Сондай-ақ, былтыр жерасты суларының мониторингіне 765 млн теңге бөлінгені белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жалпы, 11 ай аралығында жер қойнауын геологиялық барлауға 55 лицензия берілген. Мұндай статистикалық мәліметті Геология комитеті хабарлап отыр. Яғни, 55 лицензияның 16-сы – геологиялық түсіру, 5-еуі – геофизикалық жұмыстар, 34-і – жерасты сулары бойынша.
2026 жылға таман аймақтық геологиялық барлау жүргізу зерттелетін аумақ 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайтылмақ. Ал 2024 жылы жалпы барланған аумақ көлемі – 104 мың шаршы шақырым.
Комитет 11 учаскеде сирек жер металдарын анықтау бойынша іздестіру жұмыстары аяқталғанын айтады. Мысалы, Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесінің перспективалары ерекше аталады. Учаскенің алдын ала қоры өнеркәсіпті игеруге қажетті шамамен 800 мың тонна шикізатты құрайды. Ал болжамды ресурстарының 935 мың тоннасы – сирек жер металдары, оның ішінде церий мен лантанидтер.
Сонымен қатар, Қостанай облысында "Ақбұлақ" учаскесінде жұмыс жүргізіліп, 3 алтын және мыс учаскесі белгілі болған.
Әлеуетті жер қойнауын пайдаланушылардың (Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары) қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында нәтиже e.geology.kz электронды веб-сайтында жарияланады.
Негізінен, жерасты суларының мониторингіне 2024 жылы 765 млн теңге бөлінген. Мақсат – 4004 мониторинг пунктіндегі жерасты суларының және қауіпті геологиялық процестердің жай-күйінің сандық, сапалық көрсеткіштерін алу.