Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті мәліметінше, 2018 жылдың 9 айы қорытындысы бойынша, компьютерлік бағдарламалау және кеңес беру қызметтерінің көлемі 22,7% ұлғайып, 122,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш. 2017 жылы жылдық өсім 9,9% болып, 99,8 млрд теңгеге жеткен еді.
Ал 2013 жылы аталған салада көрсеткілген қызмет көлемі бар болғаны 43,9%-ды құраса, 2014 жылы көрсеткіш күрт көбейіп, 64,6% өсім көрсеткен. Жалпы, 2016 жылғы 2,3%-дық төмендеуді санамағанда саладағы қызмет көлемі жыл санап айтарлықтай өсіп келе жатыр.
Өңірлер бойынша 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Алматы облысы көшбасшы. Оңтүстік астанада көрсетілген қызмет көлемі бір жылда 8% өсіп 56,7 млрд теңгеге жеткен екен. Алматы қаласының саладағы үлесі республика бойынша жалпы көрсеткіштің 46,3%-ын құрайды. Яғни, республика бойынша көрсетілетін қызметтің тең жартысы Алматы қаласына тиесілі болып отыр.
Екінші орында Астана. Елордадағы қызметтің көлемі алдыңғы жылдағыдан бірден 48,5% ұлғайып, 47,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл республика бойынша жалпы көрсеткіштің 39%-ы.
Үшінші орында – Қарағанды облысы. Орталық Қазақстандағы аталған сала бойынша көрсетілген қызмет көлемі 2017 жылдағыдан 10,1% азайып кетіп, 3,9 млрд теңгеге түсіп қалды.
Одан кейінгі орындарда – Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстары – әрқайсысы 2,1 млрд теңгеден, Павлодар облысы – 1,7 млрд теңге, Атырау облысы – 1,4 млрд теңге, Батыс Қазақстан мен Алматы облыстары – 1,1 млрд теңгеден, Шымкент қаласы – 1 млрд теңге, СҚО – 0,9 млрд теңге, Ақтөбе мен Қызылорда облыстары – 0,7 млрд теңгеден, Жамбыс облысы 0,6 млрд теңге және Ақмола облысы 0,4 млрд теңгеге компьютерлік бағдарламалау мен кеңес беру қызметтерін көрсеткен.
Ең төменгі көрсеткіш Түркістан мен Маңғыстау облыстарында. Бұл екі облыста былтырғы жылдың тоғыз айында бар болғаны тиісінше 0,1 және 0,2 млрд теңгенің қызметі көрсетіліпті, деп хабарлайды статистика комитеті.
БҰҰ мәліметінше, ақпараттық-коммуникациялық технологияның дамуы бойынша жаһандық рейтингте Қазақстан 2017 жылы 175 елдің ішінде 52-орын еншілеген екен. "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында үкімет 2022 жылға дейін ақпараттық технология саласында дамыған 30 елдің, 2025 жылға қарай – 25 елдің, ал 2050 жылға қарай 15 елдің қатарына кіруді көздеп отыр.
Осы орайда ҚР ақпарат және коммуникация министрлігі 2018 жылы ақпаратты технология саласына, соның ішінде электронды үкімет, ақпаратты-технологиялық инфрақұрылым мен ақпараттық қаупісіздікті дамытуға 62,6 млрд теңге, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге 46,6 млрд теңге, өзге де шығындарға 9 млрд теңге, ұзынсаны 118 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсады. Бұл өткен жылғыдан 0,9% артық көрінеді. Соның ішінде 100 млн теңгенің игерілмей қалғанын да айта кету керек.
2018 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 58,3 млрд теңгелік экономикалық эффект болады деп күтілуде.
Бауыржан Мұқан