Қазақстан жалған ақша жасаудан рекорд жасады

3853

Қылмыскерлер неге қатаң жазаланбайды? 

Қазақстан жалған ақша жасаудан рекорд жасады

Ұзаққа созылған дағдарыс пен пандемия кезеңінде бірқатар азамат табыс табудың заңсыз жолдарына белсенді кіріскен. Құзырлы органдар биыл жалған ақша жасау бұрын болмаған деңгейге жеткенін анықтады.

Мәселен, таяуда, 17 қарашада Қазақстан тарихындағы аса ірі фальш-доллар қолға түскені мәлім болды. Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері қолдан жасалған 900 мыңға жуық долларды өткізбек болған Алматы тұрғынын ұстады. Атап өтер жайт, ведомствоның дерегінше, бұл адам бұған дейін де бірнеше рет жалған доллар сатумен айналысты деген күдікке ілігіпті. Бұл жолы ол қылмысы үстінде құрықталды. Жалған валютаның ірі партиясы түрінде бұлтартпас айғақзат та бар.  

"Алматы қаласының тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ол 100 долларлық номиналды, жалпы сомасы 293 мың 200 доллар болатын жалған шетелдік валютаның 2 мың 932 бірлігін өткізбек болды. Бұған қоса, ұйымдастырылған тінту барысында ұсталғанның үйінен тағы 600 мың жалған доллар табылды. Ол мұны да өткізуге ниеттенген", – деп хабарлады департамент.

Жай көзбен бұл фейк-валютаны шынайыдан айыру күрделі екен. Күдікті қазір қамауда отыр. Айыбы сотта дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 231-бабы бойынша бар дүние-мүлкі тәркіленіп, 5-тен 10 жылға дейін сотталып кетуі ықтимал.

Нәтижесінде, тек бір рейд кезінде 893 мың 200 доллар немесе ұлттық валютаға шаққанда, 383 млн теңгеден астам жалған ақша әшкереленді. Әшкереленбей жүргені қанша.

Мысалы, бұдан бұрын Орал қаласында ерлі-зайыптылар шаш бояуға арналған лак пен қарапайым фенді пайдалана отырып, ақша басып шығарумен айналысқан. Банкноттарды түрлі-түсті принтерде басқан. Қалған белгілерін лакпен салған. Олар жалған ұлттық валютаны теңгемен етене таныс емес шетелдіктерге де ұсынған. Сондай-ақ 20 мың теңгелік ірі купюраларды дүкендерде және базарда ұсатып алып отырған. Тергеу кезінде олардың 25 рет жасанды ақшаны өткізіп үлгергені белгілі болды. Оған смартфондар, азық-түлік сатып алған.

Олар өткізген жалған купюра нарықтан тәркіленді. Оралдың №2 қалалық соты ерлі-зайыптыны және оның бір сыбайласын айыпты деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Мұндай оқиға көп. Алматы облысының тұрғыны Тамерлан Сәлменов жалған ақша жасаушылардың бірін өзі ұстап алыпты. Алайда оларға жаза қолданылмаған көрінеді.

"Жалған ақша жасаушыларды өзім ұстадым, әйтсе де, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалата алар емеспін. Олар менен смартфон сатып алып, ақысын 900 жалған доллармен төледі. Алданғанымды тек ертесіне ғана білдім. Содан биылғы 3 желтоқсаннан бері "қашан қылмыстық іс қозғайды" деп күтіп жүрмін. Полиция "бұл солардың жұмысы" деп, Экономикалық тергеу департаментіне жолдады, ондағылар прокуратураға бағыттады. Мен енді қайда жүгінерімді білмеймін. Бұл қылмыскерлер сондай-ақ басқа қылмыстық істер бойынша күдікті ретінде өтуде екен. Бірақ соған уайымдамайды: "ағамыз тиісті жеріне үлкен ақша төледі, бостандықты сатып әперді" деп айтты маған. Қаншалықты рас екенін білмеймін, дегенмен, оларды қамаудан босатып жіберді. Құзырлы органдар оларға қатысты қылмыстық іс ашпай, созбалаңға салуда", – дейді Т.Сәлменов.

Ол осы жалған валюта жасаушылардан басқа да зардап шеккендер барлығын жеткізді.

"Біздің бәріміз бұлардың босап шыққанына айран-асыр болдық. Мұндай қылмыскерлерді тіпті дамыған елдерде де қатаң жазалайды. Өйткені ақшаны қолдан жасау – мемлекетке қарсы қылмыс қой", – дейді шағымданушы.

Жасанды валюта өндірісі – табыстылығы жөнінен есірткі бизнесімен бәсекелесе алатын аса қауіпті көлеңкелі бизнес. Бұл сала жыл өткен сайын ілгерілеп барады. Мысалы, доллар бүгінде арнайы полиграфиялық жабдықпен жасалады. Оның көбін шын доллардан әдетте банкте, тек мамандандырылған техника көмегімен ғана айыруға болады.  

Оның үстіне қылмыскерлер пәтер, машина немесе әлдебір қымбат зат сатып алғанда, фальш-валютаны нағыз валютаға араластырып жібереді: егер сома үлкен болса, әрбір банкнотты ешкім де жеке тексеріп отыра алмайды. Сондықтан мамандар үй не көлік сатқанда, валюта тексеретін құрылғысы бар нотариустің қызметіне жүгінуге кеңес береді. Ондай табылмаса, қол қойылған құжатты нотариус көзінше сатып алушының қолына тапсырмас бұрын үзіліс жасап, онымен бірге банкке барып, ақшаны есепшотқа салғызуды ұсынады. 

2020 жылы Қазақстанда жалған шетелдік валютаны жасау қылмысы өршіді. Әсіресе, жасанды 500 еуро, 100 және 50 доллар, 10 000, 5 000 және 2 000 теңге көп әшкереленген. Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан, Ресей және Грузия азаматтарынан құралған қылмыскерлер тобы ұсталды. Олар жоғары сапалы валюта жасап, елімізге таратумен шұғылданған. Петропавл соты трансұлттық қылмыстық топтың жетекшісін – Ресей азаматын 5 жылға темір тордың ар жағына жіберді. Кейін еліне аласталады және Қазақстанға оралуына 5 жыл тыйым салынады. Топтың өзге мүшелері 5 жылға шартты түрде ғана бас бостандығынан айырылды. 

Жыл сайын Қазақстанда 2,5 мың бірліктен астам жалған ақша тәркіленеді. Биылғы жыл қорытындысында бұл көрсеткіш әлдеқайда көп болғалы тұр. 

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу