Бұл ретте АШМ босқа отырмай, аяқ астынан туындап жатқан проблемаларды шешуде аграршыларға қызу жәрдемдескені жөн. "Атамекен" палатасының Агрөнеркәсіп кешені және тағам өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеевтің айтуынша, диқандар қиындықтарға тап болды. Біріншіден, импорттық және отандық ауыл шаруашылығы техникасының бағасы қатты қымбаттады әрі ары қарай өсуде. Бұған бір жағынан, теңгенің девальвациясы, екінші жағынан жаһандық инфляция серпін беріпті. Сонымен бірге Ресейге, Беларуське қатысты енгізілген жаңа санкциялар шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларын және олардың құрауыш бөлшектерін жеткізу жолын ұзартып жіберді, тиісінше қоймалау-логистика шығындары да артқан.

"Өңірлердегі барлық аграршылардан техниканың дайындығын қайтадан тексеріп шығуды сұраймын! Қажет болып жатса, қазірден бастап резервтік техниканы әзірлей беруіміз керек. "ҚазАгроҚаржы" компаниясына қаржылық лизинг келісімшарттарын бекіту және техниканы беру ісін тездетуді тапсырамын", – деді Ербол Қарашөкеев.

Қазақстанның сатып алған тұқымын Ресей бермей жатыр

Екіншіден, өсімдікті қорғау құралдарының бағасы халықаралық нарықта астрономиялық шамаларға дейін шарықтады. Осыған орай Қазақстанның ұсынуымен, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 17 наурыздағы отырысында Еуропалық Одақ аумағында өндірілген гербицидтерге қарсы енгізілген демпингке қарсы шараларды уақытша тоқтата тұру мәселесін қарады.

"Біз гербицидтердің тапшылығына жол бермеуге тиіспіз. Оған жол берсек, болашақ астықтың сапасына және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді. Сондықтан одаққа мүше 5 елдегі әріптестерімізге антидемпингтік шараларды 1 жылға тоқтата тұру бастамасымен шықтық", – дейді вице-премьер–Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов. 

Жиында ЕАЭО-ға кіретін барлық ел Қазақстанның ұсынысын бірауыздан қолдады. Бірақ келіссөздер барысында 1 жылдық мерзім 6 айға азайтылған. Одақ тұнған бюрократия: тиісті ақырғы шешім ұлтүстілік орган – Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының алдағы отырысында қабылданбақ. Еуропалық гербицидтерге ЕАЭО Мәскеудің лоббиімен 2018 жылғы 26 мамырда шектеу қойып тастаған. Алайда қазір санкцияларға бола, ресейлік гербицидтер одақтастар түгіл Ресейдің өзіне жетпейін деп тұр (кейбір компоненттерін шетелден таситын). Қазіргі кезде қазақстандық аграршылардың гербицидтерге деген сұранысының шамамен 20%-ын еуропалық өндірушілер өтейді. Еуразиялық одақ кедергісінің уақытша жойылуы сапалы еуропалық өнімдердің үлесін арттыруға түрткі болуы мүмкін.

Үшіншіден, дәл егіс науқаны қарсаңында халықаралық әскери жанжал, санкциялар және ұлттық валюта бағамының құнсыздануы кесірінен тыңайтқыштар да қымбаттап кетті. Сондықтан Қазақстан биыл тыңайтқыштарды субсидиялауға 11,6 миллиард, ал пестицидтерге – 10,2 млрд теңге қосымша қаржы бөлмек. Ал отандық өндірушілер – "ҚазАзот" пен "Қазфосфат" өңірлерге 300 мың тонна өз өнімін жеткізуге міндеттеме алды. Бұрын онысын негізінен шетелге экспорттайтын.

"Барлық аграршылар баға қандай болады деп алаңдауда. Үкімет басшысының қолдауы арқасында "ҚазАзот" аммиак селитрасының 1 тоннасының бағасын 200 мыңнан 160 мың теңгеге дейін арзандатты. Әкімдіктер субсидиялау мәселелері бойынша өз қаулыларын қабылдауды жетелдетулері керек", – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Сонда фермерлерге түскен қаржылық ауыртпалық жеңілдейді.

"Жанар-жағар майға қатысты проблема болмауға тиіс. Биылғы жылы егіс жұмыстарын жүргізуге, яғни ақпаннан маусымға дейінгі аралықта 400 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Бұл 2021 жылғыдан 20 мың тоннаға артық. Солярканың бағасы нарықтағыдан 12–15% арзан. Әкімдіктерге мұнай өңдеу зауыттарынан отынды жөнелту кестелерінің сақталуын қамтамасыз ету, операторларға – уақытында ақысын төлеп, әкету жүктелді. ЖЖМ-нің бүкіл көлемі әрбір фермерге дейін жетуі шарт", – дейді Ербол Есенеев.

Тұқымға қатысты мәселе туындады. Жеткізушілер де, фермерлер де бұрын келісімшарты бекітіліп, Ресейден сатып алынған тұқымдарды көршінің өз аумағынан шығармай тастағанына шағымданады. Мәскеу тек астықты ғана емес, бидай тұқымдарын да елден шығаруға тыйым салды. Қазақстандық АШМ дерегінше, 15 мың тоннадай тұқым Ресейде қалып қойды. Оны өзге елдерден әкелу мәселесі пысықталуда. Қазақстанның өзінде мемлекеттік тұқым резерві бар.

Ауылды қолдау көлемі артады

Үкімет егін салу жұмыстарын несиелендіру үшін "Кең Дала" бағдарламасы бойынша бөлінген 70 млрд теңге және "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" арқылы форвардтық сатып алуға бағытталған 80 млрд теңге сыртында "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы тағы 70 млрд теңге арзан кредит үлестіретін болады.   

Іргедегі геосаяси және экономикалық ахуалдың күрт нашарлауына байланысты Қазақстан өз экономикасын соның теріс салдарларынан қорғау мақсатында субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді 2023 жылға қалдырып отыр. Яғни, 2022 жылы АӨК көз үйренген қолданыстағы ережелер бойынша мемлекеттік қолдау алатын болады.

Сондай-ақ, белгілі болғандай, Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен, "тар жол, тайғақ кешті" шақта отандық агросекторды тоқыратпай, қайта дамыту үшін бүгінде АӨК-ке қосымша қолдау қаржыларын бөлу мәселелері пысықталуда. Ол сәуір айында күтіліп отырған республикалық бюджетті нақтылау аясында жүзеге аспақ. АШМ дерегінше, қосымша қаражат аграршылардың былтырдан қордаланған қарыздарын өтеуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру кезінде пайдаланылатын тауарлар мен материалдық ресурстардың қымбаттауынан келген шығындарды субсидиялауға бағытталмақ.

Бұдан бөлек, Қазақстанда жаңа "субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі" енгізілетін болды. Әйтпесе, бұрынғы жүйелер өзін-өзі ақтамады, сыбайлас жемқорлыққа, бюджет миллиардтарының талан-тараж болуына жол ашты. Жаңа жүйе қазір Ақмола облысы аумағында сынақтан өтуде. АШМ оны бүкіл республика көлемінде 2022 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап іске қосуды жоспарлап отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу